Биыл ел болып Мемлекет басшысының бастамасымен ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтпекшіміз.
Қазақ халқының асылдарының бірі — Абайдың тағылымы мол мұрасы рухани жаңғыруға жетелейді. Абай туындылары, ой-тұжырымдары көкейге тиіп қана қоймайды, санаға ой ұялатады, таптырмас рухани азық болып табылады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында дана ақынның шығармалары расында да тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани өмірін жан-жақты дамыта алатынын, Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы екендігін, «Қара сөздері» әлем халықтарының ортақ қазынасына айналғандығын атап өтіп, Абайдың еңбектерін ой елегінен өткізіп, ұлт ретінде жандануға шақырды.
Айтулы мерейтой қарсаңында көптеген ауқымды іс-шаралар жоспарланып, атқарылып жатыр.
Абайдың өміршең мұрасын насихаттау мақсатында Нұр-Сұлтан қалалық соты да ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай конференция өткізді.
Конференцияға қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті заң факультетінің деканы, профессор Жамаладен Ибрагимов, №3 қалалық кітапхана өкілдері қатысты.
Конференцияны аша отырып, сот төрағасы Тлектес Бәрпібаев көрнекті ақын, қазақ халқының маңдайына біткен ойшылдың мұрасын тілге тиек етті. Ол ұлы Абайдың өнегелілік өсиеттері, асыл ойлары мен ақыл-кеңестеріне жас ұрпақты рухани тәрбиелеу мен рухани дамыту үшін құлақ салу қажеттігін айтты.
Профессор Жамаладен Ибрагимов судьяларды Абайдың құқық нормаларының дамуындағы рөлімен, Абайдың заң шығарушылық қызметі және құқықтық ойларымен таныстырды. Профессор Абайдың би, заң шығарушы ретінде танымал болғанын, сондай-ақ дала заңдары мен әдет-ғұрыптарының жиынтығы болып табылатын «Қарамола ежересін» әзірлеуге ат салысқанын атап өтті.
Конференцияға қатысушылар әлем мойындаған Абайдың рухани асыл мұрасын танып-білуге, жаңғырту мен насихаттауға, даналығын ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығына тоқталды.
Айта кетерлік, Абай тек қазақ әдебиетінің жаңа жазбасының негізін салушы болып қана қоймады, ол өзінің білімін шығыс әдебиеті мен философиясы аясында шыңдады. Ал 20 жасында ол шешендігімен елге танылды.
Баяндамашылар Абайдың би, дала заңының негізін қалаушы болғанын тілге тиек етті. Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлдана Шарапатова 1885 жылдың мамыр айында Қарамола жәрмеңкесінде өткен төтенше съезінде қабылданған «Қарамола Ережесі» жайлы ақпаратты тарқатып айтып берді.
«Қарамола ережесі» қазақ даласында тұңғыш жарық көрген, процессуалдық және материалдық нормалардан тұратын құқықтық құжат. Бұл ереже қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайда даулы мәселелер мен істерді қарастыру үшін негіз болды. Қарамола ережесі құн дауы, жесір дауы, мал дауы, дауларды шешу, айғақтау жүйесі, сотты жүргізу тәртібінің ерекшеліктері жинақталған, құқықтық дәстүрлер қалыптасқан құжатқа айналды.
Абайдың тәрбиелілік мәні бар туындылары, асыл сөздері, қайталанбас шығармалары, дауларды шешудегі құқықпен сабақтас өмір философиясы сан ғасырлар өтсе де маңыздылығын жоғалтпады. Керісінше қазақ халқының бойтұмарына, сарқылмас игілігіне айналды.
Конференция жұмысын қорынтыдылап сөз сөйлеген қалалық соттың төрағасы судьяларды қазақ халқының ұлы ағартушысының туындыларын терең зерттеп, санаға сіңіріп, ой елегінен өткізуге шақырды.
Абай 38 қара сөзінде адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен келетінін айты. Ғылымға жетудің басты шарттары ол талаптану, іздену және оны миға қондырып, ұғу деген. Абайдың арманы да елдің сауатын арттыру, оларды білім-ғылым нәрімен сусындату еді. Ол қара сөздерінде әділеттілік, адалдық, адамгершілік, сауаттылық пен мәдениеттілікті дәріптеді.
Ұлы ұстаздың кемел ұрпаққа мирас боп қалған мұрасын танып-білу кез-келген адамның рухани дамуына, білімін шыңдауына септігін тигізері сөзсіз.
Баянова Б.
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының баспасөз хатшысы