«Хақ сөзді бала айтса да тоқтамақ керек»
Абай
Қазіргі қайсібір заманауи жетілген мемлекеттің болсын кез келген қоғам мүшесінің қашанда өзін-өзі дұрыс ұстануы, тәрбиелі көрінуі, сыпайы сөйлеуі, жалпы алғанда – әдептілігі мен жан-жақты мәдениеті жоғары денгейде болуы абзал. Бұл қағидат — мемлекетімізбен әрқайсымыздың біртұтас абыройымыз. Онымен қоса, қандай да болмасын азаматтың сөз мәдениетіне көңіл бөлгені жағымды қасиет екені айқын. Қысқаша айтар болсақ, «сөз мәдениеті» — әдеби тілдің қоры мен құрастыру талаптарын биік деңгейде игеру, айтылатын ойдың мақсатына сай дәлме-дәл лайықты қолдана білу, сөйлеуде әрдайым әдептілік қағидаттарын ұстану болып табылады. Былапыт бір сөз айту арқылы үлкен бедел мен биік дәрежеден айрылу мүмкін.
Ал қазір, кейде жалпылама ауызға сирек алынатын, мал қора төңірегінде ғана қолданылатын «қордаланған» сөзі қоғамда жиі қолданылып, өкінішке орай, көпшілік қауымға арналған теледидар хабарлары мен баспа беттерінде жиі ұшырап жүр. Мысалы, Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) «қордаланған» сөзімен байланысты мынадай сөйлем тіркстерін жиі пайдаланады: «агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар аз емес»; «қордаланған әлеуметтік маңызды мәселелер аз емес»; «құрылыс саласында қордаланған мәселе аз емес»; «білім саласында қордаланған мәселе көп»; «Облыс әкімі тұрғындарды қабылдап, қордаланған мәселелер бойынша сауалдарын тыңдады». Мына сөйлемдер тіпті сөке: «қан құюдың қордаланған мәселелері»; «қала медицинасында қордаланған мәселе көп» және т.т. «Қордаланған» сөзі тіпті биік мемлекеттік дәрежеде де жиі қолданылып жүргені өте жағымсыз құбылыс. Мысалы, бұл сөз Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми құжатында да орын алған: Экс-министр А. Мұхамедиұлы қол қойған 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 145 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық архив қорының құжаттарын, басқа да архив құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің толықтыруы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидалары» 2 параграфында былай жазылған: «24. 1917 жылды қоса алғанда оған дейінгі кезеңдегі қордаланған (қою шрифтпен айқындаған автор-Н.С.) құжаттар жойылуға жатпайды». Ал ең өкініштісі, «қордаланған» сөзі мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларының құжаттары мен баяндамаларында да кезігеді (әрине, бұл кінәратты басшылардың баяндамалары мен құжаттар жобасын дайындайтын қызметкерлер мен спичрайтерлер (жоғары лауазымды тұлғалардың айтатын мәтінді жазатындар) мен құжаттың орысша мәтінін қазақшаға тәржімалаған аудармашыға жолдаған жөн). Ал бұл баяндамалар мен құжаттар басқа мемлекеттер тілдеріне аударылып, келеке — күлкіге қалып жүргеніміз әбден мүмкін. Қазіргі толқып тұрған саяси кезеңде, жан-жақтан анталап тұрған дұшпандар (мысалы, Ресей мемлекеттік думасының депутатары Е.Федоров, А.Луговой мен әлеуметтік желілердегі орыс ұлтшыл белсендісымақтары) «қордаланған» сөзінің түпкілікті мәніне жіті көзі жетсе, қазақты мысқылдап, әжуа етері анық.
Сонымен, «қордаланған» сөзін ретсіз қолданудың неге өкінішті, оғаш және әдепсіз екеніне көз жүгіртейік. Аталмыш сөздің түбірін, негізін «қорда» сөзі құрайды. Сөздіктерде бұл сөз «көң, қи» заттарынан құралатыны жазылған (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6 том, «Ғылым» баспасы, Алматы-1982, 347 бет). Ал қолданыстағы Сөздікте «қи» сөзі: «1. Малдың, аңның, құстың саңғырығы, нәжісі. … 2. Қой-ешкінің қорадағы қалың болып тапталған нәжісі және ойылып алынған кесегі» екендігін айқындайды ( Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6 том, «Ғылым» баспасы, Алматы-1982, 187 бет). КӨҢ 1. Қатып тұтасқан, қордаланып байланған мал қиы (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы-Дайк-Пресс, 2008, 414 бет).
Сонымен, «қордаланған» сөзінің негізін малдың нәжісі анық та нақты құрап тұрғандықтан қоғами мәдени ортада, ресми баяндамаларда, маңызды мақалаларда, саяси сараптама құжаттарында, жас ұрпақты тәрбиелеу әдістемелерінде, күрделі ғылыми құбылыстарды зерттеу еңбектерінде, әсіресе заңдардың мәтіндерінде, Бұқаралық ақпарат құралдары хабарларында, әлеуметтік желілер мен ғаламтор кеңістігінде және т.б. оны жөнсіз қолдану айырықша әдепсіз жайт екенін түсіну қажет. Жалпы «қордаланған» сөзін ретсіз де жөнсіз қолдану ұят екенін ұғынғанымыз жөн.
Ал анайы сипаттағы «қордаланған» сөзінің орнына: «жинақталған; шоғырланған; күрмеуі шешілмеген; ұйысқан мәселер аз емес» деген үйлесімді сөздерді қолдануға болады емес пе?! Әрине болады. Қазақтың ең бірінші ауызына алатын сөздерінің бірі: «Өлімнен ұят күшті» деген нақыл. Сонымен, «Жаны бар сөздің мәні бар» деген ғой ақылмандар. Сөз мәдениетіне лайықты мән берейік, ағайын!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист