Абайдың эстетикалық қабылдауындағы имани гүл мәселесі

«…Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз…»
Абай

Абайдың поэзиясына, көркем әлеміне үңілген сайын, жаның тебіреніп, сезім көкжиегің кеңейіп, бар болмысың сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ләззат алады. «Көркем нәрсені оқи бастағанда, оқырман өзгеше бір әлемге енгендей болады» деп әдебиетші В.Асмус атап көрсеткендей, шынайы шеберлік биігіне көтерілген өнер туындылары, әсіресе сөз өнерінің дүниелері адам жанына, жүрегіне жол ашады, оны баулытып ала жөнеледі, шын мәнінде, өзгеше бір әсем, өзгеше бір сұлу әлемге жетелейді. Бұл ретте Абай шығармашылығын «…өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысындай, бөлшегіндей» деп бағаласа болады.
Бар сұлулықты, эстетикалық көркемдікті бойына жинаған Абайдың өлең жолдары кімді де болса, рухани биіктерге, іңкәрлікке тәрбиелейді. Сондықтан да Исламның құндылықтары да ақиық ақынның сөз шеберлігі арқасында, парасаттылығы арқасында ерекше сұлуланып, өзгеше асқақтанып, қанат жая самғаған. Әр ұғым, әр қағида бүкіл адамзаттың үлкен жүрегіне жол тауып, жадында мәңгілік сақталатындай орныққан.
Образды теңеудің биігіне көтерілген Абайдың өлең жолдары Алла Тағала мен адамды байланыстыратын көзге көрінбес тазалықтың, сұлулықтың, үйлесімділіктің жолын сызып бергендей:
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз…
Осы өлең жолдары барлығымызды өзгеше бір күйге бөлейді. Себебі барша адамзаттың бойында оянып жатқан, сол айтылып кеткен, талай айтыла жататын, эстетикалық негізін құрайтын тазалыққа, пәктікке, биіктікке деген құштарлық, әсемдікке деген құмарлық желі әрқайсысымызды еріксіз шарпып өтеді. Өзіңіздің шуақты күнде,таңертең бір әдемі көңіл-күймен «ұйқыдан» оянған кезіңізді еске түсіретін болсаңыз, бар ішкі мейіріңізді, шапағатыңызды сезетін шағыңызды оңай елестете аларсыз. Абайдың даналығы да сол мезетті дәл тауып жырлауында болар, сол арқылы адам жанын эстетикалық ляззатқа баулуы болар.
«…Көркем шығарма аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайды, бұл – эстетиканың белгілі шындығы. Талант, тәжірибе, біліммен қоса, ең басты ең негізгі, ең шешуші фактор жазушының дүниетанымын, санасын қалыптастыратын өскен орта, әлеуметтік қоршау. Тақырып беретін де, образ ұсынатын да сол орта, сол қоршау» — деген белгілі ғалым-зерттеуші Р.Нұрғалидің тұжырымына сүйене отырып, Абай мен Ислам арасындағы сабақтастықтың алыну себебін түсіндіруге болар. Табиғатпен дарыған таланттың қалыптасу жолын саралаған заман үрдісі, қоғам талабы уақыт пен кеңістікке тәуелсіз жоғары рухани қажеттіліктерді шарттады. Сондықтан Абай болмысы тақырып көкжиегін өз «ортасынан», өз «қоршауынан» таңдай келе, оның шешімін табуда биік адамзаттық тұғырларға соғады.
Сұлулыққа құштар, әсемдікке құмар ақын жүрегі биік эстетикалық талғам, асқақтық, үйлесімділік негіздеріне жүгінеді. Өзін қоршаған сан алуан адамдардың бойынан сол ізгі қасиеттерді іздеумен болады. Абай жанының айнасындай болған оның көркем шығармаларының бірде ашына, бірде таңырқай, бірде тамсана тіл қатуы да сондықтан. Заманның қайшылығына, әділетсіздігіне шыдамаған Абайдың абсолютті шындықты, идеалды арман етуі де соның нәтижесі болып табылады. Ақынның өмір сүру шарты – таным мен сенімге, сезім мен парасатқа қатар құрылатындықтан, Абай да күнделікті тіршіліктен жоғары тұратын пәлсапалы мәселелерді, биік ұғымдары тақырып етеді.
Ұлы философ ақынның ой өрісінің биіктігі, асқақтығы, дүниетаным кеңдігі, парасат заңғарлығы әр тұжырымды растап қана қоймай, оған өзіндік қолтаңбасымен образды көркемдік сыйлаған.
…Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса тәңірі үшін…
Эстетикалық образдылықтың бір сипатын құрар бұл жолдар – ақынның ақындығын танытатын, оның қазақ халқының тыныс – тіршілігі арқылы жоғары пәлсапалық мәселелерді шешетін даралық қасиетінің бірі. Әр жүрекке жететіндей, әр сана – түйсік қабылдайтындай таңдалған бұл теңеулер нағыз эстетикалық танымның динамикалы көрінісін құрайды, жекеден жалпыға, қарапайымнан күрделіге қарай өрбіген ұғымдық көкжиектер адам бойындағы рухани қасиеттердің «азығы» іспеттес. Жүректен барлық нәрсе бастау алады, ал жүрек ақылдан нәр алып сусындаса, ақылға шөлін қандырса, ол жан сұлулығының қайнар көзіне айналады.
