Бүгінгі таңда еліміздің өркендеп дамуына, жақсы өмір сүруге не қажет, қандай қиыншылықтар бар, соларды болдырмаудың шарасы бар ма деген сұрақтарды тереңнен тұжырымдап ой түйдім.
Өмір ағысына сай сот жүйесінде де өзгерістер көп.
Әрқайсымызға белгілі, қазіргі кезде тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді — тәсілдерді пайдалана отырып, өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 17-тарауында толық түрде көрсетілген. Сонымен қатар, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету және дауды (жанжалды) шешудің медиация тараптарын қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу мақсаты Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Заңында (әрі қарай – Заң) ерекшеленеді.
Осылардың негізінде соңғы екі жылда соттарда татуластырушы- судьялар белгіленіп, қажет болған жағдайда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну, дауларды мәні бойынша қарағанға дейін сотқа дейінгі хаттамалар жасап татуласу рәсімдерін жүргізеді.
Дегенмен, дауды сотта қарағанда татуласу рәсімдерінде ешбір себепсіз татуласуға қарсылық білдіріп, «Тек қана шешім керек» деген уәждер де болады. Сондай талап қоюлар баршылық. Соған бір мысал — тараптың бірі мемлекеттік мекеме болған жағдайдағы дау төңірегінде.
Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті сотқа жауапкер «Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері бірлестігі» қоғамдық бірлестігіне алдын ала төленген төлемді (аванс) өндіруді сұрап, сотқа жүгінген.
Татуласу рәсімдері кезінде жауапкер талап қоюшымен жасалған шартты жоққа шығарған жоқ. Алдын ала 30% төлемді алғанын, шарттың міндеттемелерін орындамағанын мойындап, алған ақшаны бірден емес, екі ай көлімінде 2-3 транш арқылы төлеуге дайын екенін жеткізіп, сол себепті дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді қолдайтынын айтты. Алайда талап қоюшының өкілі татуласуға қарсы екенін білдірді. Себебін сұрағанда мемлекеттік мекемемен татуласу, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерін жасауға тыйым салынған деп түсіндірді.
Расында, Заңның 1-бабының 3-тармағында тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсімі қолданылмайды деп көрсетілген. Алайда, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген 2020 жылғы 29 маусымдағы №351-VI «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сай Заңның 1-бабы 3-тармағы мынадай редакцияда жазылған:
- «Тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қолданылады».
Осы Заңның өзгерістерін ескеріп, судья татуласу рәсімдері кезінде, тараптардың бірі мемлекеттік орган болса дауларға (жанжалдарға) медиация рәсімі қолданылады деп түсіндірсе де, талап қоюшы татуласуға қарсылық танытты.
Тараптар татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жазбаша нысанда жасайды және оған қол қояды. Яғни талап қоюшы қарсы болғандықтан, судья оны мәжбүрлей алмайды. Сол негізде талап қоюшының талабы бойынша ымыраға келу оң нәтиже бермеді.
Шынын айту қажет, мемлекеттік мекемелердің барлығына сын айтуға болмайды. Мемлекеттік мекемелердің көпшілігі Заң талабына сай дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы, татуласу келісімдерін жазбаша нысанда жасап, сотқа жолдайды, оның дұрыстығын тексеріп, судья бекітеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, татуластырушы-судьялардан соң тараптардың бірі мемлекеттік мекеме болып келетін талап қоюлардың 20-25% басқа судьялардың өндірісіне даудың мәні бойынша қарауға жіберіледі. Ондай талап қоюлардың көбі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңына байланысты жасалған шарттар бойынша туындаған даулар. Өйткені, шарт уақытылы орындалмаса, бөлінген қаражат мемлекет кірісіне қайтадан қайтарылған болса, оны қайтадан өндіру және орындау үшін соттың ұйғарымы емес, шешімі керек.
Ұзын сөздің қысқасы, мысал ретінде көрсетілген дау бойынша шарт мемлекеттiк сатып алу туралы шарт емес, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру туралы шарт. Жауапкер-заңды тұлға, ол талап қоюды мойындап тұр. Дегенмен, себеп-салдарсыз талап қоюшының қарсылық білдіруіне байланысты, талап қою басқа судьяның өндірісіне бөлінді. Түбегейлі қарасақ, іс қозғалғанға дейін сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, татуластыру рәсімі: қарым-қатынасты сақтауға, моральдық және материалдық шығындарды барынша азайтуға, дәлелдемелер және дәлелдермен алмасуға, жанжалды тудырмай, дау-дамайды дер кезінде тоқтатуға мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, татуластырушы-судьядан кейін бөлінген талап қою бойынша, басқа судья мен кеңсе маманына қосымша жүктеме артылады. Өйткені, судьяға талап қоюды сот өндірісіне қабылдап, алдын ала сот отырысына тағайындап, шешім қабылдау қажет.
Кеңсе маманына соттың шақыру қағаздарын, сот актісін немесе өзге де хабарлауды тапсыру жүктеледі. Бұның бәріне бөлінетін қаражат мемлекет кірісінен екенін мемлекеттік мекемелердің ұмытып кететіні өкінішті.
Тараптар дауды сот қана шешеді деп оған жүгінеді. Білген абзал: соттасу ұзақ уақыт алады әрі қымбат. Сот Сіздің пайдаңызға шеше ме, жоқ па, оны ешкім білмейді. Талап қоюшы – «менікі дұрыс» десе, қарсыласы да тап солай ойлайды. Талап қоюшы ма, әлде жауапкер жеңетініне ешкім кепілдік бере алмайды.
Сол себепті ұзаққа созылған тартыстан ортақ келісім әлдеқайда ұтымды деп санаймын. Мысалға келтірілген дау бойынша талап қоюшы 2-3 айсыз шешімді қолына ала алмайды. Оны әрі орындау үшін атқару парағын алып, оны сот орындаушыға жіберуі керек. Осылардың барлығын жасамай-ақ, жауапкер келіскен кезде, татуласу рәсімдерінде талап қоюшы Заң негізінде дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасағанда, судья оны ұйғарыммен бекітіп, өндіріс қысқартылушы еді. Әттеген-ай, бұл жағдайда талап қоюшыға – «Тек қана шешім керек болды»!.
Татуластыру рәсімдері бұл – бүгінде әлемдік тренд. Дамыған елдерде даулардың 95% дейіні татуласумен бітеді. Татуласудың, бітімге, бір мәмілеге келудің пайдасы көп. Нақты айтқанда:
сотқа біраз құжаттарды дайындау қажет болмайды;
мемлекеттік баж төлемейсіз (талап сомасынан 1%, 3%);
сотқа сабылмайсыз;
сот актілерімен келіспегенде, шағымданып жүрмейсіз;
істің соттарда қаралуын сарыла күтпейсіз.
Қазіргі уақытта татуластыру рәсімдері үшін барлық жағдай жасалған. Сот дауды тиімді шешудің жолын табуға әркез көмектеседі. Әрбір тарап үшін «Татуласу – бұл жеңіліс емес, керісінше үлкен жеңіс!» екенін білгені жөн. Соның арқасында қарым-қатынасыңыз сақталады. Ортақ тіл табысу, келісімге келу кез-келген уақытта маңызды!
Эльмира Ебенбаева
Астана қаласының
мамандандырылған
ауданаралық экономикалық
сотының судьясы