Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Осы отбасының жиынтығынан әулет, ұлыс, ру, одан әрі ұлт қалыптасып, әлемдік өлшем бірлік деңгейінде мемлекеттіліктің іргетасы қаланары анық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп белгіленді. Мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, жанұя ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау.
Қазақтың «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Қызым үйде, қылығы түзде», «Баланы ұл қылып тәрбиелесең ұл болады, құл қылып тәрбиелесең құл болады» деген өмірден түйген даналық өлшемдері, тәжірибемен келген ордалы ой тұжырымдары отбасынан басталатын тәлім мен тәрбиенің ақиқаттығын дәлелдейтіні сөзсіз. Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп өркендеуі де отбасынан басталады.
Бүгін жаһандық өзгерістер мен әлеуметтік әсерлер заманында отбасы құндылықтарын сақтап қалу, оның жастар санасындағы абырой-беделін арттыру, сол арқылы «жаңа әлеуметтік жаңғыру кезеңіне» бірлесе аяқ басу, бала тағдырына асқан жауапкершілікпен қарау – аса қажет қадамдардың бірі де бірегейі.
Нұр-Сұлтан қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ағымдық тәжірибесі бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуы әрі заңдылық, әрі қажеттілік екенін дәлелдеп отыр. Сотқа жүгінетін ата-аналар да, жасөспірім балалар да сол бір отбасылық дәстүрдің, рухани сабақтастықтың үзіле бастағанын әрі сыртқы ықпалдардың жастар санасында орнығып жатқанын көрсетуде.
Жаңа ғасыр талабы тәрбиеде кеткен ағаттықтың салдарын саралауға емес, қоғамдық орта ықпалымен қалыптасатын адами қасиеттерді ұлықтауға, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуға, ең бастысы, баланың қоғамдағы орнын түсіне отырып, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғауға бағытталуға тиіс. Отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім болады. Дала мен өзге орта ережелері басымдық алғанда, ата-ананың тәлімі азайып, абырой-беделі кеми бастайтыны шындық. Біз жастармен жастар тілінде диалогқа шыға отырып, заман міндеттеген қарым-қатынас платформасын таңдауымыз керек. Бүгінгі әлеуметтік желілер, қоғамдық институттар мен орталықтар тарих тағылымын, халық дәстүрін жастар санасына қолжетімді ерекше мазмұнда трансляциялауға дайын болса ғана, ұрпақтар арасында байланыс, яғни сабақтастық орнауы мүмкін. Бұл ретте отбасылық құндылықтарды әр елдің бірегей сипатымен тоғыстыратын тәрбие мектебінің ұстанымдарына жүгінген дұрыс. Кеше ғана көпшілік назарына тарту етілген «Томирис» те, алдында ғана рухымызды көтерген «Жау жүрек мың бала» да, әртүрлі тұлғалардың өмірбаяндық деректеріне негізделген бейнетүсірілімдер де баланың санасына, ересектер қабылдауына әсер етпей қоймайды, өйткені бұл өнер туындылары адамзат баласына ең қымбат қазына-байлығын, жүрегінің түкпірінде жатқан бойтұмарын тарихпен байланыстыра, өнегеге толы эмоционалды реңкпен көрермен назарына ұсына біледі. Құрғақ сөзбен ғана емес, рационалды ұрпақ санасына нақты дәлелдермен жол тарту – ХХІ ғасыр өзектеген мәселе. Бала естігеніне емес, көргеніне, байқағанына көбірек сенеді, сондықтан қасында жүрген ата-анасы мен бауырлары – оның үлгі тұтар іргесі де, сенім артар тұғыры да. Біз отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау арқылы ғана мемлекеттің болашағына зор үмітпен қарай аламыз. Бұл бағытта соттар әкімшілік орындарымен, мектептермен, жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Сот қарауына түскен істер, шынайы өмір оқиғалары бала қауіпсіздігіне, оның құқықтық сауаттылығына жұмыс істеген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық санын азайтуға болар. Соттар психологтармен, полиция қызметкерлерімен, медиаторлармен бірлесе бала құқығына қатысты мүдде ортақтығын ұстанған кезде ғана мәселенің түп төркіні өз шешімін табады деген ойдамыз.
Өкінішке орай, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары ескерусіз қалып, жанұядағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмендеп бара жатқаны – ащы да болса ақиқат. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың, ата-аналық құқықтан айырылған адамдардың, алимент төлеуден жалтарған әкелердің кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жетуін, ата-аналардың баласымен араласу тәртібін анықтауда, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуде туындайтын даулардың көбеюін келтіруге болады.
Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл – жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. 2018 жылдың 9 айлық мәліметтеріне сүйенсек, қала бойынша ата-анасын ата-аналық құқығынан айыру туралы 195 іс қаралса, 2019 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 188 істі құрады. Алимент көлемін азайту бойынша қаралған істер саны 133-тен 153-ке көбейді, ал әкелікті анықтау мен алиментті өндіру туралы істер өткен жылы 118 іс болса, биыл 102 істі құрады. Бұл тізімді бала асырап алу немесе асырап алудың күшін жою, ата-аналық құқығын шектеу сияқты істердің санаттарымен жалғастыруға болады. Жалпы аталған кезеңдерде қаралған істер саны 748-ден 767-ге артып отыр.
Ерлі-зайыптылардың ажырасу себептері неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 19-бабының 2-тармағына сәйкес анықталады. Статистика көрсеткендей, Қазақстанда көбінесе ажырасудың негізгі себептерін:
Өзара түсіністік, байланыс және терең қарым-қатынастың болмауы.
Зорлық-зомбылықтың орын алуы.
Өзімшілдік.
Өз қателіктерін мойындауға қабілетсіздігі.
Ерлі-зайыптылардың біреуінде отбасылық құндылықтардың болмауы.
Әлеуметтік-экономикалық проблемалардың орын алуы
Діни көзқарастың қайшылығы сияқты мәселелер анықтап
отыр, сол арқылы отбасының емес, кейде адамдардың жеке басының мүдделері алға шығып жатады. Неке ерлі-зайыптылардың бір-біріне, балаларына және жаңадан пайда болған туыстарына қатысты белгілі бір құқықтар мен міндеттерді жүктейтін отбасын құру мақсатында ресми тіркелген, еркек пен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы десек, нәтижесінде құрылатын отбасы мемлекеттің басты құндылығы, қоғамның аса маңызды бірлігі болып табылады.
Бүгін жаһандық тенденция ретінде неке институтының құнсыздануы және әлеуметтік отбасылық құндылықтардың өзгеруі, ажырасудың себептері мен салдарын жан-жақты талдауды талап етеді. Ажырасу рәсімі кезінде сотта шешілуі қажет құқықтық мәселелерді топтарға бөлуге болады: балаларға қатысты шешімдер; тұрғын үй мәселелері; мүлік проблемалары. Отбасы бұзылған кезде әрдайым балалар зардап шегеді. Ата-аналардың ажырасуына, сот ісін жүргізуге және әке мен шешенің ажырасуына әкелген проблемалар бірінші кезекте баланың психикасы мен мүдделеріне әсер етеді, сондықтан ресми неке институтын түбегейлі жаңарту қажеттілігі туындайды. Мәселе отбасылық қатынастардың, неке мен ажырасудың құқықтық және құқықтық нормаларына қатысты. Бүгін отбасына деген қоғамдық пікірдің өзгеруіне қол жеткізу керек. Мәселені шешуге заңгерлермен қатар, психологтар, тәрбиешілер, БАҚ қызметкерлері мен дін қызметкерлері ат салысуы қажет.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Қайта әлемдегі ең дамыған сегіз елдің қатарына ене отырып, өз салты мен дәстүрін, рухани құндылықтарын, отбасындағы мәдениетін сақтап отырған Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерге назар аударғанымыз жөн болар. Көршілес Өзбекстанда некенің бұзылу деңгейі 10%-дан аспайды.
Демек, біз де өзімізің дәстүрімізді жаңғырта отырып, жаңа заман үрдісін таразыға салып қабылдауымыз керек. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Баланың тағдыры анаға тікелей байланысты. Жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының «Ер жігіт ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай» деген қанатты сөзінің жастар үшін тәрбиелік мәні де зор. Осы тұста «Босағаң алтындалған болсадағы Перзент сүймей адамның мейірі қанбас» — деген даналық ойға оралады. Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалар үйіндегі 69-дан астам сәбидің 11-нің ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 12-сі тастанды балалар, 22-сі уақытша орналастырылғандар, 2-еуі — жетім балалар. Былтыр кемшін балалардың 4-еуі отбасына берілді. Бала асырап алатын азаматтардың және басқа отбасына баратын балалардың құқықтарын күшейту мақсатында (биыл сәуір айында) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл бастаманың бала асырап алу ісіне оң өзгерістер әкелгені сөзсіз. Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Саламатты отбасы», «Мерейлі отбасы», «Толық отбасы», «Ана мен бала», «Отбасының қолынан бәрі келеді» атты әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Олардың да басты мақсаты – өнегелі отбасы моделіне сүйене отырып, отбасы құндылықтарын сақтау.
Сөзімізді қорыта келе, баланың тағдыры да, құқығының қорғалуы да отбасынан басталатынын ұмытпаған жөн.
Әлқожаев Қ.Қ.
Нұр-Сұлтан қаласының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының төрағасы