
Егеменді Қазақстанның қоғамы мен мемлекеті нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына сәйкес дамып келе жатыр. Осы кезең ішінде экономикалық және әлеуметтік қарым-қатынастың жүйесінде бүгінгі күнге дейін, әлі дұрыс бағаланбаған өте маңызды өзгерістер болды. Сонымен қатар, біздің қоғам өркениетті және еркін нарыққа қарсы бағытта үлкен талпыныс жасады.
Мұндай өзгерістердің құқықтық негізі жаңа Қазақстанның Конституциясы және оның негізінде қабылданған заңдар болып табылады. Елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ретінде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиатор — «Медиация туралы» Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға. Медиатор алдын ала кеңес бермейді. Медиацияның өзге делдалдықтан маңызды ерекшелігі сараптамалық тәжірибиесі мол болуында. Қазіргі уақытта тәжірибелі медиаторлар бірігіп арнайы ұйымдар құрып алған. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты көбіне өздеріне жарнама жасау мен ақылы курстар ұйымдастыру болып келеді. Медиаторлар негізінен осындай курстарда дайындалады. Сондай-ақ, ешқандай курссыз өз бетімен білімін жетілдіріп алып немесе арнайы құқықтық білімі болғандықтан медиацияны кәсіп еткендер де бар; арнайы құқықтық біліктілікті қажет етпейтін жанжалдарды шешуге дағдыланған әуесқой медиаторлар да кездеседі; сондықтан, екі жақты бітімге келтіре алатын қабілеті бар кез-келген адам медиатор бола алады.
Медиацияның басты мақсаты қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Оңтайлы тұсы – қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылып, айларға ұласуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленгенімен оған тараптардың бірінің өкілдері келмей қалып, жайсыз жағдай тіптен ушыға түседі. Дауды шешу үшін медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылғанның өзінде екі айдан аспауы тиіс. Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды.
Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың өз мүдделерін ескере отырып, заң аясында тараптардың өздері шешім қабылдағанына әрекет етеді. Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жариялауына жол бермейді.
Медиация – негізінен азаматтық, оның ішінде білім, денсаулық саласында, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылалады. Медиацияның даму болашағы өте зор, себебі медиация жанжалдасушы тараптарға қолайлы шешім қабылдайтын икемді рəсім.
Медиация тəртібімен дауды реттеу мен бейбіт келісім жасаудың ұқсас жақтары бар. Егер бейбіт келісімшарттары талап арыз шеңберінен тыс болса, сот бейбіт келісімді бекітпейді, оның үстіне заңнама тəртібінде соттың бейбіт келісімді жартылай бекітуі қарастырылмаған.
Медиация кезінде тараптар айтылған ұстанымдардан бастартып, дауды реттеудің түрлі жолдарын қарастыра алатындығы — медиацияның, бейбіт келісімге қарағанда, пайдалылығы жағынан айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Дауды реттеу туралы медиативтік келісім сот процесі барысында да, соттан тыс тəртіпте де жүзеге асырылады.
Тараптардың соттан тыс тəртіпте жасаған медиативтік келісімдердің азаматтық- құқықтық келісімшартпен тең күші бар, сол себепті тараптардың бірі келісімді орындауға бастартқан жағдайда, мүдделі тарап жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу тəртібіне сəйкес, келісім бойынша міндетті орындау туралы шағымымен сотқа жүгінуге құқығы бар.
«Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында талап қою арызын қабылдау 10 жұмыс күндік мерзім болып белгіленді (бұрын 5 күндік болған), осы мерзім ішінде дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тараптардың өзара келісімін бекітеді. Осыған орай істің сотта қаралуы аясында медиацияның жүзеге асырылуы тиімдірек жəне оның үстіне төленген мемлекеттік баж төлеген тұлғаға қайта қайтарылады. Егер тараптың бірі сотпен бекітілген медиативтік келісімнің шартын орындамаса, онда екінші тарап медиативтік келісімді мəжбүрлі түрде орындату туралы шағыммен сотқа жүгінуге құқы бар.
Дауды шешудің балама әдістерін дамыту соттағы істерді азайту арқылы соттық жүктемені пәрменді тәсілмен оңтайландыру болып табылады, бұл өз кезегінде сот төрелігінің сапасын көтеріп, азаматтардың сот қорғауына сенімін қамтамасыз етеді, ең бастысы – адами қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Қазіргі жаңа заман дәуірін¬дегі азаматтық қоғамда адам¬дардың еркі мен құқына тең дәрежеде қарау мәселесі алғы кезекке шыққаны жасырын емес. Осы аталған мәселе нәтижелі атқарылғанда ғана тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділік деңгейі жоғары болады. Іс барысында мә¬лім болғанындай, медиация¬ны енгізу арқылы ел аза¬маттарының құқықтық сауат¬тылығын арттыруға, Қазақ¬стандағы азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік жасалды. Бірақ біз медиация институты мен сот жүйесіндегі дау-жанжалдарды тең дәрежеде реттеу мәселесін жолға қоюымыз қажет. Сонда ғана еліміздің құқық саласындағы көкейкесті мәселелер оң тұрғыдан шешіледі.
М.Ж.Бактыгулов
БҚО, Жаңақала аудандық
сотының төрағасы