Трансплантология — хирургия саласының ең күрделі бағыты болып табылады. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде үш мыңдай адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж болса, бауыр трансплантациясын қажет ететін пациенттердің саны мыңға жуықтайды. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр қазақстандық дүниеден озған соң басқа біреудің өмірін сақтап қалуға көмектесе ме, жоқ па өзі шеше алады. Өз еркімен ағза мүшелерін беру туралы келісімді тіркеуге өтінішті мекенжайы бойынша тіркелген емханада беруге болады. Бүкіл деректер «Ағза мүшелері донорларының тіркелімі» Бірыңғай ақпарат жүйесінде сақталады.
Осыдан бес жыл бұрын Ұлыбританияда 13 жасар Джемаймма Лайзелл бас миы қантамыры аневризмасының жарылуынан қайтыс болған еді. Ол көзі тірі кезінде автокатастрофада қаза болған туысының донор болғанын көріп, өзінің де осы ұлы іске барғысы келетінін айтып кеткен екен. Ата-анасы ажал құшқан қызының сол тілегін орындайды. Осылайша, Лайзеллдің 8 бірдей ағзасы мұқтаж жандарға ауыстырылған. Жалпы, әлемде жыл сайын осы секілді жүз мыңнан аса адам ағза мүшелерін ауыстырады. Оның шамамен 70 мыңы бүйрек, 20 мыңы бауыр, 5,5 мыңы жүрек, 3,5 мыңы өкпе, 2,4 мыңы ұйқы безін алмастырған. Бұл – Дүниежүзiлiк Денсаyлық сақтаy ұйымының (ДДCҰ) pеcми cайтында берілген ақпаpат.
Ал Қазақстандағы көрсеткіш қандай?
Елімізде транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Деректерге сүйенсек, 2017 жылы ағза мүшелерін ауыстыру бойынша 270 операция жасалған. Оның ішінде мәйіттік донорлық арқылы 77 адамның өмірі құтқарылған. Ал биыл 149 операция өтсе, оның 19 мәйіттік донордың көмегіне жүгінген.
Транспланттау бойынша респуб¬ли¬калық үйлестіру орталығының 2018 жылдың қазан айына берген мәліметі бойынша:
• бүйрекке 2500 ересек, 50 бала;
• бауырға 441 ересек, 7 бала;
• жүрекке 111 ересек, 11 бала;
• өкпеге 9 ересек;
• жүрек-өкпе кешеніне 1 адам зәру болып отыр.
Кім ағза доноры бола алмайды?
• жасы 80-нен асқандар;
• жұқпалы дертке шалдыққандар;
• бақыланбайтын бактериалды сепсисі барлар;
• ЖИТС (СПИД) немесе ВИЧ-инфекциясы бар жандар;
• вирусты гепатит В (HBsAg) немесе С (anti-HCV) оң жандар;
• қатерлі түзілістің жедел және созылмалы, жүйке мен басқа да ағзалардың диффузды аурулары бар жандар.
Қазақстанда қандай ағзаларды ауыстыруға мүмкіндік бар?
Қазақстанда жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр, ұйқы безін, ал балаларда бауыр мен бүйректі тансплантациялау бойынша операциялар жасалады. Қазір ұйқы безін алмастыруға дайынбыз деп айта аламын. Мұндай операцияны елімізде алғаш рет Кореядан келген мамандары жасаған болатын. Біздің қайталап көргеніміз аса сәтті бола қоймады. Алайда, біз білімімізді шыңдап, ондай оталар жасауға бек әзірміз. Ұйқы безін ауыстыру қант диабетіне шалдыққандар үшін таптырмас ем.
Қалай тірі-донор болуға болады?
Рецепиентпен генетикалық байланысы бар (яғни, туыстары) немесе тіндік сәйкестігі бар адамдар тірі-донор бола алады. Ағзасын бергісі келген адам толық медициналық тексерістен өтіп, ағзасын беру жөніндегі консилиумның тұжырымын алуы керек.
Өткен жылы бұқаралық ақпарат өкілдері батысқазақстандық Абзал Әділов есімді жігіт туралы жарыса жазған болатын. 25 жастағы жігіт өз бүйрегін науқас қызға беріп, көптің ризашылығына бөленді. Жомарт жігіттің хал-ахуалын білу мақсатында онымен тілдескен едік.
– Қазір, шүкір бәрі жақсы, – дейді ол. – 2016 жылы «Жан жылуы» бағдарламасын көріп отырып, бүйрекке зәру Жанар есімді қыздың жағдайымен таныс болдым. Оған жедел түрде көмек керек екен. Арада біршама уақыт өткен соң, редакцияға хабарласып, Жанарға көмек қолын созғым келетінін жеткіздім де, нөмерін алдым. Тағдырдың бұйрығы шығар, бүйрегімді Жанарға емес, басқа қызға беретін болды. Себебі, оның жолдасы жәрдемдесуге келіскен екен. 2017 жылдың 20-қазанында ота сәтті өтіп, Жәмила есімді қыздың өміріне араша болдым. Бұл ісімді ата-анам да қолдап, қарсы келген жоқ. Осындай жолмен ақша табатындарды да естіп жүрмін. Менің ойыма осы арқылы пайда табу деген ой келіп көрмепті. Өзім секілді тегін ағзасын ұсынған адамды әлі кезіктіргем жоқ. Қазір, Аллаға шүкір, денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Жиі тексерістен өтіп тұрамын.
Бүгінге дейін 340 бүйрек трансплантациясын өткізген дәрігер Ғани Құттымұратов Абзал секілді өз еркімен тегін ағзасын берген адамды кезіктірмегенін айтады.
– Бірін-бірі танымайтын ағзасын беруге келіскен адамдар болған. Бірақ, біз оларды арнайы Астана қаласындағы этикалық комиссяға жібереміз. Олардың арасында туысқандық болмаса, ота жасауға келіспейміз. Өз еркімен бейтаныс жанға бүйрегін берген бір оқиғаны ғана білемін.
Ал Абзалдан көмек алған Жамиланың жағдайын анасы Құрманкүл Құлмұрзаева баяндап берді:
– Қызым үш жыл төсек тартып, гемодиализ жасауға мәжбүр болды. Бүйрек іздеп, шарқ ұрып жүргенде Абзалдай абзал жан жолығып, қызымның қыл үстінде тұрған өміріне араша түсті. Осындай ұл өсірген анасына көп рақмет. Қызым әзірге қысымы көтеріліп кете беретіні болмаса, жағдайы тәуір. Болашақта бүйрек орнығып, аяғынан тұрады деп отырмыз. «Бүйрек сатамын». Қара нарықтағы жағдай қалай?
Интернетте іздеу жүйесінде «бүйрек сатамын» сөздерін жазсаңыз болғаны, түрлі жарнамалардан көз сүрінеді. Қазақстанда ағза мүшелерін сату заңсыз болса да олар ашық түрде аты-жөнін, байланыс нөмерін жазып, тіпті соммасына дейін көрсетеді екен.
База.доноров.рф сайтына жарияланған жарнама бойынша Шымкент қаласының тұрғыны Дулат есімді жігітке хабарласып көрген едік (диалогты сол күйінде беруді жөн санадық-авт.).
«– Сәлеметсіз бе? Сіздің интернетте бүйрек сатамын деген жарнамаңызды оқып қалып едім.
– Иә, сатамын.
– Зиянды әрекеттерден аулақсыз ба? Жұқпалы аурулармен ауырмағансыз ба?
– Темекі тартпаймын, алкоголь пайдаланбаймын. Сіз қай қаладан хабарласып тұрсыз?
– Алматыдан. Бүйрегіңізге неше сұрайсыз?
– Өзіңіз қанша бере аласыз?
– Екі миллион.
– Аздау. Бірақ, көруге болады».
Екі миллион теңге орташа баға секілді. Одан біршама көп, кейбірі тіпті аз сұрайды. Олардың қаншасы өз бүйректерін сатқаны жөнінде ешқандай ресми деректер кездеспейді. Қазақстанда ағза сату қылмыс боп есептеледі.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Жариков те қазірде заңсыз ағза сатушылардың көбейіп кеткенін айтып отыр:
- Қазақстанда ағза мүшелерін сатуға тыйым салынған және ондай әрекет қылмыстық жазаға тартылады. Бірақ, ағза мүшлерін сатушыларды бақылап отыру мүмкін болмай жатыр… Себебі, жазалаудың нақты механизмі жоқ. Тыйым салынғанымен, көтеретін жаза деңгейі қарастырылмаған. Біз ҚР денсаулық сақтау министрлігіне бұл бойынша ұсыныстарымызды айттық. Болашақта ондай «қара нарықтағы» адамдарға айыппұл салынуы мүмкін. Тағы қайталанса, айыппұлдың құны өсе түседі. Оларды бақылау құқық қорғау органдарының еншісінде, – дейді.
Қазір тірі-донор болушылар азайып барады
Трансплантолог Ғани Құттымұратов тіпті туыстардың өзі ағзасын беруден бас тартатынын айтады:
– Меніңше, оларға дұрыс ақпарат жетпей отыр. Көібсі ағзасын беру мүгедектікпен тең деп ойлайтын болар. Жоқ, олай емес! Біз мәселен, бүйрегін алмас бұрын оны толық зерттеуден өткіземіз. Егер олардың жұмысы жақсы болса ғана, донор етеміз. Донорлыққа дейін қалай өмір сүрді, кейін де да солай күн кеше береді. Өзін сақтап, салауатты өмір салтын ұстанса өмір бойы еш шектеусіз, қиындықсыз жүре береді. Бүгінге дейін, донор болғандар тарапынан шағым келіп түскен жоқ.
Жақсылық Досқалиев, трансплантация бойынша респуб¬ли¬калық үйлестіру орталығының директоры 24.kz арнасына берген сұхбатында Елімізде ниет білдірген 100 адамның 30-ның ғана донор болуға жарамды екенін айтады. Сонымен қатар, ағза мүшелерін донорлыққа беретіндердің саны өткен жылы 22 болса, биыл 32-ге жетіпті.
«Қайтыс болғаннан кейін донор болғым келеді»
Өткен жылы елімізде 77 мәйіттік трансплантациясы жасалған еді. Биыл бұл көрсеткіш 19-ды ғана құрап отыр. Ғани Құттырмұратовтың айтуынша, кез келген азамат жергілікті емханаға барып қайтыс болғаннан кейін донор болатыны жөнінде бланк толтырса жеткілікті.
Гаухар, Атырау тұрғыны:
– Қайтыс болған соң, ағзаларым біреулердің өмірін құтқарғанын қалаймын. Әрине, қартайып барып, о дүниеге аттанып жатсам, көре жатармыз. Болашақта мұрагерлікке жазып қалдыруға дайынмын. Бұл идея қайдан туды деп отырған боларсыз? Осыдан 7-8 жыл кореялық кино көрдім. Өкінішке қарай, атауын ұмытып тұрмын. Ол көркем фильмде жүрегінде ақауы бар жігіт өзіне донор іздеп, ақыры қайтыс болады. Жүрегінде кінәраты бар жандар мәйіттік қана донордан көмек күтеді емес пе? Соның кесірінен, жыл сайын мыңдаған адам ажал құшып жатыр. Ал бірнеше жыл бұрын қазіргі рансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтың сұхбатын оқыдым. Танымал хирург адам қайтыс болғанда оның ағзалары бірнеше адамның өмірін құтқаратынын айта кетеді. Неге сондай қайырымды іс жасамасқа? Бұл шешімімді ешқашан өзгертпеймін, – дейді.
Көлеңкелі бизнес қалай дамиды?
Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, бізде донордың екі түрі бар: туыстық және эмоционалды донор. Туыстық байланысы жоқ адамдардың науқасқа ерікті түрде өз ағзасын беруін «эмоционалды донор» дейміз. Бұл донор тапшылығын жоюға ықпал ететін жақсы шешім болғанымен, мұндайда көбіне ағзасын ақшаға саудалайтындар мен реципиентке қажет донор тауып беруге маманданған делдалдардың көлеңкелі бизнесі дамиды.
Өкінішке қарай, дәрігер реципиенттің донорды қайдан тапқанын, олардың арасында қандай келісім болғанын тексере алмайды. Трансплантолог нотариус бекіткен келісім мен этикалық комиссия қорытындысына қарап, науқас пен донорды операцияға дайындай береді.
Сондықтан заңның өзі жол беріп отырған донор мен реципиент арасындағы ағза саудасы туралы келісімге дәрігерді кінәлау дұрыс емес. Жақында қамауға алынған трансплантолог Ғани Құттымұратовқа «заңсыз трансплантация жасады» деген айып тағылып отыр. Қазақстанда онсыз да саны аз трансплантологтарға осындай шаралар қолдануды жалғастыра берсе, отандық трансплантологияны кім дамытады?
Қазір Қазақстанда 2020 жылдан бастап эмоционалды донорға тыйым салатын заң жобасы қаралып жатыр. Дамыған мемлекеттердің көбінде науқастың туыстарына ғана донор болуға рұқсат береді. Ал қазір Қазақстанға келіп, трансплантологиялық ота жасататын шетелдіктерді елімізге келуге бірінші кезекте заңның жеңілдігі — донорларға қойылатын шектеулердің жоғы ынталандырып отыр. Өткен жылы Шымкент қаласында Германия, Канада, Румыния және Израильден келген 17 шетелдікке осындай ота жасадық. Олардың бәрі өз донорларымен бірге келді.
Қазақстанда эмоционалды донор болу мүмкіндігін алып тастағанда, сәйкес ағза іздеп, сабылатындардың кезегі артпаса, кемімейді деп ойлаймын. Өйткені барлық науқастың ағзасын ойланбай беретін жақыны бола бермейді. Кейде туыстық байланысы бар адамдардың ағзалары бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан донор тапшылығын жойып, трансплантациялық отаға үміт артқандардың өмірін сақтап қалудың бір жолы – мәйіттік трансплантация.
Қазақстанда «келісім презумпциясы» бойынша тірі кезінде донор болудан бас тартып, қағаз қалдырмаған адам қайтыс болса, дәрігерлер оның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алуға құқылы. Бірақ іс жүзінде бұлай жасаған дәрігердің басы дауға қалып, сот табалдырығын тоздырады.
Қазақстанда талантты трансплантологтар көп. Бірде Нұр-Cұлтанда ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жұмыс істейтін Бауыржан Байтөре деген дәрігермен бірге Италиядан келген мамандар жасаған отаға қатысып, тәжірибе жинауға бардық. Таңертең ота жасау уақыты таяғанда, италиялық профессор «Біз әдетте мәйіттік трансплантация жасаймыз. Туыстық трансплантациядан тәжірибеміз аз» деді. Біз ота жасауға ешқандай дайындықсыз келгенбіз. Соған қарамастан, донордың бауырын кесіп, дайындап беруге келістім. Қасымдағы әріптесім ота кезінде тамырларды тікті. Ота аяқталған соң, италиялық дәрігерлер «Біз сіздерге үйретуге келіп, қайта сіздерден көп нәрсе үйрендік» дегенде, біздің дәрігерлердің біліктілігі шетелдіктерден кем емес екеніне көз жеткіздік.
Медицина саласының қызметкерлеріне қолдау күшейіп, олардың еңбегін ескеру керек деп ойлаймын. Әлемде сапалы медициналық қызметті бірінші кезекте білікті дәрігерлермен байланыстырады. Оңтүстік Кореяда шетелден маңызды тұлғалар қонаққа келгенде, оларды медициналық мекеме басшысы емес, сол жерде еңбек ететін тәжірибелі дәрігерлер күтіп алады. Онда трансплантологтардың жалақысы — $30-50 мың. Сондықтан да білікті мамандар шетелге жиі кетіп жатады.
Толкын Сайлаухан