Медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Қазақтың билер сотын тұңғыш зерттеуші, ұлт оқымыстысы Шоқан Уәлиханов «Ежелгі халықтық үлгідегі билер соты» атты еңбегінде «Биді ресми түрде ешкім сайламайды да, ресми түрде ешкім бекітпейді де, Еуропадағы ақындар, ғалымдар, адвокаттар сияқты билердің атағы, маңызы жеке бедел әсерлеріне негізделген», «…қазақ әділ сотының беделі билердің Дала заңдарын терең білетіндігімен, олардың шешендік қабілетіне байланысты болған» десе, Ахмет Байтұрсынұлы өз мақалаларының бірінде «бұрынғы әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, бүгінгі арам билердің қолында дәрі болмақ түгіл, у болып тұр» деп жазған.
Билер сотының артықшылығы бітімгершілікті көздейтіндігінде. Билер «Жазалау жаратқанның ғана ісі, біз оның құлымыз» деген және «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп бітімгершіліксіз шешілмейтін ештеңенің болмайтынын меңзеген.
Иә, бұрынғы ата-бабаларымыздың кезінде барлық дауларды халықтың өзі сайлаған билері шешкен.
Бүгінде билер дәстүрін ұлттық құндылық ретінде қарастырып жатқан елімізде қазақтың дәстүрлі құқығына құлшыныс арта түсті.
Қазіргі уақытта медиатор, билер кеңесіне жүгініп дауды сотқа жеткізбей шешу мәселесі қолға алынды.
Жалпы, дауларды сотқа дейін баламалы негізде шешудің конституциялық негізгі принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1-тармағында көрсетілген: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов оқырмандарға жолдаған үндеуінде: «Сот төрелігінің «Жеті түйін» бағдарламасы бойынша басты мақсат – біздің қоғамдағы татуластыру рәсімдерінің маңыздылығын түсіндіру деп айтқан болатын. «Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Даулар — кез-келген қоғамға тән құбылыс. Бірақ, сол дау-жанжалды реттеуде біздің мәдениетіміз қандай? Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туындаса, дереу сотқа жүгінеміз. Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып, шешкіміз келеді деген болатын.
Медиацияның мақсаты – дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.
Ауданымыз бойынша 18 — кәсіби емес медиатордың көмегімен сотқа дейін 5 -дау шешілген, оның ішінде материалдық шығынды өндіру туралы 1 — дау болса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша жалдамалы пәтерге берешекті қайтару туралы 4 — дау шешілген.
Билер кеңесімен 2 — отбасылық дау өз шешімін тапқан.
Айта кету керек, Бөкей ордасы аудандық сотымен бүгінгі таңда 19 — азаматтық іс татуласу рәсімдерін қолдануымен аяқталды. Оның ішінде 6 – азаматтық іс бойынша жауапкер талап қоюшының талап арызын толық мойындауына байланысты, талапкермен өзара бітімгершілік келісім жасалса, ал 13 — азаматтық іс бойынша талапкердің жауапкерге қойған талабынан өзара медиация тәртібімен татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылды.
Отбасылық дауларға тоқталсақ, ажырасу, отбасы мүшелерінің арасындағы даулар азаматтық істердің басым бөлігін құрайды. Некені бұзу, баланы асырап бағу үшін алимент өндіріп алу туралы, баланың тәрбиесіне және онымен араласып тұруға кедергі жасамау екі тарапты татуластыруға медиатор, билер көмегі орасан зор деп айтуға болады.
Жалпы, аудандық соттың судьялары мен мамандары сотқа жүгінген азаматтарға және іс бойынша тараптарға медиацияны қолдану аясын түсіндіру жұмыстары жақсы жолға қойған деп айтуға болады.
Өз кезегінде өткізілген іс-шараларда билер мен кәсіби емес медиаторлардың пікірлері ескеріліп, үнемі бұқаралық ақпарат көздеріне жаңалықтар мен мақалалар жарияланып отырады.
Зияш Зайнуллина
БҚО, Бөкей ордасы аудандық
сотының кеңсе меңгерушісі