Ресторанның «мейрамхана» деп аталуы дұрыс па?

Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?! Ахмет Байтұрсынұлы

Қазір қалаларымыз бен ауылдарымызда қаптап кеткен ресторандардың маңдайшаларында қазақша «мейрамхана» деп жазылып жүр. Әрине, бұл сөздің шығу тарихы Қазақстан өзінің тәуелсіздік жариялаған күнінен бастау алғаны анық. Қолданып жүрген қазақи төл сөз қорымыздың кейбірі қазақ тіліне жат, кірме сөздер болғаны аян. Солардан арылу үрдісі үлкен науқанға ұласты. Әрине, бұл жалпы алғанда уақтылы қолға алынған іс-әрекет, өте дұрыс үрдіс болғаны кімге болсын түсінікті. Бірақ, кейде бір осындай үлкен де игілікті істің арасына көмескі, күлкілі аудармалар орын алады. Мысалы, капуста «қырыққабат» деп аударылған (Капуста — қырыққабат. Русско-казахский терминологический словарь. «Биология»; осы қалпында бұл сөз Қазқстан Республикасының Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған Орфографиялық сөздікке енгізілген; Аталған сөздік, Алматы, 2007, 284 бет). Бірақ бұл сөзді біреу-мүреу аузына алса, бірінші ойға келетін түсінік — қырыққабатты зәулім тұрғынүй. Сонымен қоса, өз басым, дүкендерде, базарларда немесе басқа ортада капуста сөзінің орнына қырыққабат деп қолданған бір де бір пендені кезіктірмедім. Байқасақ, бұл сөз әуелден жансыз болғандықтан, қазақ сөз қорына белсенді түрде енбеген. Аталған сөздің тарихына үңілсек бұрындары капустаның қазақша аудармасы болмаған, ол капуста деп аталып келген (Орысша-қазақша сөздік. 1 том. Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы, Алматы-1978, 324 бет). Осындай, орынсыз да қазақи болмысымызға сай келмейтін, жөні жоқ, қисынсыз аударма ретінде «ресторан» сөзін қазақша «мейрамхана» деп тәржімелеп, кең қолдануға ұсыну дұрыс па? Осыны жан-жақты талдап, ой-сана таразысына салып, қазақи әдептілік, салт-дәстүрімізді алдыға тартып, саралап көрелік.
Біріншіден, бетін анық ашып алатын жәйт, «мейрамхана» сөзі Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты дайындаған өте көлемді Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің беттерінде орын алмаған. Бұл сөзді Ұлы Абай мен Мұқтар Әуезов те қолданбаған (Абай тілі сөздігі. «Өнер» баспасы, Алматы,2011; Абай жолы. Роман-эпопея. Алматы, «Жазушы», 1990). Сонымен, «мейрамхана» бұрындары қолданылмаған сөз екені айқын.
«Ресторан» атауы қазақ төл сөзі емес, аудармасы болмағандықтан, ертеден сол қалпында қолданылған (Орысша-қазақша сөздік. Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы. Алматы-1978, 281 бет). Әлемде кең тараған бұл сөз француздың «қалыпына келтіру, жаңарту» деген түсініктен бастау алған (М.Фасмер.Этимологический словарь русского языка.Москва, АСТ,2004,474 бет).
Қазақтың 99 пайызы орысша білетіндіктен, «ресторан» сөзінің мән-мағынасын анықтау үшін, орыс сөздіктеріне көңіл бөлейік: «Ресторан,-а, м. Предприятие общественного питания, где можно заказать дорогие кушанья(осы сөз-түсінікке мән берсеңіз, кейінрек неге екенін аңғарасыз — автор Н.Садуақастегі), закуски, напитки, вина, а также помещение этого предприятия. Словарь русского языка, том 3. Москва, Издательство «Русский язык», 1983, стр.710 ; Ожегов С.И. Словарь русского языка. М., «Сов.энциклопедия»,1973, стр.625). Ресторанды орыс жұрты «злачное место» деп те атайды(Көпшілікке таныс түсініктеме бойынша: Выражение «злачное место» означает место, где происходит что-то нехорошее, плохое, аморальное. Фраза «злачное место», как правило, ассоциируется со словом кабак, вертеп, питейное заведение. «Злачное место» – место, где собирается и прожигает жизнь всякая пьянь… Иными словами злачное значит — пьяное место). Ресторандарда, шамасынан артық арақ-шарапты сіміріп алған, тоқтамға келмейтін кейбір пенделер жанжал шығарып, олары қып-қызыл төбелеске көшіп, тіпті оның соңы өлім-жітімге де соқтыратыны белгілі.
Сонымен, ресторандарда дәулетті және қалтасы қалың пенделерге қымбат бағалы тағамдар дайындалып, қымбат арақ- шараптар ұсынылатыны анық болып отыр. Сондықтан, қатарлары қалың, жалпы халықтың басым көпшілігін құрайтын қарапайым жұрт, күнделікті күндерін зорға көріп жүрген кедей-көпшік, жарлы-жақыбай, тіпті тұрмыс жағдайы орта деңгейдегі адамдар да ресторанның есігін ашып, табалдырығын аттамайтыны бесенеден белгілі. Мамлекетіміздің баюының ең тиімді көзі деп есептелетін өндіріс фабрикалары мен заводтар жоқтың қасы, бірақ елімізде не көп, мейрамханалар деп аталып жүрген ресторандар көп. Сонда халықтың нөпір көпшілігі онда аяқтарын баса алмаса, ол несімен мейрамхана? Қалың жұрттың қалталары көтермесе мейрамханаға қалай барып мейрамдайды? Осыған байланысты, «мейрам» сөзінің мән-мағынасын анықтайық: «МЕЙРАМ зат. Салтанатты той-думан, мереке.»(Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. «Ғылым» баспасы, Алматы-1983, 178 бет). Салтанатты той-думанға көбіне бүкіл халық жаппай қатысады: бұл Тәуелсіздік, Республика, Конституция, Қазақстан халықының бірлігі күндері болып есептеледі. Ал, бір ресторанға 500, тіпті мыңнан аса адам сыйды делік, сонда ондағы той-шараны ауыз толтырып мейрам деуге кімнің тілі барады?! «Мейрамхана»(орысшаға аударғанда-Место праздничного торжества) сөзін қолдану асырасілтеушілік, мақтаншақтық, бөспелік емес пе?! Мысалы, мынадай диалог болуы әбден мүмкін:Бір пенде екіншіге көз жасын көл қылып: -Әкем өмірден озып, аруағына арнап ас бергелі жатырмын, соған қатысуыңды өтінемін -дейді қимас досына. -Қайда өтетін еді? — «Пәленше» мейрамханасында». Сонда пенденің басына түскен ауыр қайғысы «мейрамханада» атала ма?! Ұят та масқара.
Ұлы Абай: « Мақтан қума, керек қу,/ Ойсыздарға, қосылма»; «Пайданы көрсең, бас ұрып,/ Мақтанды іздеп, қайғы алма./ Мініңді ұрлап жасырып,/ Майданға түспей бәйгі алма»- деп, терең ойларын ашық сыр етіп жұртқа ұсынған. Бұның біздің тақырыбымызға қатсы қандай? Қатысы тікелей. Ұлы Абай біздің ұрпаққа: Бітірмеген ісіңнің атымен емес, керсінше, тек халықтың игілігі мен пайдасына жарайтын елеулі, комақты да көлемді ісіңмен іштей ғана мақтан деп тұр. Мақтанышыңды сыртыңа білдірме, Ел мадақтасын, халық мақтасын, жұрт қолдасын…
Дүниежүзінің басым елдері мен мекендерінің бәрінде де біра-ақ атаумен аталатын ресторанды жөнсіз де мақтана «мейрамхана» деп ана тілімізге аударғанда, аяқ асты беделіміз көтеріліп, абыройымыз өсіпейді. Өкінішпен атап өтетін бір жәйт, сол қазақша «мейрамхана» деп аталған қымбат та әрқилы әшекейленген дәм түрлері мен сусын ұсынатын орындардың біреуінде де бырынғай ұлттық тағамдар дайындалып, ұсынылмайды. Сонда несіне мақтанамыз? Аты бар да заты жоқ «мейрамханаларға» ма? Мақтанатын ештеңе жоқ… Ұяламын да қынжыламын.
Сонымен, сөз түйіні – қалалар мен ауылдарымызда ресторан деп аталатын орындарды «мейрамхана» деп жөнсіз атаудан бас тарту керек. Ресторан — ресторан қалыпында аталып, бұрынғы мағынасында түсініліп, жазылып, қолданылғаны дұрыс. Мысалы, «Республика, Конституция» деген ардақты түсінік-сөздер кірме сөздер болса да, қазақ тліне аударылған жоқ қой. Қалалар мен аулдардың билік органдары ресторандардың маңдайшаларындағы «мейрамхана» деген жазуларды алғызып тастап, келешекте оны қайталауға жол бермеу керек. Ұсыныс осы, қолдауларыңызды өтінемін.

Нақыпбек Садуақастегі,
заңгер-құқықтанушы,
публицист