«Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, Әдiлет органдарының мiндеттерiнің бірі — заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру болып табылады.
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 18 бабымен заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттік қайта тiркелуге әкеп соғатын заңды тұлға деректерiнiң өзгергенi туралы мәлiметтер бiр ай мерзiмде берілмегенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайтындығы белгіленген.
Заңды тұлғалардың заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 466 бабымен қаралған. Атап айтқанда, екі жағдайда, яғни заңды тұлға мемлекеттік қайта тіркеуге, сонымен қатар тiркеушi органға заңды тұлғаның орналасқан жерiнiң өзгергенi туралы уақтылы хабарламау әкімшілік жауапкершілікке тарту негізі болып табылады.
Алайда, тәжірибеге және статистикалық мәліметтерге тоқталатын болсақ, іс жүзінде аталған заң талаптары сақталмайтындығын байқауға болады.
Мысалы, 2018 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Астана қаласының аудандық Әділет басқармаларымен 73 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жергілікті бюджетке 625 300 теңге жолданған. Салыстырмалы түрде 2017 жылдың мәліметтерін қарастыратын болсақ, 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жергілікті бюджетке 2 632 040 теңге жолданған. Көрсетіліп отырған мәліметтерден, өткен жылға қарағанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған заңды тұлғалардың азайғанын байқауға болады. Демек, заңды тұлғалардың заң талаптарын сақтау бойынша жауапкершіліктерінің артқандығы байқалады.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 28 желтоқсанында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 466 бабына өзгерістер енгізілгендігін атап өтуге болады. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, заңнамада көзделген жағдайларда заңды тұлғаны, оның филиалдары мен өкiлдiктерін қайта тiркемей, қызметтi жүзеге асыру бойынша ескерту жасау қарастырылды. Егер бұған дейін, заңды бұзғаны үшін заңды тұлғаға ескерту жасаусыз, жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатын болатын.
Заңға осындай өзгерістердің енгізіліп, заң бұзушылық жасаған, заңды тұлғаларға ескерту жасаудың қарастырылуы Үкіметпен кәсіпкерлікті қолдау үшін жасалып отырған шараларының бірі екендігін атап өту қажет.
Сатова А.
Әділет департаментінің бас маманы
Нұр-Сұлтан қ.