Мақсат – сот жүйесін жетілдіру

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел басқарғаннан бері алғаш рет Қазақстан халқына Жолдау жасады. Маңызды құжаттың басымдықтарымен үлкен қызығушы¬лықпен танысып шықтым. Осы орайда, ең алдымен назар аудартқаны – Жол¬даудың азаматтардың тұрмыс-тір¬шілігіне, өмірлік маңызды мәселелерге және әлеуметтік қорғалуына бағдарлануы болды. Мемлекет басшысының халыққа үндеуінде жан-жақты сала қамтылған. Бұл қатарда сот саласы да бар. Мәселен, Президент өз Жолдауында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, яғни сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін терең реформалауды, соттардың сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ, сот шешімдерін мұқият саралауды, дауларда бірыңғай сот тәжірибесінің қамтамасыз етілуін, әкімшілік сот төрелігін енгізуді, заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен түсініксіз тұстардың азаматтардың пайдасына қарастырылуы керектігін тілге тиек етті. “Сот және құқық қорғау жүйесін¬дегі күрделі реформалар – аза¬мат¬тарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.
Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет” деген Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде ауыр қылмыстар санының азаймай отырғандығын да алға тартты. Соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін айтып, бұл мәселеге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың іс жүргізуінде кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қатынастар туралы істер қаралуда. Өкінішке қарай, ондай қылмыстар өңірімізде жыл сайын тіркелуде. Сондықтан, біздің сот саласының мамандары, әсіресе судьяларымыз мемлекет басшысының Жолдаудағы жыныстық, әсіресе балаларға қатысты ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет деген бұл бастамасын қолдайтыны сөзсіз. Ал, сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізілуде, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құрылуда. Сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуде.
Жалпы, өңірдің сот саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Алдағы уақыттарда да Президент Жолдауында көрсетілген барлық мақсаттар орындалып, Қазақстан халқының табыспен өркендей беретініне сенімдімін.

ЕДІКОВА З.
Қостанай облыстық сотының
ақпараттық қамтамасыз ету
бөлімінің басшысы