Қазақстан халқына кассациялық соттар қажет пе?

Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан сот реформасы аясында 2025 жылғы 1 шілдеден бастап үш мамандандырылған кассациялық сот өз жұмысын бастайды. Бұл соттардың құрылуы – елдің сот жүйесін жетілдіру және әділ сот төрелігі қағидаттарын іске асыру жолындағы маңызды кезең. Осы мақалада азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысынан аталған соттардың қажеттілігі қарастырылады.
Ең алдымен, кассациялық соттарды енгізу – әр адамның сот арқылы қорғалуға құқығын жүзеге асыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Бұрын кассациялық тәртіппен сот актілерін қайта қарау шағымдарды сүзгіден өткізу жүйесімен шектеліп келді, бұл жағдай шағымдардың басым бөлігі мәні бойынша қаралмай қалуына әкелді. Мұндай тәжірибе азаматтардың жоғары деңгейдегі әділ сотқа қол жеткізу мүмкіндігін іс жүзінде шектеді.
Жаңа кассациялық соттардың енгізілуі бұл кедергіні жояды: енді әрбір кассациялық шағым алдын ала іріктеусіз үш судьядан тұратын алқамен қаралады. Осылайша, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаттары жүзеге асады, сонымен қатар сот арқылы қорғалуға берілетін кепілдер артады. Бұдан бөлек, барлық процестер ашық түрде, тараптардың міндетті қатысуымен өтеді.
Құқықтық техника тұрғысынан алғанда, жеке кассациялық сатыны енгізу -сот сатыларының жіктелуін қамтамасыз етеді және судьялардың мамандануын арттырады. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жүктемесін азайтып, оны сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге және құқықтық ұстанымдарды қалыптастыруға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл құқықтық айқындық пен құқық қолданудың тұрақтылығын нығайтады.
Алайда, бұл реформаны табысты жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан кадр саясатына жүйелі көзқарас қажет. Кассациялық сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын — елеулі құқықтық немесе сот тәжірибесі тәрізді заңмен бекітілген талаптар кәсібилік пен бейтараптықтың кепілі болып табылады, алайда тәжірибеде тағайындау рәсімдерінің ашықтығы мен судьялардың тәуелсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс.
Қорытындылай келе, кассациялық соттардың құрылуы – уақтылы әрі қажетті қадам екенін атап өткен жөн. Бұл халықтың мүддесіне сай келеді, өйткені азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді, сот төрелігін қолжетімді әрі ашық етеді. Егер бұл реформа тиісті деңгейде жүзеге асырылса, ол қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттырып, Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекеттің қалыптасуына елеулі үлес қосады.

Ринат Ажиканович Лукпанов
Астана қаласының
азаматтық істер жөніндегі
ауданаралық сотының бас
маман — сот отырысының
хатшысы