Қазақ тілінің құдіреті

Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді.
Тіл тұғырының биікке көтерілгені — халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында бүгінгі күнгі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне баса назар аударды. Алдағы уақытта туған тіліміздің мәртебесі күшейіп, ұлтаралық қатынас құралына айналатынын жеткізді. Бұған дейінгі кездесулерде де Мемлекет басшысы тіл тақырыбына қатысты ұтымды ойын білдіріп келді. Қазіргі жаһандану заманында бұл мәселе ешқашан өзектілігін жоймайды.
Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі ширек ғасырға таяу уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі- бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі, мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі.
Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті.
Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Жоғарыда тілге тиек еткендей, халқымыз тәуелсіздігін алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, кейбір азаматтарымыздың тілді мойындаса да игеруге асықпайтындығы, сол ежелгі таптауырын болған қағидаттардан арыла алмай жүрген жайы да жоқ емес. Ал болашығымыздың қазақ тілінде екендігін ескерсек, тіл төңірегіндегі кемшіліктерті түзеу, әрбір елім дейтін азамат үшін, ат үсті қарап, айналып өтуға келмейтін мәселе екендігі даусыз.
Әр адамның азаматтық қасиетті- салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз туғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінінің жоғарылуы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр. Туған тіл тіліміздің мерейі үстем болсын!

А.Каиров
Ақмола гарнизоны әскери
сотының судьясы