Мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын сақтау

2015 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің № 153 Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» бекітілген.
Бұл Әдеп Кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметте және күнделікті өмірде жүріс-тұрыстарының стандартын бекітті. Соның негізінде мемлекеттік органдарда этика бойынша арнайы уәкілдер жұмыс атқаратын және Әдеп кодексіне сәйкес Әдеп жөнінде уәкіл енгізілген болатын. Әдеп жөніндегі уәкіл өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органда мелекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғау және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдап, басқа да функцияларды жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тараптынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Сондықтан, мемлекеттік қызмет этикасы мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік қызметін орындауда оңтайлы, жағымды көзқарасты көрсететін кәсіптік тәртіп кодексінің бір түрі ретінде қалыптасқан. Олар тікелей адамдармен қарым – қатынаста болатындықтан, әр ортада белгілі бір этика нормаларын сақтауы қажет. Этика дегеніміз – тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдардың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Осыған байланысты, этикет этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни кез – келген адам адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, қоғамда тәртіп сақтау ережелерін қалыптастырады. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса адамдардың арасындағы қатынас белгілі бір шектен шығып, хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған.
Мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқарып жатқан кәсіби қызметіне жұмсайды. Ол әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс атқаратындықтан аса үлкен жауапкершілікпен, дайындықпен қызмет атқару тиіс. Мемлекеттік қызметкер қызмет орнында өзін-өзін ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісінің тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білуі, анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білуі – қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады. Мемлекеттік қызметшілердің шыншыл болуы – оның маңызды қасиетінін бірі. Мемлекеттік қызметші екі жүзділікке, өтірік айтуға, өзінің теріс мақсаты, мансабы үшін қызметін пайдалануға қарсы болуы қажет. Олар үшін өзіне деген аса сенімділік, тәкаппарлық, шыдамсыздық көрсету – жат дүние болып табылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші жұмыстан тыс уақытында да рухани баюы қажет. Яғни, ол мәдениет және демалыс мекемелеріне барып, мүмкіндігінше волонтерлықпен айналысқаны абзал.
Мемлекеттік қызметшілерге адамның ар – намысына тіл тигізуге, масаң күйде қоғамдық орындарда болуға, айналасындағы адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғуға, сондай – ақ заңнаманы бұзуға жол берілмейді.
Кез келген мемлекеттік қызметші жұмыс және жұмыстан тыс уақытында да өз іс – әрекеттері мен мінез – құлықтарына жауапты болады. Сол себепті де олардың әр уақытта әдеп қағидаттарын сақтауы қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырады.
Және де мемлекеттік қызметте іскерлік этикет және ресми мінез – құлық қағидалары деген ұғым бар. Олар өз кезегінде қызметте өте маңызды рөл атқарады. Яғни, оларды қатаң сақтау мемлекеттік қызметшілердің іске байыпты қарауын, жоғары кәсібилігін көрсетеді.
Іскерлік этикет қағидалары барлығына бірдей және оны әрбір мемлекеттік қызметші дәрежесіне қарамай білуі қажет.
Жалпы, іскерлік этикет қағидалары мыналардан тұрады: дресс-кодты сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану, қызметкерлер арасындағы жұмыстағы қарым – қатынас, тайм менеджменттің негіздерін ұғыну, телефон этикеті, әңгімелесушілерге деген құрмет, яғни тыңдай алу және дұрыс жағынан түсіну сияқты т.б.
Сондай – ақ, мемлекетртік органдардағы әдептілік нормаларының сақталуы басшылыққа да тікелей байланысты. Себебі, басшының ұжымда ізгі ниетті және тиісті жағдай жасай білуі халық пен мемлекеттік қызметшілердің табысты өзара іс – қимылының негізі болып табылады.
Басшылықтың өз тарапынан қызметшілер арасында әдеп қағидаларын сақтау жөнінднгі түсіндірме жұмыстарын жүргізуі және жеке мінез – құлық арқылы әділдіктің, бейтараптылықтың және парасаттылықтың үлгісін көрсетуі қызметте маңызды рөл атқарады.
Әрбір басшы барлық ұжымның тиімді өзара іс – қимылы үшін жағымды жағдайларды жасаудың маңыздылығын түсінуі қажет. Кез келген ұжымның табысты өсуі, оң нәтижелі көрсеткіштер көрсетуі ұжымдағы ахуал мен қызметкерлердің ортақ мақсатты қаншалықты терең түсінуіне байланысты.
Жалпы айтқанда, Еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен тиісті мінез – құлық қағидалары және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, өз қызметі аясында елге деген адалдықты, құрметті абыроймен ұстануымыз қажет.

Райымбаева А.
Әскери соттың әкімшісінің
жетекші маманы