Тәуелсіздік — азат елдің тірегі

Тәуелсіздік-біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес байлығымыз. Егемендік алған жас мемлекеттің тарихындағы жаңа дәуір дәл осы қастерлі ұғым тәуелсіздіктен бастау алады.
Биылғы жылы қазақ халқының байырғы салт-дәстүрін жандандырып, қасиетті тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне 33 жыл толып отыр. 33 жылдың тарихи толқынына көз жүгіртсек, бүгінде еліміз керегесі кең, терезесі тең, өз алдына дербес, бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген, зайырлы мемлекет болып қалыптасты.
Тәуелсіздікке апарар жол өте күрделі болды, сан мыңдаған ғасырлар бойы қазақ халқы тәуелсіздік үшін тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді.
Егемендік жылдарында Қазақстан экономикалық дамуда, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруда, демократияның берік негіздерін қалауда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.
Еркін еліміздің көреген президенті — Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында тәуелсіздіктің асыл мұрамыз ретінде мемлекетіміз үшін басты құндылық екенін атап өтті.
Президентіміз өз сөзінде:«Біздің міндетіміз — гүлденген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру», — деп нақты айтты. Әсіресе, бұл аумақтық тұтастық пен мемлекеттік егемендікті нығайту мақсатында мызғымас құндылықтар болып табылады.
Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы тәуелсіздіктің тұтқасын берік ұстап, дархан далада еркін өмір сүріп жатқан біздер шынайы бақытты жандармыз. Ендігі мақсат — осы еркіндікті баянды ету, көзіміздің қарашығындай қорғау.
Тәуелсіздік — мемлекет пен ұлт тарихындағы ерекше белес, қазақ халқының ерлікпен жеткен арманы. Жыл сайын 16 желтоқсанда біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтеміз.
Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дарыту қажет. Себебі, тәуелсіздік — кешегі өткен бабаларымыздың аңсауы болған, ал бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең.
Ұлтымыздың асыл мұрасы болып саналатын тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді көркейту — айбынды жастардың басты міндеті деп есептейміз.

Нажия Калишева
Әл-Фараби атындағы КазҰУ-нің заң ғылымдарының докторы,
мемлекет және құқық теориясы
мен тарихы, конституциялық
және әкімшілік құқық
кафедрасының доценті

Диана Серікқанова
Астана қалалық соты,
баспасөз қызметі бөлімінің
бас маманы