
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру жолында мемлекетте маңызды саяси реформалар жүргізілуде. Мемлекетте халықтың сенімін арттыруда сот билігінің орны ерекше. Ашықтық пен жариялылық, заңдылық пен негізділік, объективтілік және бейтараптылық сот жүйесінің негізгі іргетасының басты құндылықтары болып табылады.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз етуге және сот саласын айрықша жақсартуға бағытталған кассациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық Заң қабылдады. Бұл Заңнамадағы жаңашылдық бойынша, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап, Астана қаласында үш дербес қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар жұмысына кіріспек.
Кассациялық саты – сот шешімдерінің әділдігі мен заңдылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын соңғы сот инстанциясы. Бұл сатыда, заңсыз шығарылған сот актілеріне азаматтар, жалпы қоғам және мемлекет субъектілеріне өзінің құқығын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында дау айту мүмкіндігі берілген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы қарау нәтижесінде шешім заңсыз болып, құқық бұзышылықтар орын алған жағдайда, кассациялық сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және болашақта әділетсіз шешімдердің алдын алудың шешуші құралы болып табылады. Ол сот талқылауының барлық алдыңғы сатыларында іс жүргізу және материалдық құқық нормаларының сақталғанын тексеріп, сот шешімінің заңды және әділ болуына үлкен әсерін тигізеді.
Жаңа бастамаға сәйкес, бірыңғай кассациялық тәртіп бойынша, енді істер жаппай қарау қағидасын ұстанатын болады. Яғни, кассациялық соттарға бұрынғыдай қаралмайтын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді жаппай тәртіппен кассациялық сатыдағы сот ретінде қарау және де заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыру жүктелген.
Сонымен қатар, бұл өзгеріс сот төрелігінің сапасын арттырып, сот тәжірибесін жүйелеуді, яғни төменгі сатыдағы соттардың шешім қабылдау кезінде сот төрелігінің бірыңғай жетілген моделін ұстануды, құқық жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз етеді.
Кассациялық сотқа жүгіну үшін : даулайтын іс апелляциялық сатыда қаралуы, шағым заңда көзделген мерзім ішінде берілуі және шағымда заңсыз деп танылатын шешімдегі құқық бұзушылықтар негіз болуы тиіс. Кассациялық сатыда істерді қарау мерзімі ұзартылған, бірақ түскен істер алты айдан аспайтын мерзімде қаралады.
Сондай-ақ бірыңғай кассациялық тәртіп бойынша, заңды күшіне енген сот актілері алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға бірден түседі.
Дербес кассациялық сот — қоғамдық қатынастарды реттейтін, азаматтар мен қоғамның құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құқықтық мемлекеттің институты. Әділетті және заңды сот төрелігін жүзеге асырудың және заң үстемдігін ұстанудың кепілі. Сондықтан, бұл жаңа енгізілім заңдылық пен әлеуметтік әділдікті нығайтуда және азаматтардың мемлекетке және сот жүйесіне деген сенімін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Қонысбаев Ж.Ж.
Астана қаласының азаматтық
істер жөніндегі ауданаралық
сотының бас-маман сот
отырысының хатшысы