Қазақстанның экономикалық мүддесі — халық мүддесі

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: …бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм;…» — деп көрсетілген. Осыған орай, аталған қағидаттарды жіті түсініп, мемллекетшілдік пен отансүйгіштік тұрғыдан халықымыздың әл-аухатын көтеретін экономикалық даму процестерін жүйелі жүзеге асыру әр қазақстандықтың басты парызы болып саналатыны айқын. Енді «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 4-бабаның «Ұлттық қауіпсіздік түрлері» деп аталатын 4 тармақшасының мына түсінігіне назар аударайық: «…экономикалық қауiпсiздiк – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;». Сонымен, экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің бірбеткей ажырамас бөлігі екені анық. Осы қағидаттардың жәй-күйі, орындалу дәрежесі талаптарға сай ма? Осы сұрақтың мән-жәйіне көңіл бөліп, экономикалық қауіпсіздіктің кейбір осал деген тұстарын саралап көрейік.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан басқа елдерге қатысты ақша аударымдарының (жеке трансферттер) таза жөнелтуші болып табылады. Яғни, Қазақстаннан аударылған ақша түсімінен асып түседі. ҚР Ұлттық Банкі 2017-2021 жылдардағы төлем балансына сәйкес резидент жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасынан шетелге аударымдары кейінгі 5 жыл көлемінде 2 триллион 269,2 миллиард теңгені қамтитын соманы құраған. Ғаламат сома екені өзінен-өзі көрініп тұр. Ал, осы сома әр жылға шаққанда — 2017 жылға – 386,5 млрд теңге, 2018 жылға – 376,5 млрд теңге, 2019 жылға – 404,5 млрд теңге, 2020 жылға – 486,7 млрд теңге, 2021 жылға – 615,0 млрд теңгені құраған. Көбінесе «жеке трансферттер» еңбекші-мигранттардың, көшіп-қонушылардың туған еліндегі туыстарын асырау үшін ресурстар жіберуі нәтижесінде туындайды («Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес «еңбекші-мигрант» туралы мынадай түсініктеме берілген — Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды негізде жүрген және заңды негізде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам;). Сонымен, бұл еңбеккерлер шет мемлекеттерінің азаматтары бола тұра, Қазақстанда еңбек етіп, нәпақа тауып, өздерінің туған елдеріне ақша аударушылар болып саналады.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасынан резидент-жеке тұлғалардың шетелге жіберген барлық аударымдарының ішінде негізгі үлес шетел валютасындағы(АҚШ доллары- әлемдегі ең көп сұранысқа ие валюта) төлемдерге келеді – шетелге аударымдардың жалпы сомасының 90%-дан астамы, шетелге аударымдардың жалпы сомасының 10%-дан аз көлемі теңгедегі төлемдердің үлесіне келетін көрнеді. Бір айта кететін жәйт, АҚШ доллары әлемнің барлық дерлік елінің нарығында қолданылады. Бөгде мемлекеттер оны өз нарығына амалсыздан енгізіп отыр. АҚШ доллары дамыған елдердің барлықтарында дерлік халықаралық айналымдағы валюта деп қабылданған: олар бұл валюта түрімен экономикалық нарықтың әсерінен саудаласуға мәжбүр. Ақша қоры-мемлекеттің қолындағы үлкен байлығы болып саналады. Алтын-валюта қоры халықаралық төлемдердің күшін сақтау үшін кепілдік-сақтық қор ретінде пайдаланылады.Сондықтан экономикадағы оның атқаратын қызметі өте зор.
Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді және бөледі. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 5 жылда жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға 114 297 мөлшерде рұқсаттар берілген, оның ішінде жылдар бойынша: 2017ж.-27 515; 2018 ж.-25 668; 2019 ж.25 477; 2020 ж.-17 350; 2021 ж. – 18 287. Ал ресми статистикада көрсетілмейтін, байтақ Еліміздің өңірлеріндегі әрқилы жұмыстарға жасырын кіретіндері аз емес.
