Сенаторлар көппәтерлі үйлерді тиімді басқарудың құқықтық негізін қалыптастыратын заңды мақұлдады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыста алғаш қаралған мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Құжатта кондоминиум нысанын басқарудың жеке үлгісі – тікелей бірлесіп басқаруды қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау мәселесі енгізіледі. Бұл норма Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Сенаторлар заңдағы жаңашылдықтарды тұжырымдамалық тұрғыдан қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтырулар енгізуді ұсынды. Осылайша, Сенат депутаттары заңды жаңа редакциясымен мақұлдады.
Өз сөзінде Палата Спикері Сенат енгізген негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Бұл қатарда көлік қоятын орындардың және қойма иелерінің мүдделерін қорғайтын, оларды қолданудың шарттарын айқындайтын нормалар бар. Сонымен бірге бюджет қаражаты есебінен көппәтерлі үйде лифтіні ауыстыруды немесе жөндеуді қаржыландыру ережелері бекітілді. Осы саладағы уәкілетті органның құзыреттері және көппәтерлі тұрғын үйді салушының міндеттері нақтыланды. Сондай-ақ жиналыстың, үй кеңесінің және ревизиялық комиссияның мүшелеріне қатысты талаптар белгіленді.
«Бұл заң Парламент депуататтарының бастамашы болуымен әзірленді. Ол тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, мақұлданған заң көппәтерлі тұрғын үйлерді қолайлы және тиімді басқару үшін құқықтық негіз қалыптастырады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары және қорғанысты ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға бірқатар түзетулер енгізіп, оларды мақұлдады. Бұл заңдар әскери полицияның мәртебесі мен қызметін айқындау үшін әзірленді.
«Осы заңдар арқылы әскери полиция органдарының құзыреті мен өкілеттіктері белгіленеді. Әскери қызметшілердің құқықтық жағдайы, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз ету мәселелері де реттеледі. Алдағы уақытта бұл заңдар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа, отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Талқылау кезінде Салық кодексіне енгізілген түзетулер қазақстандықтардың өзекті қаржылық мәселелерін шешуге арналғаны айтылды.
Палата отырысында бірқатар депутаттық сауал да жолданды.
Закиржан Кузиев өз сауалында тұқым шаруашылығына қатысты проблемаларды көтерді. Ол сұрыптау саясатындағы мемлекеттік реттеу тетіктерінің жойылуы агроөнеркәсіптік кешендерге кері әсерін тигізетінін атап өтті. Осыған орай депутат селекциялық жетістіктер мен тұқым шаруашылығын реттеуге және қорғауға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ернұр Әйткенов мамандандырылған кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіз болуына байланысты өңірлерде сумен жабдықтау мен су бұру бағыттары бойынша жүйелі проблемалар туындағанын атап өтті. Осыған байланысты республикалық деңгейде желілер мен жергілікті су құбырларына қызмет көрсететін бірыңғай оператор құру ұсынылды.
Ақмарал Әлназарова Байқоңыр қаласындағы ахуалға алаңдаушылық білдірді. Онда мыңдаған қазақстандық зейнеткер еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық базаларында өздері туралы деректердің болмауына байланысты МӘМС аясында тегін медициналық көмекті ала алмай отыр.
Евгений Болгерт gosagro.kz ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақауларға қатысты мәселеге назар аударып, осыған байланысты қазір шаруалар субсидия алуға өтініш бере алмай отырғанын жеткізді. Депутаттың айтуынша, qoldau.kz платформасына қайта оралу арқылы бұл проблеманы уақытша болса да шешуге мүмкіндік бар.

Қазақстан
Республикасының
Парламент Сенатының
баспасөз қызметі