Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жаза тағайындаудағы өзекті мәселелер

Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып, дамыған елдер қатарында терезесін теңестіруге күш салып келе жатырғанын көзбен көріп отырмыз. Егемен еліміздің еркін ұрпағының тәуелсіз мемлекетте бейбіт ғұмыр кешуі тарих қойнауына енген бабалар арманы бүгінде орындалып отырған заманда елдігіміз бен ерлігімізді мақтан тұтып, құқықтық мемлекетті қалыптастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Осы тұрғыда мемлекеттік билікпен біршама жұмыс атқарылғанмен, атқарылатын жұмыс аз емес.
Президентіміздің «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жодауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Сондай-ақ заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерге тергеу саласында орын жоқ.»- деп нақты атап көрсеткен. Жалпы дамыған елдердің тарихына көз жүгіртер болсақ, олардың барлығында дерлік сыбайлас жемқорлық дамушы кезінде орын алған. Бұнымен тек билік емес әрбір азамат күрессе сыбайлас жемқорлықтың жолы кесілері сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жаза тағайындау қазірдің өзінде қоғамның талқысында жүрген мәселе. Дегенмен, әрбір қылмыстық істің өзіндік жекелігі мен ерекшелігі қылмысқа бару жолдары жаза тағайындалған кезде «жеті өлшеніп, бір қиылады». Сыбайлас жемқорлық қылмысында жәбірленген адамға моральдық тұрғыдан кемсітушілік болмаса да бұл қылмыс қоғамның дертіне айналған қылмыс екені баршаға аян. Бүгін зардабын сезбегенмен, ертеңгі күні сол «көз қысты, бармақ бастының» залалы еліміздің өркендеуіне ғылым мен білімнің дамуына да, тіпті қай саланы болса да кенделетуі мүмкін. Аталған қылмысқа жаза тағайындау кезінде удьяның ішкі сенімі мен заңды басшылыққа алғанымен заңның олқы тұстары да аз емес. Сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жазасында еселенген айыппұл мен бас бостандығынан айыру жазасы ерекше көзделген.
Оқырманға түсінікті болу үшін тоқтала кетсек, ҚР ҚК-нің 3 бабының 29 тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстар дегеніміз осы Кодекстің 189 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 190 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 218 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 234 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 249 (үшінші бөлігінің 2) тармағында), 361, 362 (төртінші бөлігінің 3) тармағында), 364, 365, 366, 367, 368, 369, 370, 450, 451 (екінші бөлігінің 2) тармағында) және 452-баптарында көзделген іс-әрекеттер танылады.
Сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жаза тағайындауда өзекті мәселелеріне тоқталар болсақ, аталған қылмыстарға тағайындалған еселенген айыппұлдарға сотталғандардың айыппұлдан жалтарған жағдайда, бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған кезде ҚР ҚК-нің 41 бабы 6 бөлігі 3 тармағындағы ауыр қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылады деген қағида басшылыққа алынады.
Алайда, ҚР ҚК-нің 6 бөлігінің 4 тармағында еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылады деген заң нормасын қолдану әрекетсіз болып, тәжірибеде айыппұлға сотталғандардың төлеуден жалтарған жағдайда бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылуы көрсетілген жазадан төмен болуы көп орын алады. Сонымен қатар, қылмыс жасаған күндегі айлық есептік көрсеткішпен есептегенде жазасының ауысуы тіптен төмендейді. Осы негізде Қазақстан республика соттарында сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша тағайындалған еселенген айыппұлдарға сотталғандардың жазасын бас бостандығынан айыру кезінде жаза әділдігін екере отырып, ақылға қонымды жаза тағайындау формуласын енгізуді қажет деп санаймын. Мысалы, «Б» деген азамат 2019 жылы 200 000 теңге пара алғаны үшін сот үкімімен ҚР ҚК-нің 366 бабы 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 50 еселенген айыппұл яғни 10 000 000 теңге айыппұл салынған, оның 3000 000 теңгесін төлеп қалған бөлігін төлей алмайтын жағдайда, оның қалған жаза ретіндегі 7000 000 теңгесі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылады. Осы негізде оның қылмыс жасаған жылындағы 4 айлық есептік көрсеткіш қолданылады. Бұл негізде ол 2019 жылы қылмыс жасаса яғни сол жылғы бір айлық көрсеткіш 2525 теңге. Осы негізде формуласын алар болсақ, 2525*4 =10100 теңге. Осы шыққан соманы 7000 000 теңгеге бөлгенде 693 құрайды. Бұл 1 жыл 11 ай 7 күн бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуға жатады деген тұжырымды береді. Ал ҚР ҚК-нің 366 бабы 2 бөлігі 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын көздеген. Егерде бұл адам өзіне салынған 10 000 000 теңге айыппұлды толығымен төлемеген жағдайда, бас бостандығынан ауыстырған кезде де бұның жазасы 2 жыл 8 ай 29 күнді құрайды. Оы негізде сот тәжірибесіне біркелкі тәжірибе енгізіп, 50 еселенген айыппұл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған кезде 3 жылдан кем болмауды негізге алу керек. Өйткені, айыппұлдың қатаң жазаға ауысқан кезде аз тағайындалатынын білген қылмыскер айыппұлдан жалтарып жаза мөлшерінен төмен жазаға ауыстыруды жазадан жалтару әдісіне айналдырған.
Бұл негізде ҚК-нің 6 бөлігінің 4 тармағында еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстыру қағидасын негізге алып, формуласын бекіту қажет. Осы жағдайда, айыппұлға сотталған адам айыппұл төлеуден жалтарса қатаң жазаға ауысқан жағдайда ауыр қылмыс бойынша ҚР ҚК-нің 55 бабы 2 бөлігіндегі жоғарғы жазаның 2/3 бөлігі не ҚР ҚК-нің 55 бабы 3 бөлігімен жеделдетілген жағдайда жоғарғы жазаның жартысы сақтала отырып, төленген сома шегерулі қажет. Жоғарыдағы мысалды алар болса, егер азамат «Б» ҚР ҚК-нің 366 бабы 2 бөлігімен ҚР ҚК-нің 55 бабы 2 бөлігімен ауырлататын мән-жайлар болмай сотталса, оған бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылғанда 4 жыл 8 айдан, егер ҚР ҚК-нің 55 бабы 3 бөлігімен процтік келісіммен не жеделдетілген сотқа дейінгі іс жүргізумен түскен қылмыстық іспен сот үкімі шығарылса 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, төленген сомасы осы шектерден төмендетілу қажет. Бұл негізде елімізде сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша тағайындалған жазаларға қоғам пікірі бір қалыпқа келері сөзсіз деп санаймын.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске соңғы енгізілген өзгерістер бойынша да сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтардың үкімін орындау кезінде де олқылық орын алып отыр. ҚР ҚК-нің 62 бабына сәйкес үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты: қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеудің екі күні үшін бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылады. Аталған негізде сыбайлас жемқорлық өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша шығарылған сот үкімі күшіне енген соң, басқа бір қылмыс бойынша тергеу жүргізілгенде, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны өтеп жүрген адам қайтадан тергеу изоляторына ауыстырылып, «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу нәтижесіз болып тергелген істі қысқарту туралы қаулы шығарылып, қайта бірнеше уақыттан соң, жазасын өтеуге жолданады. Алайда сот үкімі шығарылып, заңды күшіне енбегендіктен, ол тұлғаның тергеу изоляторында отырған күнін жаза өтеу мерзіміне бір күнін екі күн есебімен есептеу заң талабында көрсетілмеген. Қылмыстық заң бұл олқылықтарды жете зерделеп көрсетпеген. Аталған негізде қылмыстық кодекстің аталған олқылықтарына ақылға сиымды өзгеріс жасап, адам құқығының шектемеуіне жағдай жасау уақыт күттірмейтін мәселе.
«Ел болам десең бесігіңді түзе» — деп дана халқымыз бекер айтпаған, құқықтық мемлекет болуға бағдар алған жас мемлекетімізде адам құқығын аяқ асты етуге жол бермеу сот биілігінің басты мақсаты. Кемшілікті жөндеп, келешекке көз тігу жас мемлекетіміздің дамуына үлес қосу баршаның ел алдындағы мақсаты екенін ұмытпайық ағайын.

Э. Атчибаева
Байқоңыр ауданының
№2 аудандық сотының судьясы