Осы статистика мәліметтерінен қандай қортынды шығаруға болады. Әрине, еңбек-мигрантарынан Қазақстанға түсетін пайдадан экономикалық нұқсан басым екендігі анық. Еліміздің экономикасына жұмыс істейтін қыруар көлемдегі тұрақты валюта(твердая валюта(ағылшын. hard currency) басқа мемлекеттердің экономикасын көтеріп отыр. Бұл жағдай Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне әдәуір нұқсан келтіріп отырғандығы анық. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан 1990 жылдардан бері жаппай жұмыссыздық белең алып тұр. Қазіргі тенденция, еңбек мигранттары Ресейден Қазақстанға ойысып жатыр. Егер шетелдерден келіп-кететін еңбек-мигрантарының орнына Қазақстанның өзінде жұмыссыз жүрген 500 мыңға жуық азаматтары еңбек орнын тауып, жұмысқа тартылса, осыншама қыруар ақша көлемі шекара асып кетпес еді деген ойдамыз.
Осы мақсат бағытында қандай іс-шараларды жүзеге асыруға болады? Әрине, біріншіден, Еліміздің барлық азаматтарын өнімді және тиімді жүмыспен қамтуды қамтамасыз ету, еңбек сапасы мен оның өнімділігін жоғарлату басты мақсаттар болып саналатыныы хақ. Осы бағытта, Қазақстан азаматтарының жұмыспен қамтылуына жүйелі шаралар қолдану экономикамыздың дамуына және әлеуметтік саясат пен халықтың әл-ауқатын көтеруде маңызы өте зор.
Облыс, қала және барлық ауылдардың әкімдіктері еңбек нарығын қашанда бақылауда ұстауы абзал. Халықтың мемлекеттік қолдауға мұқтаж мақсатты топтарын айқындау және оларды қамтуды кеңейту, мемлекеттік қолдау құралдарының қолжетімділігін арттыру бағытындағы шараларды іске асырып отыруы керек. Әкімдіктер өз өңірлері шеңберінде қаншама азаматтар жұмыссыз, қандай жұмыс түрлеріне жарамды, сұраныстары мен олардың кәсіби біліктілігі қандай екендігі мен тағы басқа маңызды сұрақтарды анықтап, ауыл мен қалалардағы еңбек мигрантарының атқарып жүрген жұмыстарына кең көлемде тарту керек. Еңбек мигрантарының басым көпшілігі құрылыс пен жаңа бой көтерген тұрғын үй кешендерінің пәтерлерінің ішкі жөндеу жұмыстарын (бұл көбіне «ремонт квартир» деп аталады) атқаратыны анық. Сол жұмысқа тартылатын жергілікті жұмыс ізденушілерді құрылыс пен пәтер ішін жөндеу жұмыстарының қыр-сырын бір-екі айлық ақысыз қурстарда оқыту кажет. Бұл ешқашан бағасын жоғалтпайтын мамандық. Құрылысшы мамандығын жіті меңгеру-азаматтардың ауыл-қаладан табыс табу мүмкіндігін арттырып қана қоймай, олардың өздерінің де тұрақты жерлерінде сапалы үй-жәйларын салып алуда да үлкен септігін тигізетіні дау тудырмайды. Осы жұмыстардың алғашқы қадамы ретінде, әкімдіктер мен мүдделі жақтар алдын-ала жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі де ұтымды жүргізсе — көзделген нәтижеге жетуге болатыны аян. Жұмыс іздеушілер таңдаған өз саласына сай жан-жақты білім алып, қолдарында бір тілімдей де құжат болса, оларға жұмыс беруші құрылыс компаниялары күдікпен қарамас деген ойдамыз. Әкімдіктер жұмыс берушілер мен құрылыс компаниялармен екіжақты шарт жасасып, осы жүйелі жұымыстарды қалыптастырса Отанымызға игілікті, халықымызға пайдалы іс болар еді.
Ал енді, көп жылдар бойы көзімізбен көріп, құлағымызбен еститініміз: Елімізге көршілес оңтүстік республикалардан келетін еңбек мигранттарын пәтерлерді жөндеу жұмыстарына кірістірерде, олардан жалдаушылар біліктілігі жайлы ешқандай құжат талап еткенін естіп-білгеніміз жоқ. Кейде, олардың жұмыстарынан кемістіктер шығып жатқан кездерде, үй-жәй, пәтер иелері басқа бригада жалдап жататын.
Енді, қазіргі әлемдегі аса қауіпті дүрбелең жағдайға байланысты Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық қауіпсіздігін нығайту өте өзекті мәселе болып тұрғаны анық.

Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы, экономист,
публицист