Мемлекеттік тілде сот төрелегі

Қазіргі кезде көтеріліп жүрген мәселелердің бірі — қазақ тілін мемлекеттік деңгейде қоғамдық қатынастардың барлық саласында, оның ішінде мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізуде және т.б., мәртебесін көтеру.
Елбасы Н.Назарбаев «Мемлекеттік маңыздағы мәселе — мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл — бұл Отан бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп көрсеткен.
Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы бойынша, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
Сот төрелегін жүзеге асыруда сот ісінің тілі туралы қағидат қатаң сақталынады. Көбінесе, талап арыздардың орыс тілінде берілгеніне байланысты азаматтық істер осы тілде қаралады.
Статистикалық мәліметтер бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының өндірісіне 2021 жылы азаматтар мен заңды тұлғалардан барлығы 11303 талап арыз түссе, оның ішінде 514(5%) ғана қазақ тілінде берілген.
Яғни, сот төрелігін мемлекеттік тілде жүргізу өз мәртебесіне сай деп айтуға ерте.
Қазақ тілінде жүргізілген азаматтық істердің өзі көп жағдайларда аудармашының қатысуымен қаралады.
Сотта қазақтардың «мен қазақ тілін білмеймін, маған аудармашы қажет» деген үрдіске айналып бара жатыр.
Тіпті бірнеше жыл некеде тұрған қазақ ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы азаматтық іске де жауапкердің арызы бойынша аудармашы қатысқан кезде болған.
Немесе, жеке тұлға банктік қарыз шартын даулап, сотқа қазақ тілінде талап арыз береді.
Банк сотқа хат жолдайды «Өкіліміз(ұлты — қазақ) қазақша білмейді, іске аудармашы қатыссын» деп.
Өтініш орындалды.
Себебі, заң бойынша іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдар аудармашының қызметтерін тегін пайдалануға құқылы, оны сот қамтамасыз етуге тиіс.
Алайда, Банкте мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, сот процестеріне қатыса алатын бірде-бір заңгердің болмауы өкінішті жағдай.
Қазіргі кезде, сот төрелігін тек мемлекеттік тілге көшіріп, тек бір тілде жүргізу Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің заңды мүдделері мен халықаралық құқықтардың талабын бұзады.
Көп елдерде мемлекеттік тілмен қатар халықаралық тіл қолданылады.
Жер шарындағы шамаман 6000 тілдердің 40-ы ең көп таралған болып саналады, оның ішінде орыс тілі 7-ші орында.
Орыс тілі, тек ресми емес, сонымен қатар ол Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған 6 негізі халықаралық тілдердің бірі: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан.
Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінің қолданылуы заман талабына сай.
Алайда, ақын Қадыр Мырза Әли айтқандай, өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтейік.
Ана тілін білу — әрбір қазақтың парызы.

Қалжан Ермағанбетова
Нұр-Сұлтан қаласы
Есіл аудандық сотының
судьясы