
Цифрлық технология дамыған заманда құжат айналымының онлайн жүйесі қай салада болмасын өзінің ыңғайлылығымен, дербестігімен айқындалады. Осы бағытта әрине электронды үкімет порталы мемлекеттің халықпен қарым-қатынас жұмысының сапасының артуына ықпал етіп, тиімді, ашық, әрі азаматтарға қолжетімді бола түсті.
Бүгінде республика соттарында сот төрелігін іске асыру процесін жетілдіруде, сот қызметіне интернет арқылы қол жеткізуде және сот процесінің анықтығын қамтамасыз етуде ықпал ететін жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып келе жатыр. Ал, сот жүйесіне енгізілген заманауи ақпараттық технологиялар электронды инновациялық сот төрелігін атқарумен ұштасады. Бұл сот қызметінің ашықтығы мен жариялылық қағидатын ұстанып, халықтың сотқа деген қолжетімділігі мен сенімін арттыруға өз септігін тигізеді.
Азаматтар мен заңды тұлғалар үшін сотта қарауды жеңілдету мен қолжетімді ету, сол сияқты сот ісін жүргізуде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану үшін бүгінгі күні сот жүйесінде сот процесіне қатысушыларға SMS – хабарлама жолдау және оларды электрондық пошта арқылы хабардар ету жүйесі, Жоғарғы Соттың Интернет ресурсында 2014 жылдан бастап сот ісін жүргізудің барлық бағыттары бойынша электронды түрде 50-ден астам қызмет түрлері ұсынылатын «Сот кабинеті» сервисі іске асырылуда. Сот жүйесі дыбыс-бейне жазбасының жетілдірілген жүйелерімен жабдықталған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда сот ісін жүргізуді автоматтандыру және оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі іске асырылғанның нәтижесінде сотқа жүгінушілер, барлық арыздарын, талап-арыздарын осы сервис арқылы сотқа жолдауда.
«Сот кабинеті» — бұл сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтеріне рұқсат алуға арналған бірыңғай терезе. Ол арқылы азаматқа, оның өкілі немемесе адвокатқа өзіне қолайлы кез-келген уақытта үйінен, кеңсесінен шықпастан, интернет желісі арқылы арызды (өтінішті , шағым мен наразылықты электрондық түрде жолдауға, мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеуге, сот құжатын, сондай-ақ істің статусын көруге және сот актісінің көшірмесін басып шығарып алуға, сонымен қатар процессуалдық мерзімдерді қадағалауға мүмкіндік берілген.
Сотқа талап арызбен (шағыммен) жүгінген азамат оның тіркелгені жөнінде оның ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен сайт арқылы таныса алатындығы жөнінде логин мен құпия сөз көрсетілген SMS – хабарлама жіберіледі. Бұл ретте азаматтармен сот құжатын алуға сотқа барып уақытын кетіріп, қаражатын шығындаудың қажеті жоқ.
«Сот кабинеті» қызметінің мобильдік нұсқасы бар. Бұл сервис сот өндірісін жеңілдетумен бірге саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Яғни, сот кабинетіне кіру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығынан электронды сандық қолтаңба алу жеткілікті. Сонымен қатар ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті «Сот кабинеті» сервисіне QR –кодтарының жаңа технологиясын енгізген болатын. QR –код арқылы авторизациялау сервисін енгізу аталған ресурстарды пайдалану процесін жеңілдете түспек. Халыққа ыңғайлы болу үшін сервистегі ұсынылатын құжаттарға қол қою тетігі өзгертілді.
Ендігі күні азамат пен заң өкілдері QR –код арқылы электронды құжаттардың заңдылығын қүра алады. QR –кодты тексеру үшін сізге мобильді сот кеңсесінің соңғы нұсқасын орнату қажет және арнайы функция арқылы QR –кодқа сканерлеу өткізу керек.Осыдан кейін смартфонның экранында барлық керекті атрибуттармен электронды нұсқа шығады.
Дыбыс-бейнежазба шеңберінде соттарды бейнеконференция-байланыс жүйелерімен жабдықтау жолымен сот төрелігін қашықтықтан іске асыру мүмкіндігі де іске қосылды. Сонымен қатар, сот жүйесіне «Гибридті электрондық пошта» (ГЭП) енгізілді.
Тапсырыс бойынша гибридті жөнелтілімдер технологиясын қолдану кезінде жергілікті соттардан жолдауға арналған ақпарат (сотқа шақыру қағазы) пошта байланысы бөлімшесіне электрондық түрде жолданады, «Қазпошта» АҚ жағында қағазға басылып, пошталық конвертке буып-түйіліп, соңғы адресатқа жеткізіледі. Бұл ретте жеткізілу немесе жеткізілудің мүмкін еместігі туралы статустар «Төрелік» ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.
Сот жүйесінде заманауи технологияларды, оның ішінде жоғарыда айтылған функцияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, төрешілдік кедергілерді қысқартады, сот органы қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың қысқаруына септігін тигізеді, халықтың уақыты мен қаражатын үнемдейді, еліміздің халқы үшін сот жүйесінің максималды ашықтығы мен қолжетімділігіне жетуге мүмкіндік береді.
Сот жүйесі үшін бұл – сот төрелігін іске асыру үрдісін жеңілдету, сот ісін жүргізуді оңтайландыру және автоматтандыру, ақпараттық технологияларды дамыту, бюджет қаражатын үнемдеу болып табылады.
Сот жүйесі биліктің бір тармағы ретінде электронды құжат айналымын енгізіп, электронды сот ісін жүргізуге көшуде. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданыла бастаған дыбыс-бейнежазба құрылғысы сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Облыстың барлық соттарына орнатылған бейнеконференцбайланыс жүйесі аумақтық және аудандық соттар араларындағы дистанциялық оқытуға, семинарларды өткізуге, қашықтықтан қатынасу тәсілімен сот төрелігін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сот жұмысын сапалы ұйымдастыруда соттарға мелекет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп отыр, сондықтан халықтың сот корпусынан күтетін сеғнімін ақтау үшін барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істеуге міндеттіміз.
А.Ш.Досмурзина
Батыс Қазақстан облысының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сот Әкімшісінің
сот отырысының
бас маманы – хатшысы