
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі – бұл жай ғана ресми құжат емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби мінез-құлқын айқындайтын моральдық бағдар, адами қадір-қасиеттің өлшемі. Қоғам өмірінің барлық салаларында жүріп жатқан терең өзгерістер, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптардың артуы мемлекеттік қызметшілердің этикалық мәдениетіне деген сұранысты арттыра түсуде.
Мемлекеттік қызметші – бұл мемлекеттің айнасы. Оның күнделікті өмірдегі жүріс-тұрысы, азаматтармен қарым-қатынасы, қызметке деген көзқарасы – бәрі де халықтың мемлекетке деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан да Әдеп кодексінің талаптарын сақтау қосымша жүктеме емес, кәсіби этика мен ішкі мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қабылдануы тиіс.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына нақты стандарттар белгілейді: адалдық, әділдік, бейтараптық, ашықтық және азаматтардың құқықтарына құрметпен қарау. Бұл нормалар шектеу емес, бағыт-бағдар ретінде қабылдануы керек. Әдептілікке негізделген шешімдер қабылдау қызметшінің күрделі жағдайларда да әділеттілік пен ар-ожданға сай әрекет етуіне жол ашады.
Атап айтқанда, сот жүйесінің қызметкерлері бұл талаптарға ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені сот билігі – әділдік пен заңдылықтың тірегі. Осы саланың өкілдері кәсіби ғана емес, жеке өмірінде де мінсіз мінез-құлық танытуы керек. Бұл – бүкіл сот жүйесіне деген сенімнің негізі.
Мемлекеттік органдарда әдеп мәдениетін қалыптастыру мен оны сақтау үшін арнайы әдеп жөніндегі уәкілдер тағайындалады. Олардың қызметі жазалау емес, алдын алу және түсіндіру, ұжым ішінде сенімді, ашық әрі оң ахуал қалыптастыруға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз – бұзушылықтарды іздеу емес, олардың болмауына жағдай жасау.
Әдеп – тек сыртқы талаптар ғана емес, бұл – адамның ішкі мәдениеті мен өзіне қоятын жоғары талаптары. Бұл – азаматтың мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қою, сыбайлас жемқорлықтан бас тарту, әріптестерге, қоғамға және заңға құрметпен қарау.
Әдеп кодексін сақтау – бұл жай ұран емес, күнделікті нақты әрекет. Бұл – азаматтың қоңырауына сыпайы жауап беру. Бұл – азаматтың өтінішін уақытында және мәні бойынша қарастыру. Бұл – киім үлгісіне, сөзіне, жауапкершілігіне ұқыпты қарау.
Әрбір мемлекеттік қызметші әдеп қағидаттарын ішкі сеніммен қабылдап, күнделікті қызметінде соған сай әрекет еткенде ғана мемлекетке деген шынайы сенім қалыптасады.
Мемлекетке қызмет ету – мәртебе.
Ал абыроймен қызмет ету – әдеп.
Диханов А.Ж.,
«Қазақстан Республикасы
Сот әкімшілігі Әскери
сотының департаменті»
РММ басшысының
орынбасары, әдеп
жөніндегі уәкіл