2019 жылғы 8-9 қазанда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті.
Сапар аясында Қазақстан мен Ресей сыртқы саяси ведомстволарының басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Тараптар саяси, экономикалық салалардағы, транзит-көліктік, энергетикалық, әскери-техникалық салалардағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады.
Өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті аспектілері, оның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Сирия бойынша келіссөздер процесі, Ауғанстандағы жағдай және т.б. мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған жоғары деңгейдегі екіжақты және көпжақты іс-шараларды дайындау мәселелеріне, оның ішінде Омбы қаласындағы Қазақстан мен Ресейдің алдағы XVI аймақаралық ынтымақтастық форумы, Бішкек қаласындағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі және т.б. іс-шараларға ерекше назар аударылды.
Қазақстан Ресеймен өзара іс-қимылды дәстүрлі түрде Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің айтуынша: «бұл сапар екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі нығайту және кеңейту жөніндегі қажырлы жұмысының жемісін көруге мүмкіндік берді».
Кездесу соңында тараптар елдеріміз арасындағы стратегиялық және одақтастық әріптестікті одан әрі нығайту мен кеңейтуге бейілділігін растады.
Ресей СІМ басшысын Нұр-Сұлтанға жасаған сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті К. Тоқаев қабылдады. Кездесуде екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мемлекет басшысын өткізілген келіссөздердің нәтижелері және Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын тереңдету жөніндегі одан әрі жүргізілетін жұмыс туралы хабардар етті.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі