Ең бастысы азаматтардың сотқа деген үмітінің ақталуы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезден бастап өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде жариялады. Соған сай еліміздің нақты осындай болуы ең бірінші азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тәуелсіз сот билігіне тікелей байланысты болмақ. Мемлекет басшысының тұрақты қамқорлығы мен көреген саясатының арқасында және республика соттарының Елбасы тапсырмаларының үдесінен шыға білуінің нәтижесінде дамыған, жетілген тәуелсіз сот билігі қалыптасты.
Заңның үстем болуы барлық өркениетті елдердегі басты міндет. Еліміздегі сот билігінің алдына қойылған маңызды мемлекеттік-құқықтық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 1996 жылы «Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, судьялар қауымдастығының мүдделерін қорғауды және оларды іске асыру үшін ауқымды шараларды жүзеге асыру қолға алған болатын. Соның нәтижесінде 1996 жылы 19 желтоқсанда Елбасының қатысуымен Алматы қаласында судьялардың алғашқы съезі өтті. Онда сот жүйесіне қатысты көптеген мәселелер талқыланып, бағыт-бағдар жасалды. Осыдан соң әр төрт жыл сайын судьялар съезі тұрақты түрде өткізілетін болды. Әрбір өткізілген съезде сот реформаларын жүргізу, түрлі заңдар мен жарғылар қабылдау, тағайындаулар, тапсырмалар талқыланып, өткен жолдар сараланып, келешек міндеттер айқындалып отырды.
2016 жылдың қараша айында өткен судьялардың VІІ съезі – сот жүйесі үшін айтулы оқиға болып табылды. Съезде жаңа Судьялық әдеп кодексі қабылданып, сот төрелігін жүзеге асырушыларға қойылатын моралдық-әдеп нормалары жаңарды. Атап айтқанда съезд сот жүйесін одан әрі дамытуға тың серпін берді. Съезде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының іске асырылу барысы талқыланып, сот жүйесінің алдағы жылдардағы атқарылуы тиіс міндеттері белгіленді.
Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы, аңсап күткен Тәуелсіздіктің 25 жылдығында еліміздің дамуымен бірге қалыптасқан сот саласындағы жетістіктерді саралай келе, бастапқыда бізге көп нәрсе жетіспеді, сол кезде бізге жаңа заман талабына сай судьялық корпусты қайта оқыту, судьялардың жаңа буынын тәрбиелеу, әкімшілік-командалық ойлау стереотиптерін жою қажет болды. Ал бүгінде сол алдымызға қойған міндеттеріміз табысты түрде шешімін тапты деп айта аламыз. Қоғамда және мемлекетте соттардың абыройы, беделі мен ықпалы артып келеді. Бұрын соттар құқық қорғау жүйесінің бөлігі және жазалаушы саясаттың құралы болып келген болса, қазіргі уақытта сот – басты құқық қорғаушы институт бола бастады. Ширек ғасыр ішінде сот билігі «аяғынан тұрды» және реформалар барысында ең үздік деген шетел тәжірибесі мен ортақ әлемдік стандарттарды игеріп, жаңа сапалы келбетке ие болды. Өткен кезеңде сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында сот жұмысының негізі – жаңа құқықтық база қалыптастырылды, қажетті ұйымдастыру шаралары жүргізілді. Сот төрелігіне қолжетімділік деген маңызды мәселе табысты шешілуде» — деп атап көрсете келе, сот корпусының алдына соттардың ақпараттық ашықтығын, жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен арадағы жұмысты күшейту міндеттерін жүктеген болатын.
Биылғы өзінің кезекті жолдауын әлемдік пандемияға бірлесе қарсы тұрған, қиын сәттерде жұдырықтай жұмыла білген қазақстандықтарға алғыс айтудан бастаған Ел Президенті Қ.К.Тоқаев үшінші билік жұмысына да тоқталып өтті. «Құқықты мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады.Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы Сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізген жөн. Судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізілуге тиіс.Үміткердің қандай еңбегі арқылы жұмысқа қабылданғанын жұртшылық біліп отыруы керек. Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде. Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» — деп атап көрсетті.
Биылғы жылдың 10 маусымында мемлекет басшысы «ҚР соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңартылған кодекс барлық заманауи негізгі институттарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістерді енгізді.
Ақжайық ауданының №2 аудандық сотында соңғы жылдары сот істерін жүргізуде жаңа технологияларды пайдалану жұмыстары қарқынды түрде қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Жаңа электронды технологияларды енгізу сот арқылы қорғалуға қолжетімділік елеулі түрде жеңілдетіліп, оңтайландырылды. Қазіргі кезде талап арыздар да, сотқа келіп жатқан істер де 100 пайыз автоматты түрде қабылданып, «Төрелік» ақпараттық жүйесіне енгізіліп жатыр. Сотқа жүгінуші азаматтар бұрынғыдай сот табалдырығын тоздырмай, кез келген өзіне ыңғайлы уақытта интернет жүйесі арқылы өздерінің істерінің қандай сатыға келгенін, қарау тәртібін, азаматтық істер бойынша жүргізілген дыбыс-бейне жазбамен танысуға мүмкіндіктері бар. Іс бойынша дыбыс және бейне таспаның болуы да екі тараптың істі қайта қарауына мүмкіндік беріп, сотқа деген жағымсыз пікірдің болмауына тосқауыл қояры анық. Сот мәжілістеріне электронды шақырту мен хабарламаларды пайдалану жұмыстары да өз нәтижелерін беруде.
Бұрынғы заманнан қазақ жұрты билердің шешіміне, яғни олардың жұмыс-қызметіне, адамгершілік болмысына зор талаптар қойған. Қазіргі кезде де мемлекет атынан шешім қабылдап, сот төрелігін жүзеге асырушы судьяларға қойылатын талаптардың күшейтілуі уақыт талабымен үндескен қадам болып табылады. Сондықтан судьялардан қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өзінің қабілетімен ғана емес, жеке бастарының қадыр-қасиетімен де үлгі-өнеге көрсете білуі талап етіледі. Өз кезегінде судьялар қауымы да кезекті судьялар съезінен заман көшінен қалмайтын оң өзгерістерді күтері анық.

В.Ш.Адушева
БҚО, Ақжайық ауданының №2 аудандық сотының судьясы