Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.
Мағжан Жұмабаев
Тәрбие дегеніміз — тәрбиеленушілерді белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы.
Орыс жазушысы, публицист, философ Лев Толстойдың осы сөзінің астарында үлкен мән жатыр.
Бұтақты көшет кезінен қалай отырғызсаң, оның тура сол қалпында талға айналатыны секілді, бұл орайда баланы жастайынан дұрыс тәрбиелеудің мәні жайында сөз етпекпін.
Бесікке баулудан бастап, оқу, білім алу, ғылым іздену, мамандық игеру, қызмет ету, отбасын құрып, ұрпақ жалғастыру секілді өмірлік қағидаттар өмірлік тәрбие және адамдық борыш болып табылады. Ал осы тәрбиені баланың бойына сіңдіру, дарыту, беру – әрбір ата-ананың міндеті.
Ешкімнің ала жібін аттатпау, қырық үйден тыю деген секілді қазақтың дәстүрге айналған тәрбиелік ғұрыптары қазақы болмыс пен қасиетті ұлықтаумен қатар, құқықтық тәрбиені де дәріптейді. Ал енді бұл орайда, бастысы, осыншама тәрбиенің көптеген тетіктерін ата-ана балаға қалай үйретуде, беруде, сонысы ойландырады.
Әрбір ата-ана баласының құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету тұрғысында олардың оқып, білім алып, толыққанды жетілуіне, өмірлік қажеттіліктердің бәрімен қамтылуына жағдай жасау керек. Бұл деген сөз — ата-ана алдында құқық пен міндет тұрғанын білдіреді.
Қазіргі таңда бала тәрбиесі қоғам назарында, ал бірақ сол бала тәрбиесіне ата-ана тарапынан көңілдің бөлінуі ақсауда десек қате айтпаған болармыз. Себебі, тірлшілікте балалар тарапынанан орын алып жатқан қоғамдық кілтипандардың, құқық бұзушылықтардың, жат әрекеттердің бәрі ата-ана тарапынан оларға тәрбиенің дұрыс берілмей жатқандығының салдары.
Баланы тәрбиелеуде ата-ананың өзінің не біліп, не істейтіні маңызды-ақ. Бірақ оның ықпалымен баланың не біліп, не істейтіні одан да маңыздырақ. Тәрбиелеу осымен бағаланады.
Ал енді, тәрбие саласын құқықтық тұрғыдан дәріптейік.
Жөнді тәрбие марапатқа, жөнсіз тәрбие алапатқа жетелейді. Бұл деген сөз, әрбір баланың дұрыс тәрбиеленіп, түзу жолмен өсіп-жетілуі олардың өзіне де жан-жағына жақсылық әкеледі, ал бұрыс мінез-құлықпен қалыптасқан баланың жаман әдеттер мен жат қылықтарға бейім болып, құқық бұзушылықтарға жол береді дегенді білдіреді. Әрбір құқық бұзушылық, жат қылық үшін жауапкершілік пен жазаның бары айдан анық.
Қазақстан Рсепубликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан ары – ӘҚтК) «Кәмелетке толмағанның құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» деп аталатын 12-тарау бар. Сол тарауға кіретін 127-бапта 1-бөлігінде «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамау» үшін ата-анаға не өзге де заңды өкіліне 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салу, ал 2-бөлікте осы әрекет бір жыл ішінде қайталанғаны үшін 15 АЕК немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жауапкершіліктер көзделген.
Баланың мектепке бармай, білім алудан жалтарып, сабақтан себепсіз қалуы, қайыршылықпен айналысуы, үйден қашып қонбауы, қылмыстық жолға ұрынуы, үйде ата-анасына, білім ошағында мұғалімдер мен тәрбиелшілерге бағынбауы, девиантты мінез-құлыққа бейімделуі секілді әрекеттер, жалпы кәмелетке толмаған бала жасаған кез-келген құқық бұзушылықтар үшін оның өзіне емес, ата-анасына жауапкершілік жүктеледі, яғни осының бәрі үшін ата-ана жауапты болады. Себебі, «кәмелет» деген сөздің өзі ақыл-есі толысып, санасы толық жетілмеген, дамымаған деген ұғымды білдіреді. Демек, олардың істеген жат қылықтары өздерінің түйсігіне емес, оның дұрыс өсіп-жетілу прогресінде ата-ананың оған беріп жатқан тәрбиесіне байланысты орын алып жатқан жағдайлар болып саналады. Ал бұл фактілердің барлығы — ата-ананың бала алдындағы құқықтары мен міндеттері және соларды дұрыс атқармау деген түсінікті айқындайды.
