Ерте уақытта қазақ халқы әділдік іздеп биге барып, дауына төрелік айтуын сұраған. Билер болса, екі тарапты тыңдаған соң өз үкімін айтып, оларды бітімге келтірген. Яғни бағзы заманның билері қос тарапты бір мәмілеге келтіруші бітімгер болған. Ал бүгінде әлемдік тәжірибеде бұл қызмет түрі медиация деген атауға ие.
Медиация (латынның medius деuty сөзі — екі көзқарастың немесе екі тараптың ортасында болу, орта жолды ұсыну, бейтарапты болу деген мағынаны білдіреді) — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиацияның іс жүзіндегі көптеген мәдениеттер мен өркениеттердегі ұзақ тарихына қарамастан, оны жиі жаңалық ретінде қабылдайды. Сонау ежелгі Қытайдың өзінде Конфуций, сотқа барудың орнына медиацияны пайдалануға шақырған. Б.д. дейінгі V ғасырда ол сот процесіндегі тартысқа қатысу бәрінен бұрын дауға қатысушылардың ашу-ызасын күшейте түсіп, олардың тиімді өзара іс-қимыл жасауына кедергі келтіреді деп ескерткен. Конфуций тараптарға туындаған мәселе бойынша сотқа барудың орнына, олардың келісімге қол жеткізуіне көмектесетін бейтарап бітімгермен кездесуге кеңес берген.
Еуропаның, Солтүстік Американың ежелгі мәдениеттері де медиацияны қолданғанын растайтын көптеген деректер де бар. Өз дамуының бастапқы сатысында квакерлер (ресми атауы Достардың Діни қоғамы (квакерлер)) медиацияны неке және коммерциялық дауларды реттеудің негізгі тәсілі ретінде пайдаланған. 1920 жылы Нью-Йоркте Американың еврей қауымдастығы дауларды ымыраға келу арқылы реттеу үшін Еврей татуласу кеңесін құрған. Қазақстанда сонау 19 ғасырдың аяғында Абай Құнанбайұлы өзінің «Қара сөздер» шығармасында: «Дауларды талапкерлер таңдаған екі би мен арағайын шешсін» деген.
1997 жылы қаңтарда медиаторлардың қатысуымен Израиль мен Палестина арасында Израиль әскерлерін Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы Хеврон қаласынан шығару туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Ал миллиардтан астам тұрғыны бар Қытайда медиаторлардың саны 2000 жылы миллионға жуықтаған. Көптеген елдерде медиация дауға қатысушылар үшін дербес шешім табу және келісімге келу мүмкіндігі ретінде қарастырылады.
Қазіргі таңда медиация институтын дүниежүзілік қолданысқа енгізу шарасы Европа Парламенті мен Европалық Кеңестің 2008 жылғы мамырдағы директивасыңда айқын көрініс тапты. Батыс және Европа Кеңесіне 27 елдің мүше-мемлекеттері медиацияны құқық қорғау және сот жүйесін гуманизациялау мақсатыңда құқықтық қатынастар саласында туындайтын дау-жанжалдарды реттейтін институт деп есептейді.
Біздің елде дауды шешудің медиация секілді балама тәсілдердің дамуы өркениетті құқықтық кеңістіктің, жоғары сатылы демократиялы қоғамның көрсеткіші болып табылады.
Медиация дауларды шешудің баламалы жолы ретінде дауласушы жақтардың сот рәсімдерінен бас тартып, медиатордың көмегімен дауды бейбіт шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тараптар кез келген уақытта медиация рәсімінен бас тартып, сотқа жүгіне алады.
Медиация жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды шешуге қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын даулар бойынша медиация қолданылмайды. Медиаторлар тізіміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.
Дауларды сотқа дейін баламалы негізде шешудің конституциялық негізгі принципі Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 1-бөлігінде «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы» екені анық көрсетілген.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Билер кеңесі құрылуда. Билер кеңесі Елбасының дауларды соттан тыс реттеу тапсырмасын іске асыру, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, татуластыру рәсімдерінің бірі ретінде дауларды бейбіт жолмен шешу жөніндегі ата-бабамыздың дағдыларын жаңарту арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында құрылатын Әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Кеңестің басты міндеттері ол құқық бұзушылықтардың алдын алу, дауларды (жанжалдарды) бейбіт жолмен реттеу арқылы қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық кодты сақтау және құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде өкілді, атқарушы, сот және құқық қорғау органдарына көмек көрсету болып табылады.
Заңнамада татуласуға жол берілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, әкімшілік құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын даулар (жанжалдар) билердің/бидің жәрдемдесуімен шешілуі мүмкін. Елдің барлық сот жүйесі Билер кеңесінің институты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтетініне үміттенеді.
Мәжітов Р.
Астана қаласы
Есіл аудандық сотының төрағасы