Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің жоғарғы соттары төрағаларының ХІХ кеңесі өтті.
Іс-шараға Өзбекстанның Жоғарғы Соты қатысты. Кеңеске Үндістан, Иран, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері жоғары сатыларының басшылары қатысты.
Қазақстан тарапынан Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров және Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов қатысты.
А.Мерғалиев өз сөзінде іс-шараның озық тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызы зор екенін атап өтті. ЖС Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жеке тоқталды.
Н.Ахметзакиров пен А.Жүкенов баяндамаларында Қазақстанның сот жүйесіндегі жетістіктеріне тоқталды. Олар татуластыру рәсімдерін заңнамалық ынталандыруды енгізу талап қоюлар санын қысқартуға мүмкіндік бергенін, ал IT-технологияларды дамыту адами ресурстарды айтарлықтай босатқанын, соттағы қателіктер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтқанын айтып берді.
Қазақстандық инновациялар жоғары бағаланып, кеңеске қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Қазақстандағы сот төрелігінің тиімділігіне ерекше назар аударылды: екі жыл ішінде азаматтардың мемлекетке қарсы ұтқан дауларының пайызы 15 пайыздан 60 пайызға дейін өсті.
А.Мерғалиев іс-шара аясында Қытай, Ресей және Өзбекстан Жоғарғы Соттарының төрағаларымен екіжақты кездесулер өткізді.
Іс-шара соңында ЖС Төрағалары өзара пікір алмасып, Бірлескен мәлімдемені қабылдау рәсіміне қатысты. Келесі кеңес Қытайда өтеді.
Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке бидің 380 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан делегациясы оның кесенесіне барды, бұл бағдарламаның маңызды мәдени оқиғасына айналды.