ӘҚтК-тің 127-бабы бойынша әкімшілік жаза биылғы жылы 10 АЕК-ке өзгертілді, яғни айыппұл мөлшері өсті, бұрынғы заң талабында 3 АЕК көзделген болатын. Яғни, жауапкершілік қатаңданды деген сөз. Бұлай болуының себебі — неғұрлым қатаң жаза көзделген сайын жауапкершіліктің жүйелі болу керектігін ата-ананың сезінуге тиіс екендігінде. Яғни, тәрбиенің жөні бір бөлек те, жолы бір бөлек екенін түсінуде.
Ата-ана баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн. Анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшін әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек.
ӘҚтК-те тек бір осы ғана кәмелетке толмағандардың құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық бойынша бап көзделмеген. 684-баптың талаптарына сәйкес 435, 436 (үшінші бөлiгiнде), 438 (үшінші бөлігінде), 440 (үшінші бөлігінде), 442 (үшінші бөлігінде), 448-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар, сонымен қатар, 127, 127-1, 128, 129, 130, 131, 133, 134, 135, 430 (екiншi бөлiгiнде), 663-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар да бар және бұлардың бәрі бойынша әкімшілік істерді кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сот қарайды.
Енді, статистика жағынан мәліметтер легіне де бір көз жүгіртетін болсақ, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісінде ағымдағы 2020 жылдың 5 айында кәмелетке толмағандарға қатысты 142 әкімшілік іс қаралған. Оның ішінде 114 іс бойынша әкімшілік жаза түрі — айыппұл салынған, 28 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Қаралған істердің басым көпшілігі жоғарыда ерекше тоқтылып кеткен 127-бап бойынша, яғни ата-аналардың кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қаралған істер. Былтырғы жылдың 5 айында 127-бап бойынша тек 4 қана іс сотқа түссе, биылғы жылда олардың саны 78-ге жеткен. Осыдан-ақ өздеріңіз тұжырым жасай беріңіздер. Сан көп, сапа жоқ деген сөз. Яғни тәрбиелеудің сапасыздығынан, құқықтар мен міндеттердің орындалмай жатқандығынан жауапқа тартылу көп.
Анаммен (әкеммен) бірге тұрғым келмейді, мінездеріміз жараспайды, ішімдік ішеді, үйден қуады, ұрып-соғады, міне, осындай пікірдегі балаларды істі қарап зерделеу кезінде көп кездестіреміз. Бұдан кейін баланың өмірге деген құштарлығы қайдан болсын, әрине, басы ауған жаққа кетіп, ойына келгенін істеуге әдеттенеді. Сондықтан да қазақ «баланы тәрбиелемес бұрын алдымен өзің тәрбиеленген болуың керек» деп бекер айтпаған.
«Қызды ұрған – жүдететінін, ұлды ұрған – түзететінін» аражіктей алуымыз керек. Қызды қалай, ұлды қалай тәрбиелеудің жөні мен жолын білуіміз керек. Ата-ана өзі жақсы болмаса, жақсы тәрбие бере алмаса, міндетін дұрыс атқара алмаса, «алдыңғы арба қайда барса, соңғысы да сонда баратыны» белгілі.
Балаға берілген дұрыс тәрбие – бұл бақытты кәрілік, қате тәрбие – біздің келешектегі сорымыз, біздің көз жасымыз.
Бала тәрбиесіне бей-жай қарамас үшін ең алдымен жауапкершілікті сезіне алған және міндеттерімізді білетін жақсы ата-ана болуды үйренуіміз қажет.
Жақсы отбасында жазалау деген атымен болмайды. Ал бұл – отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы.
А.Бексұлтанова
Жамбыл облысының кәмелетке
толмағандардың iстерi жөнiндегi
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы