
Нысап пен мейірім, әділетті, Жаныңдай көріп жан сақта.
Шәкәрім
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай айтқан болатын: «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. …Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. …Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. …Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс. …Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. …Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.»
Сонымен, Мемлекетіміздің Басшысының келелі ойларын кәперімізге қондырып, мына мәселеге көңіл аударуды жөн санадық. Қазақстан Республикасының Конституциясының 23 бабынан басталып, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының аталуына сай, заң баптары мен өзге де қолданыстағы заңнама мәтіндерінде, жалпы тіл саласының барлық денгейінде «судья» сөзі осы күнге дейін кең қолданылып келеді. Осының дұрыс-бұрысын талдап көрелік. Біріншіден, байырғы «судья» сөзімен ғасырлар бойы Елімізде орын алған әділетсіз шаралар еске түсітіні өзінен өзі түсінікті. Қазақстанда Патшалық Ресей империялық отарландыру саясатын жүргізу барысында «судьялар» келеңсіз рөл атқарғаны белгілі. Сталиндік «Үлкен террор» жаппай сипат алған жылдары «судьялар» аяусыз да әдлетсіз теріс шешімдер қабылдап, миллиондаған кінәсіз адамдар зардап шеккені өшпес тарих бетінде қансырап сайрап тұр. «Судья»-лардың жазықсыз құрбандары қатарында қазақтың ұлы ақын-жазушылары, шынайы патриоттары, Еліміздің адал перзенттері Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ильяс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов пен жүздеген мың басқаларын атап өтуге болады. Сонымен, «судьялар» әдлетсіз қатігез жүйелердің аяусыз қолшоқпары болғаны анық. Сол байырғы кезден «судья» сөзі қалың жұртшылық түсінігінде негативті сипат алып келеді. Сонымен тағы, «судья» сөзі спортта да қолданылады. Әртүрлі сайыстарда жұрт «судью долой» (судья құрысын); «судью на мыло» (судьяны сабынға: мағынасы оны қайнатып сабын жасау ); «судья слепой» (судья соқыр); «судья продажный»(судья сатқын) деп қиқу салатын кездері жиі кезігеді. Бұл да «судья» сөзіне көмескі сипат беріп тұрғаны айқын.
Ал қазір, Қазақстан Тәуелсіздік алып, Егемендігін бекіткен мемлекет қатарына берік қосылса да, жан-жақтан көбейіп кеткен дұшпанкөз күншілдер мен міншілдер (Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары П.Толстой, В.Никонов, С.Савостьянов, Е.Федоров пен мыңдаған басқаларды атап өтуге болады) тіліне тиек тауып, келеке ететін оқыс тұстардан құтылу абзал. Қаскөйлердің айтуы бойынша қазақтарда мемлекет болмаған, заң қабылданбаған, сот жүйесі қалыптаспаған, сот төрелігі орын алмаған, істерді қарайтын тұлға мен оның атауы болмаған, тек Ресей империясының арқасында сот жүйесі мен «судья» атауы орныққан. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан болмысымыз бен құқықтық саланы, тіліміз бен дәстүрімізді жөнсіз мазақ етіп келеді. Бұл әжуа күн өткен сайын намысымызға тиіп, тынымсыз мазамызды алып отыр. Сондықтан, бұларға қарсы уәжіміз дәлелді де деректі болуы үшін, әуелі бұл сөздің төркініне көз жүгіртейік. Орыс тілінің кең қолданыстағы сөздігінде: «Судья, …Долностное лицо, разрешающее дела в суде» ( С.И. Ожегов. Словарь русского языка.М.,1973, 717 бет). Аудармасы: Судья… Сот істерін шешетін лауазымды тұлға. Сонымен, бұл сөздің Ресей Патшалығының Қазақстанды отарлау процесімен бірге енген орыс тілінің төл сөзі екендігі айдан айқын анық болып тұр. Бұдан, ежелден қазақ даласында «ел арасы, жұрт қарасы» дау-дамайды саралап, шешіп беретін тұлғаның атауы болмағаны ма? — деген сұрақ туындамауы керек. Шынтуайтында қазақ даласында ғасырлар бойы қылмыстық не азаматтық істерді Билер шешкен. Халық оларды құрмет тұтқан. Қазақтың ауыз әдебиетінде мынадай шумақтар орын алған: Қазақта үш би бопты ел қалаған,
Аузына не айтар деп жұрт қараған.
Әз Төле, Қаз дауысты Қазыбек би,
Әйтеке – үшеуінен сөз тараған…
Үш бидің толып жатыр өсиеті,
Үлгі боп елге істеген әділеті.
Болса да талай ғасыр өлгеніне,
Қалған жоқ ел аузынан қасиеті.
«Еліне сыйлы да беделді би-шешендердің жүрген ақ жолдары бүгінгілерге үлгі-өнеге һәм аталық аманат …Қазақ халықының мәдени-құқықтық жетістігінің ең кереметтерінің бірі — билер институты екені даусыз. …Елдік пен ерлікті, әділдік пен адамдықты мұрат тұтқан би, шешен бабалардан қалған асыл да аталы сөздер халықымыздың бүгінгі күнгі рухани жан әлемін байытуға септігін тигізері де сөзсіз.» (Өмірсерік Қожабаев. Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін. -Қарағанды қаласы, «Тенгри» баспаханасы, 2025,122-123 беттер). Ықылым заманнан бастау алған, атадан мирас ретінде жеткен гауһар тастай асыл да мейлінше салмақты билердің сөзінің уақыт өткен сайын құны арта түсетініне үлкен үміт етеміз.
Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «Би» сөзіне мынадай түсінік берілген: «Қазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет- ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап үкімін шығаратын сот» (аталған сөздік,3-том, Алматы, «Арыс» баспасы, 2006, 332 бет). Ал 1927 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан Н. Қаратышқановтың «Пән сөздері (Терминологиялық сөздік)» кітабында «судья» сөзі «би» деп аударылған (Аталған сөздік, Ер- Дәулет, Алматы-2004, 112 бет). Сонымен, жалпы кәзіргі қолданыстағы орыстың «судья» сөзі кезінде қазақтың «би» төл сөзімен аталуы ықтимал еді. Бірақ «балшебектер» ( «…білетін білей сөйледі, мылтығын кезей сөйледі.»-Ж.Аймауытов) билеген Кеңестің қатыгез тотаритарлық системасы билік құрған дәуірде, білімдар ұлтжанды білімдар өкілдерін қырғынға ұшыратқаннан кейін, ұлт қамын ойлап дұрыс ұсыныс жасайтындар сол сәтте «ұлтшылдар» (қылмыскер) атанып, басы пәлеге ұшырап, ату жазасына кесілгендері аз емес. «Би» сөзі түсінігі де таптық теория талабына құрсауланып, өткен заманнан қазіргі заманның табалдырығынан аттай алмай қалды. Оған дәлел замана жаңғырығының белгісі ретінде Кеңес дәуірі кезінде шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» «би» сөзінің түсінігіне көңіл аударайық: «Дау-жанжалға билік айтушы үстем тап өкілі»(Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 2 том, Алматы-1976 ж., 300 бет ). Бұған не айтуға болады? Замананың тұрлаусыз бұлғақтауы…
Өкінішке орай, 2009 жылы жарық көрген «Құқық саласының терминдер сөздігі» алғысөзінде: «Қоғам өмірінің барлық саласында мемлекеттік тілге кең өріс ашуда терминдік сөздіктердің алатын орны ерекше» деп аталып өтілсе де, осы көлемді еңбекте Қазақстан Республикасының заңнамасында кеңінен қолданылып жүрген бүгінгі заң терминологиясында орныққан терминдер мен терминдік тіркестер санатынан мемлекеттік тілдегі «судья» сөзінің баламасы өзіндік биік мәртебесіне сай тиесілі орнын алмаған, ескерілмей де кеткен. Тіпті қолданыстағы заңнама мәтіндерінде нық орын алған «судья» сөзі де қалыс қалған. (Аталған сөздік, «RedGreenBlue» ЖШС, 2009). Сонымен, сөздікті құрастырушылар «судья» сөзі мемлекеттік тілге жат екенін, мағынасын түсіну үшін орыс тілі сөздігіне жүгіну керек екендігін басшылыққа алған болар. Бір себепті бұл дұрыс та: бүгінгі бетпе-бет кезіккен мәселені мейлінше айқындап тұр.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3 бабының 4 тармағы бойынша мемлекеттік билік күрделі де құзыретті үш тарамға бөлінеді: заң шығарушы, заң орындаушы және сот. Бұл бап Сот жүйесінің үлкен мәртебесі мен мәнін айқындап тұр. Сонымен, Сот мемлекетіміздегі үш биліктің бірі болып саналады. Ата Заңның 76 — бабының 1, 3 тармақтарында былай жазылған: «1.Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.»; …3. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.». Зер салсақ, «Сот билігі», «Соттар шешімдері» түсініктері Негізгі Заңымызда айқын қамтылып, бекіген. Сондықтан, соттардағы азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және тағы басқа істер қаралғанда «сот билігі» мен «сот шешімдері» арқылы заңды күшіне енетіндігі анықталған. «Билік» сөзі қолданыстағы заңнамада «сот» сөзінің ажырамас бір бөлігі болып тұр. «Билік» сөзінің түпкілікті түбірі «би» сөзі екені дау тудармайды. Сондықтан, қазіргі таңда, Егеменді Елімізде тәуелсіздік пен демократия қең қанат жайып орныққан заманда, өткен қиямпұрыс кезең салдарынан орын алған кемістіктер мен бұрмалаушылықтардан жіберілген қателерді батыл түзеуге бет алу бұхара халық пен заңшығарушы (законодатель) тарапының айнымас парызы.
Сонымен, ана тілімізді «билігі жүріп, дегенін істеткен» Ресей Патшалығы мен «қызылдар» үстем құрған Кеңес дәурінің өткен бодандық кезеңінен бері кемсітіп тұрған бөгде, құлаққа жағымсыз естілетін «судья» сөзін, «көне де жұпыны — би» сөзімен алмастырудың жөні жоқ деген пікірлер туындаса, осы орайда, кең қолданысқа ұсынылып отырған «Бишешімгер» (би+шешім+гер) деген жаңа тіркеме, қосынды сөз — орыс тілінен өзгермей алынған «судья» сөзіне тәуенді болмау саналы да заңды жол екендігін қаперімізге деректі түрде салып тұр. Осы ұсынысты нығыздайтын тағы бір аса маңызды аргумент: соттар өз тарапынан шығаратын соттың негізгі құқықтық актілері — үкімдер, қаулылар, ұйғарымдар, бұйрықтар, ұсынымдар және тұжырымдар болып саналады, қортып айтқанда олардың бәрі «шешім» деген бір жалпы да ауқымды сөзбен қамтылады. Сонымен, сот ісін жүзеге асыратын лауазымды субъект қашанда «шешім» шығарады. Сондықтан «Бишешімгер» заңды да орынды сөз. Тіпті болмаса, «судья» сөзін «Шешімгер» сөзімен де алмастыруға болады.
Еліміздің барлық заңдары мен құжаттарында «судья» сөзін «Бишешімгер» төл сөзімізге ауыстыру абыройымызды көтеріп, Отанымызда шынайы Тәуелсіздік пен Егемендік нышанын айқын орнықтыратындай тағы бір төлбелгі болары анық! Бұл ұсыныстың жүзеге асуы қиындық тудырмас деген ойдамыз, өйткені өзіміз куә болған мына ұтымды тәжірибе үмітімізді арттырып отыр. Мәселен, 2020 жылғы 13 мамыр күні қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сай қолданыстағы заңнамалық актілердің бүкіл мəтіндеріндегі «оралман, оралмандар» сөздеріне байланысты сөздер тиісінше «қандас, қандастар» деген сөздермен ауыстырылып, бекіген болатын. Осы заңды тәсілді «Бишешімгер» сөзіне де қолдану абзал болар еді. Бұл ұсыныс бұқара халық пен билік тарапынан кең қолдау табатына кәміл сенемін! Жаңа Қазақстанда – жаңа түсініктер мен жаңа атаулар орын алуы заңды үрдіс! Қазақстанның мемлекет тілі — қазақ тілінің сөз қоры байлығының әлеуетіне шек келтірмейік. Касиетті Ана тіліміздің мүмкіндігі мен құдіреті мейлінше зор екендігіне кәміл сенімдімін!
Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист