
Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Биыл – ел тағдырын айқындаған Ата заңымызға 30 жыл! Бұл – тұтас бір ұлттың ғұмырымен пара-пар уақыт. Отыз жыл ішінде еліміз әр түрлі сынақтардан өткен. Құлдыраған тоқсаныншы жылдардың бастап, XXI ғасырдың жаһандық дүрбелеңдеріне дейін, еліміздің еңсесі тіктеліп, іргесі қаланды. Осы уақытқа дейін Ата Заңымыз – кемелденген қоғамның темірқазығына, түрлі саяси және әлеуметтік реформалардың бастауы мен бағдарына айналды.
Осы отыз жылда еліміз әр салада табысқа жетіп, халықаралық аренада беделіміз биіктеп, айымыз оңынан туған. Оның арқасында ел ішінде заң үстемдігі орнап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты айқындалып, халықтың мемлекетке деген сенімі нығая түсті.
Бұл – тарихтың тезінен өткен, замана сындарынан сүрінбей шыққан Конституцияның өміршеңдігі мен тұғырлылығының айғағы.
Конституция – бұл жай ғана баптар мен тармақтар тізбегі емес, бұл – ұлттың сан ғасырлық тілегі мен еңселді елді аңсаған жүрегінен хабар беріп, тағдырына мөр басқан қасиетті құжат. Оның әр жолында елдің үні, халықтың тілі, ата-бабаның аманаты бар.
Сондықтан да, бұл заң – заманның заңы ғана емес, бабалардың аманатын арқалаған, ата-баба өсиетін ұрпаққа мирас етіп жеткізген құжат.
Бұл – қай кезде де қара халыққа қорған болған, ел ішінде әділет пен ынсаптың дәнін сепкен рухани заңғар. Ол ел ішіндегі ынтымағын, бірлігін бекемдейтін киелі құндылық, елдің ертеңіне көз тіккен кемел құжат.
Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты.
Бұл күн – ел болмысының тамырына қан жүгіртіп, келешекке көз тігуге мүмкіндік берген ұлы меженің бастауы еді.
Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жи¬нағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Мемлекетіміздің тым қысқа мерзімде өз Конституциясын жасап, қабылдағаны талай¬ларды таңқалдырғаны рас. Олардың арасында азуын айға білеген державалар да болды.
Біз құптай қарағандарға да, сынай үңілгендерге де мән берместен өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс-әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік.
Ата Заңымыз-Конституциясына 30 жыл мерекесі Құтты болсын!
Р.К.Кыдыралин
Ақтөбе гарнизоны әскери
сотының судьясы