Отбасылық сот тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуда

Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқық бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің бірқатар баптары бойынша қаралады.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс жасай бастады. Жоба отбасы жән отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталғандықтан, ол отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы істерді қарайтын Әкімшілік сотқа енгізілді. Отбасылық сот денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (73-1 бап), ұрып-соғу (73-2 бап), отбасы қатынасындағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және тағы басқа жасалған әрекеттер (73 бап) бойынша әкімшілік істерді қарайды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек Нұр-Сұлтан қаласындағы Әкімшілік сот қараған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты істер санының жыл сайын өскенін байқаймыз. Мысалы, 2016 жылы 530 іс; 2017 жылы – 905; 2018 жылы 1410 іс қаралды. Мұндай құқық бұзушылық жасаудың негізгі себептері маскүнемдік, жұмыссыздық, тұрмыстық мәселелер, қызғаншақтық, психикалық ауытқулар және т.б. мәселелер болып табылады.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында 2019 жылдың І тоқсанында Әкімшілік сот 139 іс қарады. 30 іс бойынша құқық бұзушылар ескерту алды, 11 іс бойынша айыппұл түріндегі жазаға тартылды, 7 іс бойынша қамаққа алынды. Көп жағдайда сот 54-бапқа сай, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар да қойып жатады.
Сондай-ақ, 71 іс екі жақтың татуласуы бойынша аяқталды. Көп жағдайда отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқық бұзушы ретінде ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлі-зайыптылар, бірге тұрып жатқан азаматтар, жақын туыс адамдар танылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бастан кешірген жәбірленушілердің көбісі нәзік жандылар болып табылады және олар «ұят», «бала үшін» атты қағидатты ұстанып, құқық бұзушыны кешіріп жатады. Әрине, сот өз кезегінде істі қарайды, сондай-ақ отбасы арасындағы түсініспеушілікті жою мақсатында психологтың көмегін ұсынады.
Бүгін «Отбасылық сот» пилоттық жоба аясында психологтар да жұмысқа тартылды. Биылғы жылғы бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижесі бойынша 138 адам психологтан кеңес алып үлгерді. Мұның өзі күнделікті күйбің тіршіліктен қажыған отбасы мүшелерінің ішкі жандануына қол ұшын беретін таптырмас құрал ғой.
Әкімшілік соттың талаптары бойынша 70 құқық бұзушыны полиция профилактикалық есепке қойды. Маскүнемдік пен есірткі құмарлықтан емделуге 27 адам жіберілді. Бір жәбірленуші соттың көмегімен «Үміт» дағдарыс орталығына орналастырылды. 7 адам Аналар кеңесіне және 3 адам Әкелер кеңесіне жіберілді, сол жерде олармен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Жоба шеңберінде Әкімшілік сот мүдделі мемлекеттік органдармен, мекемелермен, қоғамдық қорлар және бірлестіктермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында жәбірленушілерге және ұқсас құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында құқық бұзушыларға тегін кеңестер мен көмек беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған бағыттағы жұмыс тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілер санын қысқартуға мүмкіндік беретініне кәміл сенеміз.

Баянова Б.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының
баспасөз хатшысы