Елімізде әрекет етуші екінші деңгейлі банк қызметтеріне жүгінетін адам саны күн санап артуда. Несие беруші банктің жеке және заңды тұлғалар алдына қоятын шарттары мен талаптарына, сондай-ақ заңмен белгіленген шектеу мен құқыққа көз жүгіртсек.
Қазір кез-келген тұлға материалдық игіліктерді пайдалану үшін банктен несие қаражатын алады, алайда көп жағдайда қарыздың қайтарымы оның материалдық мүмкіндіктерінен асып кетеді. Мұндай жағдайда жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы, атап айтқанда жеке тұлғалардың тұрғын және тұрғын емес жайларға, ал заңды тұлғаларға өндірістік мақсаттағы нысандарға қатысты банктік заем шарты жасалады.
Осы санаттағы азаматтық істерді қарау практикасы, заемшы сол немесе өзге негіздер бойынша заемды қайтару үшін белгіленген мерзімді өткізіп алған жағдайда, бұрын жасалған банктік заем шартын бұзады. Себебі Банк өз кезегінде шарт негізінде тараптар арасында жасалған талаптарды орындаған, ал заемшы материалдық қиындықтардың туындауына байланысты, төлемнің мерзімін өткізіп алып, шарттың талаптарын бұзған.
Шарттың талаптары бойынша заемшы міндеттемелерін орындамағаны не тиісті орындағаны, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 722-бабының 3-тармағына сәйкес, Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы. Бұдан басқа, банктік шарттың талаптары бойынша соттан тыс, сондай-ақ сот тәртібімен кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Аталған санаттағы істерді дұрыс, толық және объективті қарау үшін, ең маңызды аспектілердің бірі, ол Банктер дәлелдері бар талап арыздарды сотқа жолдаған кезде, Банк пен заемшы арасындағы жасалған заем шартының талаптарын, талап арызда күні (датасы), заем сомасы, ақшалай қаражаттың заемы бойынша шарттың қолдану мерзімінің басталуы мен аяқталуы, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі және басқаларын анық көрсетуі қажет. Заемшының төлем мерзімін өткізіп алу бойынша барлық берешек есептері анық, толық, жауапкердің қай уақытта төлемнің мерзімін өткізіп алғандығы және оның берешекті төлемеу себебін анықтау туралы көрсетілуі тиіс. Негізгі қарыз бойынша пайда болған берешектің, сыйақы бойынша берешектің және өсімнің сомасы, (айыппұл санкциясы) анық көрсетілуі керек.
Ак-нің 272-бабына сәйкес, мiндеттеме — мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда — iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
Ұсынылатын дәлелдер, соның ішінде заемшының дұрыс және толық есептелген нақты берешегі, соттың жұмысын едәуір жеңілдетеді, өйткені ол бойынша жауапкердің пайда болған берешегі бойынша есеп жүргізуді анық зерделеуге және белгілеуге болады.
Ал осындай есеп болмаған жағдайда, пайда болған берешекті тексеру қиындық туғызады, салдарынан азаматтық істің қаралуы ұзаққа созылуы мүмкін.
Көбінесе мұндай проблемалар заемшының банк алдындағы берешегін коллекторлық компанияға берген кезде туындайды, олар талап арызбен сотқа жүгінген кезде, берешек бойынша толық есептерді ұсынбай, жай ғана жеке немесе заңды тұлғалардың жалпы берешек соммасын көрсетеді. Көрсетілген жағдайлар талап қоюшының дәлелдерінің толық болмауына әкеп соғады.
Дегенмен, бастапқыда дәлелдерді ұсыну тараптардың міндеті болып табылады, сот тараптар сотқа ұсына алмаған және талап ете алмаған жағдайда ғана қажетті дәлелдерді талап етеді және ұсынылған (қажетті дәлелдерді сұрату жөніндегі сұрау салу, оны ұсыну немесе ұсына алмау туралы жауаптары) дәлелдермен расталады.
Кейде Банктердің жауапкердің берешегі бойынша толық есептерді ұсынбау жағдайлары орын алады, яғни талап қоюшылар, сот істі қарау кезінде, дауды дұрыс шешу үшін, толық және жан-жақты дәлелдердің ұсынылуын талап етеді.
Осы санаттағы істерді қарау кезінде туындайтын аспектілердің бірі ол банк заемшының төлем мерзімін өткізіп алуын, несие бойынша банк алдындағы өзіне алған міндеттемелерді орындамауын, яғни заемшының қарыз соммасын қайтара алмайтындығын анықтаған кезде, уақытында және ұзақ уақыт пайда болған берешекті өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінбейді. Нәтижесінде сыйақы және айыппұл санкциялары бойынша жауапкер берешегінің жасанды өсуіне әкеп соқтырады, ал ол заемшыларға қатысты негізсіз және әділетсіз болып табылады, сонымен қатар олардың заңды құқықтарын бұзады.
Сондай-ақ, келесі аспектілердің бірі — ол көп жағдайда банк заемшыға несие қаражатын берген кезде, іс бойынша жауапкерлердің заемшының төлем қабілеттілігін толық тексермейді, заем қаражатын өтей алатын кепілдегі мүліктің жеткіліктігін анықтамайды. Нәтижесінде төлем мерзімін өткізіп алып, бұдан әрі соттың проблемалық заемшылардан пайда болған берешекті өндіріп алу, оларда банк берешегін төлеуге қаржыларының болмауы және несие кепілдегі мүлікпен қамтамасыз етілмегені, берешекті өндіру туралы соттың шешімін орындау бойынша жауапкерлердің және оның отбасы мүшелеріне ауыртпалық тудырады.
Тағы бір аспекті — ол соттың шешімін орындаған кезде және кепілге салынған мүлікке өндіріп алу жауапкерге кепілге салынған мүлікке өндірудің өзі, әсіресе жалғыз тұрғын үй-жайға, пәтерге не заемшы үйінің ауыртпалығы болып табылады. Соның нәтижесінде заемшы және оның отбасы мүшелері зардап шегеді.
Одан басқа, кейде заемшылардың өздері банктен несие қаражатын алған кезде толық түрде тәуекелге барғанын аңғармайды, жалпы ол несие қажет пе, әсіресе қомақты сомада, бұдан әрі банктің алдында несиені төлей ала ма, Банк заемы қажетті кепілге салынған мүлікпен қамтамасыз етілген бе, егер мәжбүрлі түрде төлемнің мерзімі өткен жағдайда, берешектің заемшыға ауыртпалық түспеуін назарға алу керек.
Алайда жоғарыда көрсетілген дәлелдер, азаматтардың мүлдем несиеден бас тартуы керек деген мағынаны білдірмейді, керісінше банктердің жұмыс істейтін талаптары мен жағдайларына дұрыс баға беру және одан туындайтын себеп салдарларға назар аудару қажеттігін түсіндіреді.
Ә. Қасенов
Нұр-Сұлтан қаласы
сотының судьясы