Биыл ата-бабаларымыз аңсаған қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.
Бұл 30 жыл еліміз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір десек те болады.
Ал тіл — тәуелсіздіктің тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Тіл мен егемендік егіз ұғым.
Тілсіз – тәуелсіздік, егемендісіз – тіл болмақ емес. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруде, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында біршама оңды істер атқарылғандығы, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны бәрімізге айдан анық.
Ал, осы жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен шаралар іс жүзінде жүзеге асу үшін еліміздің әрбір азаматы тілге құрмет көрсетіп, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында ат салысып, өз үлесін қосуы қажет. Әр мамандықтың иесі өз қызметінде мемелкеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсат ретінде білгенде, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту бойынша мәслеле баяғыда өзімен-өзі шешілер еді.
Сондықтан мемлекеттік тіл – ана тіліміздің сот саласында берік орнығуында, оның беделін көтеруде сот жүйесінде де көптеген жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында көрсетіліп кеткендей Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады.
Демек, жоғарыда көрсетіліп кеткен қолданыстағы нормаға сәйкес қылмыстық сот iсiн жүргiзу негізгі тілі — қазақ тілі.
Сондықтан, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды.
13 желтоқсан 1997 жылы жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданғанға дейін Қазақ КСР-інің Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 11-бабында: Қазақ КСР-інде қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ немесе орыс тілінде, немесе сол аймақтағы көпшілік тұратын тілде жүргiзiледi – деп көрсетілген болатын.
Яғни, бұдан шығаратын қортындымыз, қазақ тілінің — қылмыстық сот iсiн жүргiзу негізгі тілі ретінде танылуы тәуелсіздігіміздің арқасында.
Алайда, тәжіребиеге сүйенетін болсақ, сотқа келіп түсетін істердің ішінде мемлекеттік тілде аяқталған істер, барлық сотқа түсетін істердің аз үлесін құрайды.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотына 2019 жылы барлығы 855 қылмыстық іс түссе оның ішінде тек 127 іс мемлекеттік тілде аяқталып сотқа түскен, 2020 жылы барлығы сотқа 876 қылмыстық іс түссе, оның ішінде тек 93 қылмыстық іс мемлекеттік тілде аяқталып сотқа түскен, биыл түскен 694 қылмыстық істің ішінде тек 91 іс мемлекеттік тілде түскен.
Осы істер бойынша сотталушылар, ана тілдері — қазақ тілі емес өзге ұлт өкілдері, көп емес.
Азаматтық істерді қарайтын соттарға келетін болсақ Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.
Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс.
Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
Ал, қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің тілін таңдау тәртібі өзгеше.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіре отырып, таңдайды.
Көп жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган алғашқы тексеріс құжаттары орыс тілінде жиналғанына сілтеме жасай отырып, сот өндірісінің тілін мемелекеттік тілден орыс тіліне ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
Сонымен қатар, оқиға болған жерге шығатын жедел-тергеу топтары Заңға сәйкес кез-кезлген іс бойынша сот өндірісінің тілі ауыстырылғанға дейін, сот өндірісінің тілі — мемлекеттік тіл екеніне қарамастан тергеу әрекеттерінің хаттамаларын мемлекеттік емес тілде толтырады.
Күдікті тұлға анықталғанға дейін қылмыстық істегі барлық құжаттар мемлекеттік емес тілде жиналғандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына өзін бағынышты сезінетін күдікті тұлға амалдың жоғынан сот өндірісінің тілі ретінде мемлекеттік емес тілді таңдауға мәжбүр болады.
Қоғамда қазақ тіліне байланысты талап болмайынша, бұл мәселеде түбегейлі өзгеріс күту күрделі.
Сондықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бақылаушы орган – прокуратура тарапынан тіл мәселесі бақылауда болуы тиіс.
Соттармен, тергеп-тексеру органы тарапынан қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің тілі қағидалары бұзылған жағдайда міндетті түрде жеке қаулы шығару арқылы шара қолданылуы тиіс.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет.
Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Ана тіліміздің жұлдызын тек тұрмыста емес, кәсібімізде де биіктетуіміз керек.
Ибрагим Әлкенов
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының судьясы