Мемлекеттік тіл

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие  ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында,  бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б.
Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан «Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар «Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу — әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ана тілі — ең ұлы мен тамаша тіл. Менің ана тілім — қазақ тілі. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Бұл — ауыр тіл, бірақ әрбір құрметті азаматқа оны білу керек. Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл — ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы — оның ана тілі. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

А.Есен
Ақмола гарнизоны
Әскери сотының жетекші
маманы