Мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру елінің болашағын ойлайтын әрбір Қазақстан азаматының парызы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал Тіл туралы Заңының 4-бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп нақты атап көрсетілген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екені айқын.
Мемлекеттік органдардың барлығы да мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықарлық беделін нығайтуға міндетті. Мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету, құқық қорғау немесе сот саласында қызмет істеу мүмкін емес. Бүгінгі таңда сот істерін қарауда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мемлекеттік маңызы бар айрықша міндет болып табылады.
Сотқа жүгінетін адамдардың дені қазақ бола тұра, олардың сотқа түсірген арыз-шағымдарының көпшілігі орыс тілінде жазылады. Қазақ тілін жетік білсе де заңды білмегендіктен және заң кеңесі орыс тілінде берілгендіктен талап арыз да орыс тілінде түседі. Ал процессуалдық заң талаптарына сәйкес сот істі талап-арыз қай тілде берілсе, сол тілде қарауы тиіс. Сот талап-арызды сотқа тапсырған адам сотта орыс тілін жете білмегендіктен сот отырысының мемлекеттік тілде өтуін сұрайды. Заңда сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіле-ді деп көрсетілгендіктен сот процесінде тараптардың біреуі ғана қазақ тілін білмеген жағдайда аудармашы қатыстырып, сот мәжілісін мемлекеттік тілде жүргізген дұрыс. Қайткен күнде де сот ісінде мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтуді қажет етеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде Ақжайық ауданының № 2 аудандық сотында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Айтар болсақ, сот ісін жүргізу, сонымен қатар, іс қағаздарын да ана тілімізде жүргізуге жіті талап қойылды. Сот мамандарының барлығы да мемлекеттік тілді толық игеріп, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуде.
Біз тіл – бүкіл бақытымыздың, өзге ұлт өкілдерімен бірлікте болып, еңбегімізді еселеудің және мемлекетіміздің әлемдегі беделін одан әрі нығайтудың кілті екенін ұғынуымыз керек.
Жаманова А.
БҚО, Ақжайық ауданының
№2 аудандық соты
кеңсесінің меңгерушісі