
Сыбайлас жемқорлық – бұл бір адамның пара беруі немесе бір лауазымды тұлғаның оны алуы ғана емес. Бұл – тұтас қоғамның санаға сіңген дертінің көрінісі. Парақорлық – қағаздағы заңды емес, халықтың сенімін бұзатын құбылыс. Оны жеңу үшін тек бақылау мен жазалау жеткіліксіз – нағыз күрес әр азаматтың өз ішінде басталуы қажет.
Бүгінгі қоғамда кейбіреулер сыбайлас жемқорлықты “мәжбүрлік”, “дағды”, “қалыптасқан жүйе” деп қабылдайды. Мұндай көзқарас — адал еңбекке деген сенімнің жойылғанын көрсетеді. Біреу кезексіз баласын балабақшаға орналастырады, екіншісі жұмысқа парамен тұрады, үшіншісі мемлекеттік қызметтің «қысқа жолын» іздейді. Осы әрекеттердің барлығы – әділдікке емес, айлаға негізделген өмір салтына жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықтың ең үлкен зияны – ұрланған қаражатта емес, болашақ ұрпақтың сана-сезімінде. Адал еңбек еткен адамның емес, “жолын тапқанның” алға шығуы – жастардың дүниетанымын бұзады. Осылайша, қоғамда “адал болу – ақымақтық” деген бұрыс түсінік қалыптасады.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңдар, антикоррупциялық стратегиялар мен қадағалаушы органдардың жұмысы маңызды. Дегенмен, бұл дертпен күрес тек сыртқы бақылаумен шектелмеуі тиіс. Әрбір адам пара беруді немесе алуды емес, одан бас тартуды – азаматтық борыш деп түсінгенде ғана оң нәтиже болады.
Біздің қоғамда пара беруді ұят емес, ұсталып қалуды ұят санайтын түсінік қалыптасқан. Ал бұл түсінік өзгермейінше, мың заң да, жүз науқан да жемқорлықты тоқтата алмайды. Шын өзгеріс – әр адамның ішінде басталуы керек.
Сыбайлас жемқорлық – сенімге жасалған қастандық. Халықтың мемлекетке, заңға, болашаққа деген үмітін жояды. Ал бұл үміт үзілсе, ел дамуы тоқтайды. Сол себепті жемқорлықпен күресте ең тиімді құрал – бұл адалдық пен ар-ождан. Адал қоғам – әркім өзінен бастаған кезде ғана қалыптасады.
И.А.Садыков
БҚО.Сырым аудандық сот әкімшісінің
аға сот приставы