Қазіргі уақытта, сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын артып келеді. Сот ісін жүргізу тілі ретінде басымдық — мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді.
Мемлекеттік тілде талап қоюды дайындау кезінде туындайтын сұрақтарды шешу тәжірибелік көмек көрсету, мемлекеттік тілде берілетін талап қоюдың үлес санын көбейту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Сондықтан, мемлекеттік тіліміздің кең қолданысын қамтамасыз ететін уақыт келді.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабына сәйкес, Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот үйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы — сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектілердің бірі болып табылады.
Ата-заң – Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», — деп көрсетілген.
Қоғамның іргелі дамуымен қатар, мемлекеттік тілдің сот өндірісінде қолдану аясы, берік орнығуы, оның сапалық және сандық үлесінің артуы да аса маңызды. Сот ісін жүргізу тілінің мәні өте зор, өйткені сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы азаматардың қай ұлтқа жататындығына қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі.
Аталған бағытта, Ақтөбе гарнизонынң әскери сотымен әскери басқару органдары және әскери бөлім басшылықтарымен бірлесе отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында ай сайын іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Сот төрелігін жүзеге асыруда мемлекеттік тілді қолдануды жетілдірудің алғышарттарына талап қоюды мемлекеттік тілде беру, мекемелер арасында хат алмасуды толығымен мемлекеттік тілде жүргізу жатады.
Осыған сәйкес, мемлекеттік тілде талап қоюды дайындау кезінде туындайтын сұрақтарды талқылау және оларды шешу арқылы мемлекеттік тілдің сот өндірісіндегі қолданылу үлесін арттыруға мүмкіндік аламыз.
Р.К.Кыдыралин
Ақтөбе гарнизоны
әскери сотының төраға м.а.