
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде алқабилер институтының рөлі ерекше. Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» заңына сәйкес, алқаби — сот тарапынан қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы.
Алқаби – бұл қылмыстық істер бойынша сот процесіне қатысып, үкім шығаруға атсалысатын қарапайым азаматтардан құралған алқалы топ. Олар сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтауға көмектеседі. Бұл — халықтың сот билігіне қатысуының нақты көрінісі.
Алқабилерге кандидаттардың бірыңғай тізімі соттың сұрау салуымен Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесі және «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері арқылы электрондық нысанда қалыптастырылады. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынады. Тізімде алқабиге кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, күні мен айы және тұрғылықты жері бойынша тіркелуі көрсетіледі. Алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде 25 жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар және психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының себебі бойынша ден-саулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Сондай-ақ судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi де ене алмайды. Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар, өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар, 65 жастан асқан адамдар, дiни қызметшiлер өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алып тасталады.
Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойылатын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге, iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға, жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, заңда көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады. Төрағалық етуші судья сот отырысы барысында алқабилерге қойылатын шектеулерді сақтамаған алқабиді сот процесіне одан әрi қатысудан шеттетуі мүмкін. Бұл жағдайда шеттетілген алқабиге айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.
Алқабиге бюджет қаражаты есебiнен іс бойынша төрағалық етуші судьяның лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына барабар, оның негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленеді. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары да республикалық бюджет қаражаты есебiнен өтеледі. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек өтілін есептеген кезде есепке алынады. Алқабидiң мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Лауазымды адамның, яғни жұмыс берушінің азаматқа сотта алқаби мiндеттерiн атқаруға кедергі келтiруі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің талаптарына сәйкес ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Алқабилердің қатысуымен істің қа-ралуы сотталушының еркіне байланысты. Егер ол қаласа, алқабимен қаралады, егер қаламаса, онда судья өзі қарайды.
Алқабилер – кәсіби судьялар емес, олар – қарапайым азаматтар. Олар істің мән-жайын тыңдап, өз ар-ұжданы мен ішкі сенімі арқылы шешім қабылдайды. Бұл – сот үкімінің әділетті болуына үлкен үлес қосады. Халық өкілдері сот процесіне қатысқан кезде, соттың ашықтығы мен сенімділігі артады.
Тлемберлиева Алия
Артуровна
БҚО қылмыстық
істер жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сот
әкімшісінің бас маманы