ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша кеңес отырысында: «Республика халқының 70% – қазақ тілді азаматтар. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз. Екіншіден, жаза білуіміз керек. Сот жүйесіне қойылған ең бірінші міндет – сотқа деген сенім. Ал, сенім қай кезде болады? Егер әр шешім мен үкім заңды және негізді болса. Онымен танысқаннан кейін судьяның неге сондай шешімге келгенін логикалық тұрғыдан әрбір адам жақсы түсінсе, бұл сотқа деген оң көзқарасты қалыптастырар еді. Тараптар әр уәжіне нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сот шешімімен келісіп, жоғарыға шағым түспейтін болады», — дей келе, судьяларды бос уақытта қазақ тіліне көңіл бөлуге шақырды.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру, процестік тіл қағидатының орындалуы сот жүйесіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Орал қаласының №2 сотында сот істерін қарау кезінде мемлекеттік тілдің қолданылуы төмен екендігін статистикалық мәліметтерге жүгінсек аңғарамыз. Мәселен, жыл басынан бері барлық сот ісінің небәрі 8 пайызы ғана (десе де бұл көрсеткіш 2018 жылға қарағанда өскен, 2018 жылдың 1 жарты жылдығында 4 пайыз) қазақ тілінде қаралған. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде 7644 азаматтық іс қаралған болса, соның тек 623-і ғана мемлекеттік тілде жүргізіліпті. Бұл – қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесін қаншалықты көтергіміз келгенімен, іс жүзінде азаматтардың ресми тілге жүгініп отырғандығын көрсетеді.
Әрине, бұған тек судьялар ғана емес, құқық қорғау органдарынан бастап, айыпталушы мен талап беруші тараптар да себепкер. Судьялармен процестік құжаттарды дайындаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аударылып, сот ісі жүргізілетін тілді меңгермейтін іске қатысушы тұлғаларды сапалы аудармамен қамтамасыз ету шаралары жүргізіледі. Алайда аудармашының көмегімен сот отырысын мемлекеттік тілде жүргізуге орысшадан қазақшаға тәржімалайтын білікті мамандар тапшы. Жыл басынан бері аудармашылар қатыстырып қаралған істер саны – 29 болса, оның 25 – іс орысшадан қазақшаға, 4 – іс қазақшадан орысшаға аударылған. Әрине, оған географиялық аумақтың ерекшелігі, істердің тергеу барысында қай тілде жүргізілетіні және қорғаушылардың қай тілге бейім екені әсер ететіні сөзсіз. Бірақ халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы фактілер де бар. Бұл өте өзекті мәселе және оны шешуде мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру үшін барлық құзырлы органдар бірігіп кешенді жұмыстар атқаруы қажет.
Г. Беккалиева
Орал қаласының
№2 соты кеңсесінің бас маманы