Адамгершілік қасиетті сақтап қалудың бірден бірі — медиация

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал», «екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Жанжалды, яғни дауды шешу үшін келіссөздерге, соның ішінде бейтарап тұлғаны қатыстырып, дауды өзара шешу үшін қолданылады. Ежелден адамзат маңызды қарама-қайшылықтарды өзара шешу барысында қатаң нормалар мен билік етілген талаптарды емес, кей кезде келіссөздер мен өзара ымыраласу арқылы дауды шешу тиімдірек болатынына көз жеткізген.
Медиация институты атам қазақ үшін тансық дүние емес. Соттық билік пен бітімгерлестіру міндеттерін руды басқарушы немесе жүздің құрметті ақсақалдары, яғни билер атқарған. Татуласу мен бітімгершілік қазақ даласында тарихи қалыптасқан ежелден әрекет етуші институттар екендігінде дау жоқ. Қазақтардың байырғы сот төрелігі құқық қолдану институты ғана емес, келісім мен татуласу, бітімгершілік институты ретінде әрекет етті. Бұл өз кезегінде қазіргі елімізде енгізіліп, қолданылып келетін медиация инстутының мақсаттарымен тарихи сабақтастықтың айқын дәлелі.
Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған «Медиация туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Бұл заңға сәйкес, әзірге жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ ауырлығы ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолдану саласы болып табылады.
Медиация туралы заңның қабылдануы заман талабынан туындады. Медиация демократиялық дамудың аса маңызды өлшемдерінің бірі. Медиация институтының елімізде қолданылуы бір жағынан, қылмыстық саясатты ізгілендірумен шартталса, екінші жағынан процессуалдық үрдістерді оңтайландыру қажеттілігімен ұштасады. Медиацияның мәні – ол екі тарап кәсіби делдалдың, яғни медиатордың көмегімен ұзақ сот талықылауынсыз-ақ өзара ымыра келуінде. Медиацияның негізгі мақсаты біреудің уәжі дұрыс, екіншісінікі қате тұжырым екенін айқындау емес, керісінше екі тарапты өзара бітімге келтіру.
Заңда көрсетілгендей, медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиация — бейтарап тұлға келіссөздер барысында тараптарға дауды реттеуде ортақ мәмілеге келуге көмектесетін және тараптар шешім қабылдау процессіне толық бақылау жүргізе отырып, өздері даудың шешу шарттарын белгілейтін құпия икемді процесс.
Медиацияға жүгіну туралы ұсыныс екінші тараптан, іс өндірісінде қаралып жатқан соттан немесе қылмыстық қудалау органынан берілуі мүмкін.
Азаматтық істерді қарау барысында медиация сотқа дейінгі сатыларда, яғни істі сот талқылауына әзірлеу барысында, және негізгі сот талқылауы барысында басталуы мүмкін.
Егер тараптар медиация жүргізу жөнінде келісімге келген жағдайда бұл істі тоқтата тұруға негіз болады. Заңмен медиация туралы келісімге келгеннен кейін отыз күнтізбелік күн ішінде медиация аяқталуы керек екені көзделген. Медиацияны апелляциялық және кассациялық сатыларда да қолдануға болады.
Біздің медиация туралы заңымыз мадиацияның жәрдемдесу моделін бекіткен. Бұл модель бойынша медиатор тек шешім шығарып қоймай, дауды шешудің ықтимал жолдарын ұсынады және тараптардың құқықтық консультанты болып табылмайды. Яғни, тараптар қабылданған шешімнің мазмұнын ғана емес, сол шешімге келу жолдарының іздеу процессін, дауды шешудің жолдарының қалыптасуын толық қадағалап отырады.
Қазіргі таңда еліміздің жоғарғы мемлекеттік және сот билігінің қолдауының арқасында медиация институты қолданылуы кеңінен таралып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.
Атап айтсақ, біріншіден, тиімді: бітістіру рәсімдері жүргізілген кезде тараптармен жасалған келісімдер сот шешімдерінен жиірек орындалады.
Екіншіден, қымбат емес: медиацияны қолдану сот шығындарына әкеп соқпайды, келісімге келген жағдайда төленген мемлекеттік баж Салық Кодексінің талаптарына сәйкес төлеушіге қайтарылады.
Үшіншіден, жедел: қажет болған жағдайда дауды бірнеше сағаттың ішінде-ақ шешіп тастауға болады. Төртіншіден, іскерлік қатынастардың сақталуы: дауды медиация тәртібімен реттеген жағдайда тараптардың іскерлік қатынастарының сақталып қана қоймай одан әрі нығайтуы бек мүмкін.
Бесіншіден, өзінің мүдделерін қорғау үшін білікті заңгерлерді тартуға мүмкіндігі жоқ «әлсіз» тараптың қорғалуы. Барлығы тараптардың қолында: бітістіру рәсімдері арқылы тараптар өздерін қанағаттандыратын татуласу нәтижесіне қол жеткізеді, ал дау сотта қаралған жағдайда шешімді сот қабылдайды.
Алтыншыдан, құпиялық: бітістіру рәсімдері жариялылықтың жоқтығымен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде құпия мәліметтердің таралмауын қамтамасыз етеді.
Жетіншіден, тараптардың мүдделеріне бағытталуы: бітістіру рәсімдерін қолдану тараптардың нақты мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Сегізіншіден, делдалды (медиаторды) таңдау: бітістіру рәсімдерін қолданған кезде тараптар дауды реттеуге көмектесетін тұлғаны өздері таңдайды, бұл тараптардың аталған тұлғаға сенімі арттырып, татуласу нәтижесінің беделін арттырады.
Қорыта келе, медиацияны қолдану, яғни ресми іс жүргізудің қажетті элементтерінің жоқтығы психологиялық тұрғыдан оңтайлы ахуал тудырып, дауды реттеуге қатысушылар тарапынан сенімділік қалыптастырып, өзара сыйластықты сақтап қалуға зор септігін тигізері сөзсіз.

Ахонова А.Қ.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маманы