Эстетиканың тағы бір ерекшелігі – ол сұлулыққа, асқақтыққа деген субъектінің қатынасын бейнелейді. Сол тұрғыдан эстетикалық әрекеттің, қабылдаудың, талғамның, идеалдың нормалары тағайындалады. Эстетикалық теорияның негізі эстетикалық әрекет, яғни адамның жалпыадамзаттық маңызы бар әрекет жасауын немесе, хадисте айтылғандай, оны болашақта «тірілтетін» әрекеттер тізбегі көрсетіледі. Бұл әрекеттің басты көрсеткіші – сұлулық заңдарына бағынған шығармашылық болып табылса, Абай мен оның бүкіл көркем әлемі эстетикалық әрекет пен сипатталады. Себебі оның бар поэзиялық мұрасы адамзатты биік рухани мақсаттарға жетелейтін, дүние жүзінде жақсылық, имандылық, адамгершілік қағидаларын қалыптастыратын, жоғары эстетикалық қабылдаудың нәтижесі болып табылады.
Абайдың эстетикалық талғамы өте жоғары, оны әсіресе, адамның адами қасиеттерін саралайтын өлең жолдарынан, қара сөздерінен анықтап байқауға болады. Өйткені ақынның эстетикалық жеке басының қағидаттары бүкіл адамзаттың шартты қасиеттерін тұжырымдайды.
Абай жаратылысы мен оның мінез-құлқы арасындағы сабақтасқан тұтастықты жүргізуді мақсат еткендей, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» осы өлең жолы биік эстетикалық-моральдық қағидаттардың жиынтығын құрап тұрған жоқ па?! Бар айтылып та, жырланып та жүрген биік эстетикалық категориялардың желісі осы жолға сыйып кеткендей, бүкіл адамгершіліктің, қайырымдылықтың, ізгіліктің, рақымдылықтың, кішіпейілділіктің негізі осында шоғырланғандай.
Соған дәлел ретінде Абай келесі өлең жолдарында былай дейді:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп
сен тахқиқ біл…
Бұл үш сүюді М. Әуезов «адамгершілік турасындағы үгіті», «мораль философиясы» деп бағалайды. Сол сияқты М.Мырзахметов «Абай және Шығыс» деген еңбегінің «Абай танымындағы үш сүю» деп берілген бөлімінде бұл үш сүюге төмендегідей анықтама береді: «…жаратушысын жаралған пендесінің махаббатпен сүюі керек дейтін мағынасындағы бірінші сүюді көреміз. Екінші сүю немесе ақын шығармаларында бастан аяқ үзіліссіз таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ат қойып, айдар тағуында жатыр. Абайдың «Және хақ жолы осы деп әділетті» — деген отыз сегізінші сөзіндегі нақылия, ғақылия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғадаләт ұғымына іліктесетін үшінші сүюді көреміз. Ал Ғ.Есімов «Хакім Абай» еңбегінде «имани гүлді» яғни «үш сүюді» былай таратады: «Ақынның айтып отырған бірінші сүюі: «Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті». Яғни әңгіме Алла тағаланы сүю туралы. Екіншіден: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Мәселе бүкіл адам баласын дініне, тіліне, түр-түсіне қарамай сүю керек, үшіншіден: Алланы, адамзатты сүю дәстүрін хақ жолы, әділеттілік деп, әділеттілікті сүю дейді».
Біздің пайымдауымызшы Абай айтып отырған «имани гүл» мәселесіне қатысты ұстанымымыз өзгешелеу. «Абай танымындағы имани гүлдің үш сүюі» деп, ақынның атеистік көзқарастан аулақ тәрбиеленгенін, керісінше оның исламның діни-танымдық пәлсапасына қанып өскендігін ескере отырып, төмендегідей анықтама берер едік: бірінші сүю «Махаббатпен жаратқан адамзатты — Аллаға тән», — деп танимыз, махаббаттың синонимі сүйіспеншілік, осы ретте өлеңнің екінші жолындағы «сен де сүй» деп осы сүю әрекетінің сізге дейін де жасалғанын меңзеп отыр, сонан соң «…жаратушысын жаралған пендесінің махаббатпен сүюі» дейтін мағынасындағы екінші сүюді көреміз. Үшінші сүю немесе ақын шығармаларында бастан аяқ үзіліссіз таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» «адамды сүю» дейтін ислам идеологиясынан, философиясынан алынған консепциясын аңғарамыз. Абайдың «Және хақ жолы осы деп әділетті» — деуі «үш имани гүлге» қатысты «үш сүюді» де қамтиды деп танимыз.
Сондықтан Абайдың эстетикалық қабылдауының ең биік көрсеткіші – эстетикалық идеал. Барша жақсылық арқылы ақын өз жанының, ішкі сана мен сезім түйсігінің сұрыптауынан өткен бүкіл эстетикалық категориялардың шоғырланған шыңын байқататын бейнені сұрыптады.

Әлқожаев Қ.Қ.
Нұр-Сұлтан қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы, ф.ғ.к., доцент