Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауда маңызды міндеттердің бірі ретінде халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыруды атап өтті.
Бүгінде республика соттары ашықтық пен қолжетімділік қағидаты негізінде халықпен кері байланыстың тиімді құралдары — инновациялық технологияларды қолдану арқылы жұмыс жасап жатыр.
Ақпараттық технологиялардың дамуы орталықтанған бірегей жүйемен жұмыс жасап, сот өндірісімен байланысты қызмет түрлеріне қолжетімділікті арттырып отыр. Жалпы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың адам өміріне, тыныс-тіршілігіне қажеттілігі заман талабы. Өткен уақытта тараптар қажетті ақпараттар мен анықтамалық құжаттарға қол жеткізу үшін бірқатар сатылардан өту керек болса, бүгін бұл қағазбастылықтан арылып, электронды құжат айналымға қол жеткіздік.
IT-технологиялар сот өндірісінің ұтқырлығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың уақыты мен қаражатының үнемделуіне септігін тигізеді.
Көпшілік қауымға мәлім, сот жүйесіне енгізілген озық технологиялардың бірі ретінде «Сот кабинеті» ақпараттық қызмет көрсету түрі танылады.
Сервис халықтың уақытын үнемдей отырып, ғаламтор көзіне қосылған әлемнің кез-келген нүктесінен сотқа онлайн жүгінуімен тиімді болып отыр. Аталмыш сервис сот органдарының «Төрелік» ақпараттық сервисімен тікелей шоғырландырылған. «Төрелік» өз кезегінде сот органдарының автоматты ақпараттық жүйесі болып табылады. Судья «Төрелік» жүйесі арқылы сот актілеріне электронды санды қолтаңбасын қойған жағдайда сот шешімдері «Сот кабинеті» сервисіне бірден жүктеледі. Сервис қолданушылары іс бойынша сот өндірісін бақылап, электронды сот актілерімен танысып, оларға шағым түсіре алады, басқа да өтініш-талаптар ұсынып, өзіне іс бойынша қажетті барлық мәліметтерден хабардар болады. Бүгінгі таңда «Сот кабинеті» сервисіне сот отырыстарының аудио-бейне таспаларын алу қызметі де қосылды.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы соттарға «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі арқылы 6191 электронды өтініш, шағымдар келіп түсті. Ал 2018 жылы электронды өтініш саны 4824-ті құрады. Электронды құжат айналымның жыл санап артуының өзі сот жүйесіне енгізілген инновациялық технологиялардың қарқынды жұмыс жасап жатқандығының және оның тиімділігінің көрінісі.
«SMART СОТ» жобасы аясында қызмет көрсететін, сот процесіне қашықтықтан ұялы телефон арқылы қосылуға мүмкіндік беретін «TrueConf» мобильді қосымшасының жұмысы жайлы да айтып өтпеске болмас. Елорда соттары 2019 жылы «TrueConf» мобильді қосымшасы арқылы 1 665 істі басқа аймақтағы соттарға қосылу арқылы қараған. Ал 791 іс мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қаралған.
2019 жылы бейнеконференцбайланыс арқылы Қылмыстық – атқару жүйесі комитетінің мекемелерімен 579 сот отырыстары өткізілді. Адам факторымен байланысты көптеген жағдайда, сот отырыстарын созбалаңға салмай, уақытылы қарау мүмкіндігін беретін бейнеконференцбайланыс жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Бұл тергеу изоляторы мен бас бостандығын айыру орындарында отырған сотталушылар мен сотталғандарды сот ғимаратына әкелмей, қашықтықтан сот отырысын өткізудің таптырмас оңтайлы құралына айналды.
Заманауи технологиялар жайлы сөз қозғасақ, сот өндірісі бойынша туындаған сұрақтарға жедел жауаптар алуды қамтитын «Digital Agent» (Цифрлық агент) мобильді қосымшасын ұмытпаған абзал. Бұл өз кезегінде халықпен кері байланыс орнатудың тағы бір құралы іспеттес.
Халықтың басым көпшілігі қолданатын әлеуметтік желінің бірі «Facebook». Әрине, желіде сот беделіне кері әсер ететін, шындықпен жанаспайтын әр қилы алыпқашпа ақпардың жариялануы да жиі кездеседі. Дей тұрғанымен, бұл коммуникациялық алаң халықпен тиімді кері байланыс орнатумен қатар, сот жүйесінің дамуына серпіліс береді.
2019 жылы «Facebook» әлеуметтік желі арқылы сот өндірісіне қатысты 343 өтініш түсті. Барлық өтініш-шағымдарға шұғыл түрде жауаптар, түсіндірмелер берілді. Бұл бағыттағы жұмыс қарқыны да халықтың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына, сондай-ақ олардың мұң-мұқтажымен байланысты мәселелерінің жедел қарастырылуға өз үлесін қосып отыр.
Сот саласындағы тың реформалар сот жүйесінің серпінді дамуына, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттерінің қатарына кіруіне мүмкіндік берері сөзсіз.
Баянова Б.
Нұр-Сұлтан қаласы
сотының ақпараттық
қамтамасыз ету бөлімінің басшысы