
«Сіздің ойларыңыз сіздің өміріңізге айналады»
Маркус Аврелий,
16-шы Рим императоры
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында мелекетіміздің «…ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп танылады. ҚР Конституциясының 15-бабы әркімнің өмір сүру құқығына кепілдік береді. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) маңызды құжаты болып табылатын «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» өмір сүру құқығын адамның ажырамас құқығы ретінде жариялайды.
Адамның өмірі әлемдегі теңдесі жоқ ең үлкен құндылық. Бұл табиғаттың ең жоғары сыйы. Жер планетасында бұл мәннен жоғары ештеңе жоқ. Әр адамның өмірі өлшеусіз құнды және әсіре бірегейлілігімен сипатталады. Оның шынайы құндылығы дәл осы бірегейлікке саяды. Бұл даналық түсінік бүкіл адамзаттың гуманитарлық мақсатының негізінде болуы керек. Философтар, психологтар, әлеуметтанушылар және басқа ғылымдардың өкілдері адамның мінез-құлқын не анықтайтынын, тұлғаның қалыптасуына қандай факторлар әсер ететінін, адам үшін қандай құндылықтар басымдыққа ие екенін түсінуге тырысады. Осы сұрақтарға салмақты жауап алу — әділ және гуманитарлық қоғам құруға ықпал етеді. Сонымен, нәсіліне, ұлтына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне, діндерге деген көзқарасына қарамастан, жер бетіндегі әрбір адамның өмірі аса бағалы құндылық ретінде құрметтелуге лайық. Адамның өмірін Жаратушының (бұл құбылыс — құдайдың ісі немесе табиғаттың өзінен-өзі дамуы арқылы пайда болған деп түсіну өз еркіңізде) баға жетпес сыйы ретінде тану — оның қорғалуы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Аталған жауапкершілік адамның бұл сыйлықты қалай менгеруімен қатар, қоршаған ортаға және басқа адамдарға қалай қарайтындығымен тығыз байланысты. Ұлы Абай өзінің терең ойлы «қара сөздерінде» және мейлінше көркем өлнеңдерінде өмірдің құндылығын және оны қорғау қажеттілігін барынша әсерлі білдіреді. Өмір — бұл қорғалуға жататын құндылық және әлеммен үйлесімді ғұмыр кешетін қымбат сыйлық екенін ол баса айтады. Ал Отырардан шыққан ұлы жерлесіміз Әл-Фараби өмірдің мәні кемелдікке, бақытқа және шындықты білуге қол жеткізу деп есептеді. Ол адам өзін және қоғамды жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін ізгілікке ұмтылуы керектігін атап өткен. Ешкімнің заң шеңберінен тыс, басқа адамдардың тағдырын негізсіз басқаруға, оларға өз көзқарастары мен құндылықтарын жүктеуге құқығы жоқ. Әр адамның тағдыр жолын таңдау еркіндігіне, өзі қалаған бірегейлігіне құқығы бар. Әр адамның тағдырының бірегейлігін мойындау — әргімнің таңдауына, оның өмір жолына құрметпен қарауды білдіреді. Алайда, көптеген тарихи фактілер адам өмірінің саяси, экономикалық немесе идеологиялық мүдделерге санаусыз құрбан болғанын көрсетеді. Не дегенде, кез-келген адамға шынайы гуманистік көзқарас- бірегей және қайталанбас тағдырдың иесі ретінде әр өмірдің сөзсіз құндылығын мойындау болып табылады.
Маңызды мәселе — бұл өмірдің ең үлкен құндылық екендігі туралы сөзсіз гуманистік шындықты айту ғана емес, сонымен бірге оған не қауіп төндіретінін, оны және біздің планетамыздағы барлық биоалуантүрлілікті қалай қорғауға болатындығын түсіну. Бүгінгі күнгі ең өзекті сұрақ, жалпы жердегі өмірге не қауіп төніп тұр? Адамзат не туралы шұғыл ойлануы керек?
Жаһандық мәселелерді зерттейтін Австралия ғалымдарының «Адамзаттың болашағы үшін құрылған Комиссия» зерттеу ұйымы «ХХІ ғасырда аман қалу және әлем халықының әл-ауқаты» ғылыми ізденістерінің ауқымды қортындысын дайындады, онда жер бетіндегі тіршіліктің 10 негізгі қатері аталды. Сарапшылардың ескертуінше, егер оларға уақтылы шұғыл да тыңғылықты мән берілмесе, бұл қауіп-қатерлер адамзат пен табиғаттың мүлдем жойылуына дейін апатты салдарға әкелуі мүмкін. Бұл зерттеу қортындының авторлары кешеуілдетпей, тез арада шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін ерекше атап көрсетеді. Мұны біздің планетамызда жиі кездесетін көптеген кеселді факторлар талап етеді. Олардың алдын алу үшін ғалымдар әлем мемлекеттері үкіметтерінің бірігіп іс-шара жасауға жұмылуымен қоса, әр адамның өзін-өзі ұстау, жүріс-тұрысы, іс-қимыл, әдеп пен әдет мәдениетін көтеруге шақырады.
Ғалымдардың деректі де дәлелді тұжырымдары мына қортындыларға сүйенеді. Адамзаттың өмір сүруіне ең үлкен қауіп-ядролық қарудың және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудың таралуы. Бүгінде әлемде 9 ядролық держава бар. Барлық ядролық қарудың 89 пайызы тек Америка Құрама Штаттары (АҚШ) пен Ресейде шоғырланған. Әлемде 13 мыңнан астам ядролық қару бар, олардың 2 мыңға жуығы жоғары әскери дайындық жағдайында. Егер бұл арсеналдың бір пайызынан азы өздігінен жарылып кетсе, «мұз дәуірімен» салыстыруға болатын климаттық апат болады. Температураның күрт төмендеуі ауылшаруашылық жүйесінің бұзылуына әкеліп соғады, нәтижесінде адамдардың көп бөлігі аштықтан өледі. БҰҰ-ның ядролық қаруға тыйым салу туралы шарты оны 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін ғана күшіне енеді. Қазір әлемде осындай 36 мемлекет бар, ал кейбір ядролық державалар, соның ішінде Ресей де шартқа қосылуға ниеті жоқ.
Жер бетінде парниктік газдардың концентрациясы үнемі өсіп отырады, олардың едәуір бөлігі қазба отындарын жағу нәтижесінде атмосфераға түседі. Осыған байланысты әлемдік орташа температура жоғарылайды. Әлемдік температураның өсуі, соның ішінде құрғақшылық пен су тасқынын қоса алғанда, экстремалды ауа райы құбылыстарының көбеюіне әкеледі. Бірақ егер адамдар парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін шаралар қабылдамаса, онда 2035 жылға қарай әлемдік температура 2 °C, 2050 жылға қарай 3 °C, ал 2100 жылға қарай 4 °C — қа көтеріледі. Тиісінше, әлемдік қауымдастық климаттың өзгеру процесін бәсеңдету үшін шұғыл шаралар қабылдауы керек.
Табиғи ресурстарды шамадан тыс пайдалану биоәртүрліліктің жоғалуының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) зерттеушілері соңғы бірнеше онжылдықта балықтардың, құстардың, сүтқоректілердің, қосмекенділердің және бауырымен жорғалаушылардың популяциясы орта есеппен 60% — ға азайғанын хабарлаған «Тірі планета» есебін жариялады. Тағы кем дегенде жануарлардың миллион түрі (жер бетінде бар 8 миллионнан) жойылу қаупінде тұр.
БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың аяғында Жер тұрғындарының саны шамамен 8,2 миллиард адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жылына 1% — ға артады. Егер халықтың өсуі бәсеңдемесе, 2090 жылға қарай Жер бетінде 15 миллиардтан астам адам болады. Халықтың еселеп өсіп келе жатқан деңгейі және соның салдарынан ресурстардың үлкен көлемін тұтыну жаһандық дағдарысты тудыруы мүмкін. Демограф зертеушілер бала туудың ерікті төмендеуін ұсынылады.
Әлемдік халық саны өскен сайын адамзаттың ресурстарға деген қажеттілігі артады: тек соңғы 120 жылда ол 40 есе өсті. Қазірдің өзінде ресурстарды тұтыну жылдамдығы олардың қалпына келу жылдамдығынан 1,75 есе көп. Жыл бойы адамдар 3,8 трлн тонна тұщы суды, 17 млрд тонна пайдалы қазбаларды, 5 млрд тонна азық-түлікті пайдаланады. Алайда, көптеген елдердің үкіметтері табиғи материалдарды бірнеше рет пайдалануды және қалдықтарды азайтуды көздейтін циклдік экономиканы енгізу үшін жеткілікті шаралар қабылдамайды.
Белсенді өндірістік және ауылшаруашылық қызметі қоршаған ортаға жыл сайын 120-220 миллиард тонна химиялық заттардың, соның ішінде ауыр металдар мен пестицидтердің түсуіне әкеледі.
Бұл элементтер жануарлар мен адамдардың ағза тіндерінде жиналуы мүмкін. Бұл шығарындылардың адам денсаулығына және бүкіл экожүйеге әсер ету ауқымы туралы бәрі бірдей нақты түсінікке ие емес. Бірақ бұл заттардың адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретіні анық. Дүние жүзінде жүздеген миллион адамдар тамақ тапшылығынан зардап шегеді. Тағы 2 миллиардқа жуық адам өздерін жеткілікті мөлшерде тамақпен қамтамасыз ете алмайды. Бұл ретте әлемде өндірілетін шамамен 5 млрд тонна азық-түліктің шамамен 2 млрд тоннасы тамақ қалдықтарына айналады немесе көліктің, тиісті сақтау жағдайларының болмауына байланысты жол бойында «жоғалады». Бұл мәселе жердің деградациясы, су тапшылығы және экожүйелердің жойылуының күшеюімен де күрделене түседі. Зерттеушілер ондаған жылдар бойы адамзатқа пандемия қаупі туралы ескертіп келеді. Алайда, COVID-19 зардабы әлемнің көптеген елдері мен жалпы экономикалық жүйенің жаппай және тосын килігетін инфекцияларға дайын еместігін көрсетті. Олар коронавирустың таралу жылдамдығын және денсаулық сақтау жүйесіне әсер ететіндердің күрт өсуін дәл болжай алмады.
Роботтар, нано және биотехнологиялар, жасанды интеллект технологиялары және машиналық оқыту адамзатқа үлкен қауіп төндіреді. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен машиналық оқыту, кейбір зерттеушілердің пікірінше, қазірдің өзінде қоғамдық пікірді манипуляциялау үшін қолданылады. Баяндама авторлары бұл технологиялардың адамзатқа пайда әкелетінін жоққа шығармайды. Алайда бұған қоғамның хабардарлығының төмен деңгейі және оларды көптеген елдерде қолдану үшін тиісті заңнамалық базаның болмауы кедергі келтіреді.
Көптеген жылдар бойы адамдар өмірге ықтимал қауіп-қатерлерге немқұрайлы қарады және оларға тиісті назар аудармады. Бұған белгілі бір дәрежеде мүдделі тараптар таратқан қасақана жалған ақпарат ықпал етткені де жасырын емес.
Мемлекет басшысы Қ. Қ. Тоқаев 2024 жылғы 8 сәуірден бастау алған бүкіл республика бойынша елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және азаматтарда экологиялық дұрыс өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» уақтылы және тұрақты экологиялық акциясын іске қосты. Аса айта кетер жайт, әлемдегі елдер арасындағы шиеленісті қатынастарға және адамзат тап болған экология саласындағы күрделі мәселелерге қарамастан, табиғатты қорғап, адам өмірін сақтап қалуға болады. Біз осы асыл мақсатқа бар күшімізбен бірге ұмтылуымыз керек. Жер біздің ортақ үйіміз, сондықтан қоршаған ортаға қайтымсыз салдарға жол бермеу және планетамызды ластанудан қорғау қажет. Біздің өміріміз де, жалпы әл-ауқатымыз да, планетаның болашағы да қоршаған ортаның оңтайлы жағдайына байланысты. Адамзат пен қоршаған ортаны қорғаудың анықтаушы факторы — жер бетіндегі әрбір адамның өмірлік пайым-мақсатын, мінез-құлқын және тәлім-тәрбиесін жетілдіру. Осыған орай мынадай маңызды деген пайымдағы ұсынысымды бергенді жөн көріп отырмын. Егер БҰҰ «Жер бетіндегі жаппай тіршілікті қорғау және әр пенденің өзін-өзі ұстау Декларациясы» қарарын қабылдаса, адамзаттың әлемде жойылмай дамуына қосылған үлкен игілікті үлес болар еді. Осыған сәйкес дана Абай: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген жалпыға бірдей арналған ізгілікті ойды бекер айтпаған. Бұл пайымның қазіргі таңда өте маңызды екені анық!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист