Сот жүйесінің дамуында жылдан жылға жақсы бастамалар қолға алынып жатқаны баршаға мәлім. Оның бірі азаматтардың сот төрелігіне кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, сот жүйесінің жұмысына қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері.
Халықпен жұмыс жасаудағы перспективасы зор ақпараттық сервис , ол – «Сот кабинеті» сервисі. «Сот кабинеті» — бұл халық үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуіне мақсатталып жасалған, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе.
Бұл қызмет түрі арқылы жеке және заңды тұлғаларға және олардың заңды өкілдеріне соттарға электронды формаларды толтыру арқылы электронды құжаттар мен іс материалдарын жолдау мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде сот органдарымен электронды хат алмасу мүмкіндігі туындап отыр, бұл заңды, жеке тұлғалармен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға да қолжетімді. Бұл үшін электронды сандық қолтаңба болса жеткілікті. «Сот кабинеті» сервисі арқылы «сот органдарына хат жолдау» қызметі жүзеге асырылған. Хат алмасуға тиімді тәсіл. Сонымен қатар барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға әкімшілік құқық бұзушылық істер материалдарын электронды форматта жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. Сотқа жүгінуші мемлекеттік баж салығын төлеуге, сот құжаттарын қарауға, сот құжаттарын басып шығару мүмкіндігіне ие бола алады.
Электронды сандық қолтаңба алған пайдаланушы «Сот кабинеті» сервисі арқылы талап қоюды (өтінішті) беру қызметін таңдайды. Талап қоюды жолдау үшін мынадай қызметтерді жүзеге асырады:
- алдымен қажетті облыс, аудан, талап қою берілетін сот;
- талап қою түрі (талап қою, ерекше іс жүргізу, ерекше талап қою), оның ішінде талап қою, арыз беру санаты таңдалады;
- пайдаланушы талап қоюшы туралы деректерді және жеке және заңды тұлға болып табылатын жауапкер туралы деректерді толтырады. Егер бірнеше адам талап қоюшы немесе жауапкер болса, олардың әрқайсысы туралы деректер көрсетіледі;
- 108126 (108125) кодын теру арқылы мемлекеттік баж туралы дерек көрсетіледі. Мемлекеттік баж екінші деңгейдегі банктер арқылы, электрондық терминалдар, банкоматтар және өзге де электрондық құрылғылар арқылы төленген жағдайда пайдаланушы құжаттарды беру жүйесіне мемлекеттік баждың төленгені туралы төлем құжатының көшірмесін жүктейді. Мемлекеттік баж төлеуден босатылған тұлғалар болған жағдайда «төлемеу» деген жолға белгі қойылады;
- одан соң талап қою тақырыбы терезесіне қысқаша талап қою мазмұны жазылады;
- талап қоюды және оған қоса жалғанған құжаттарды жүктеу қызметіне өткен соң, пайдаланушы тиісті файлдарды жүктейді. Жүктеген әрбір файлдың көлемі 10 МВ-тан аспауы қажет. Файлдарды жүктеу аяқталған соң пайданушы оларды түзету мүмкіндігін пайдаланып, енгізілген деректердің дұрыстығын тексереді.
- ең соңғы қадам – пайдаланушының өтініші электронды сандық қолтаңбамен расталып куәландырылғаннан кейін Қазақстан Республикасы сот органдарының ақпараттық жүйесіне беріледі. Электрондық құжаттың жолданғандығы-жөнелту туралы талонның толтырылуымен расталады.
«Сот кабинеті» — ең алдымен азаматтарға сот жүйесінің қолжетімдігі мен ашықтығын көрсететін заманауи технологиялардың бірі.
Қаженов Руслан Сайфетдинұлы
БҚО, Казталов аудандық соты
Әкімшісінің басшысы