Елім деп соққан әр қазақтың төл мерекесіне биыл 29 жыл! Жылдар бойы елінің қамы үшін, аянбай тердің ақталған күні!
Тәуелсіздік — тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл—ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.
Тәуелсіздік—біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет—Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді.Тұңғыш елбасымыз айтып өткендей «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік! Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын! Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол.
Кең — байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін».
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ—на кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көп—жақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның мемлекетік тәуелсіздігі туралы заң қабылданғаннан кейін ғана халқымыз өз мемлекеттігін, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге жігерлене құлшыныспен кірісті, елдің ішкі және сыртқы саясатын, өзіміз бұрын өмір сүрген қоғамнан түбірінен өзгеше жаңа, демократиялық қоғам құру принциптерін дербес айқындады. Әрине, ең алдымен бұрынғы жүйенің құлауының зардаптарын, әлеуметтік—экономикалақ күйреу мен дағдарысты бастан кешірдік. Соған қарамастан Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.
Біздің Республика этносаралық жанжалдарды қазір де, болашақта да болдырмауға болатынын бүкіл әлемге сенімді түрде дәлелдеді. Ұлтаралық түсіністіктің қазақстандық моделі қалыптасып, нәтижелі жұмыс жасап келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды.
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Тәуелсіздікке қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.
Түйіндей келе, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күні құтты болсын!
Губашев Нурлан Ербулатович
Орал қаласының
мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы