
Қазақстанда соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданғандар азаймай келеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған инвестициялық жобалар мыңдаған азаматты қаржысынан айырып отыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2024 жылы елімізде 42 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Олардың кесірінен азаматтарға келген шығын көлемі 20 миллиард теңгеден асты. Соның ішінде 13 миллиард теңгеден астамы зардап шеккендерге қайтарылды. Бұған қоса, интернет кеңістігінде 15 мыңға жуық жалған сайт пен аккаунт бұғатталып, WhatsApp, Telegram, Instagram желілеріндегі 327 чат жабылды.
2025 жылдың алғашқы айларында да жаңа істер тіркеліп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар қазір офлайн кездесулерден гөрі, толығымен онлайн жүйеге көшіп, адамдарды “жылдам инвестиция”, “тез табыс” деген жарнамамен арбауда.
Қалай жұмыс істейді?
Қаржы пирамидалары қарапайым схемаға негізделген:
- Жобаға жаңа қатысушылар тартылады;
- Олардың салған ақшасы бұрынғыларға “табысың” деп қайтарылады;
- Нақты бизнес, өнім немесе қызмет болмайды;
- Жаңа адамдар азайған сәтте пирамида құлап, соңғы салымшылар ақшасыз қалады.
Кейбірі өзін “инвестициялық компания”, “бизнес-клуб”, “жинақ қоры” деп таныстырып, лицензиясы жоқ болса да заңды ұйым ретінде көрсетеді.
Неге адамдар сенеді?
Алаяқтар көбінесе мынадай тәсілдерді қолданады: - Жоғары табысқа уәде – айына 30–50 пайыз “пайда”.
- Таныстар арқылы жарнама – досыңыз немесе туысыңыз кіріп, уақытша аздап пайда көріп, сізді де шақырады.
- Әлеуметтік желідегі жарнамалар – сәнді өмір салтын көрсетіп, “осындай табысқа жетесің” деп иландырады.
Психологтардың айтуынша, адамдардың ең әлсіз тұсы – “жылдам әрі оңай ақша табу” арманында.
Мамандар азаматтарға мына қарапайым ережелерді есте сақтауға кеңес береді: - Компанияны fingramota.kz сайтынан немесе AFM Baiqa Telegram-ботынан тексеру;
- Егер ұйымның лицензиясы жоқ болса – ол күмәнді;
- “Жаңа адам әкелсең, табысың өседі” деген жүйе – пирамида белгісі;
- Қауіпсіздік үшін күмәнді жарнамаларға деректер мен төлем картасын енгізбеу.
Қаржы пирамидалары – тек бір адамның емес, қоғамның да қаржылық қауіпсіздігіне қатер. Арбаудың әдісі заманға қарай түрленсе де, олардың мәні өзгермейді: бұрынғы салымшының “табысы” – кейінгілердің қалтасынан алынған қаражат. Сондықтан әр азамат қаржысын қорғаудың ең сенімді жолы – ақпаратқа сын көзбен қарау және уәде етілген “жеңіл пайдаға” сенбеу.
Қуандық Т.С.
Астана қаласының қылмыстық
істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман – сот
отырысының хатшысы