Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының базасында өткен дөңгелек үстел жұмысына облыстық соттан судья Тұрсын Уразова, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары қатысты. БҚО Татуластыру орталығының басшысы Алуа Рахишева, Орал қаласының АХАТ бөлімінің бас маманы Айгүл Түменова, психолог Альфия Науановалар мейман ретінде қатысты.
Орал қаласының №2 сотының татуластырушы-судьясы Алтынбек Құспанов дөңгелек үстелді аша келе, сот тараптарды татуластыру үшін барлық шараларды қабылдайтынын, процестің барлық кезеңдерінде оларға дауды шешуге ықпал ететінін атап өтті. Мысалы, осы мақсаттар үшін сотқа психолог тартылды, дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан, ажырасу жағдайында тараптардың татуласуы өте қиын екендігін алға тартты.
Дей тұрғанмен азаматтық істер бойынша статистикалық мәліметтер үстіміздегі жылдың 10 айында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған, неке бұзу туралы істер санының азайғандығын байқатады (1337/1682).
Т.Оразова атап өткендей, Қазақстан судьяларының VIII съезінде көтерілген сұрақтың бірі – мемлекеттік баж салығын көбейту, осы санаттағы істер үшін өте орынды, өйткені некені бұзу үшін төленетін баж көлемі небәрі 835 теңгені құрайды және бұл өз кезегінде сотқа талап арыз беру үшін еш кедергі емес.
Психолог А.Науанованың пікірінше, ерлі-зайыптылардың өмірі қаншалықты қиын болса да, жеңілдіктер мен ымыраға келу үшін күш табу маңызды.
Мемлекеттік органдар мен соттар тарапынан қолдаудың әлсіздігін алға тартқан А.Рахишева, аталған санаттағы істер бойынша міндетті түрде дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібіне кәсіби медиаторға жүгінуді енгізуді ұсынды.
Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ, ажырасудың себептері атап өтілді, оның бірі зинақорлық болса, бірегейі ретінде ортада баланың болмауы, жалпы ажырасуға деген теріс пікірден, заңдылық түрде қарауға қоғамдық пікірдің өзгеруі болып отыр.
О. Ташимова
Орал қаласының №2 сотының
бас маманы