Батырлардың күшімен, билердің даналығымен, хандардың ел басқару шеберлігімен сақталып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан қазақ жерінің өзге мемлекеттерге ұқсамайтын дара келбеті Тәуелсіздік туының желбіреуінен бастау алды. Ел тарихына көз жүгіртсек, XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар негізін қаланған Қазақ хандығы өз дамуы мен өрлеуі жолында талай оқиғалар мен қанды шайқастардың куәсі болды. Халық арасынан шыққан ерен тұлғалар биік арманға қол жеткізу мақсатында қолынан келгенін аямады. Рух пен намыс көтерген тарихи оқиғалар соның айқын айғағы бола алады.
«Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы» екенін айтқан Елбасы, сот жүйесінің де еркін жұмыс істеп, әділетті сот төрелігін жүзеге асыру үшін толыққанды жағдай жасап, өркениетті елдердің озық тәжірибесін меңгеруде барлық құқықтық-заңнамалық негізбен қолдау көрсетіп отырғаны анық. Тәуелсіздік таңымен бірге туындап, елмен бірге жасасып, бірге қалыптасып, бірге түлеген сот жүйесі бүгінде материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген, рухани жақтан жан-жақты қолдау тапқан орнықты құрылымға айналып, құқықтық мемлекетке лайықты өз мәртебесіне сай жұмыс жасауда.
Осы тұста ұлы Абайдың «Адам баласының жүректен аяулы жері бар ма?…», «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған сөйлемейді…», «Биік мансап – биік жартас, Қиялап ұшып — қыран да қонады, Бауырымен жорғалап — жылан да шығады!» — деген, даналық сөздері еріксіз ойға оралады. Демек, бүгінгі қазыларымыз шын мәнінде, рухани таза¬лықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегіне айналуға тиіс!» деген қағиданы мәңгілік ұранға айналдыру қажет.
Өзінің бағытын нақты ұстанған сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл әркімнің құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтiретiн немесе кез келген заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарына сот арқылы қорғауға кепілдік беретін орган, яғни болмыс-тіршілікте адамзат әділдік іздейтін, оның ақ-қарасын айқындайтын үлкен механизм. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігін туындатты.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам — ең дамыған қоғам…» деген аталы сөзі, сотқа деген маңызды мән беріліп отырғанын аңғартса керек.
Өткенге көз жүгірсек, «Дау мұраты — біту» деп «Төбе би» мәртебесіне қол жеткізген би-шешендеріміздің даңғыл жолы ерекше. Бұдан шығатыны, дау мұраты тараптарды бітістіру, олардың шиеленіскен мәселелерін бейбіт жолмен шешу болып табылады.
Мәңгілік Қазақстан… Ата – бабаларымыз көптен бері аңсап келген арманы болатын. Келесі күннен үмітті біздің бүкіл еліміз күтті. Бірақ абырой, байлық және түрлі жаңарулар өзімен – өзі келмейді. Оларға жету үшін еңбек пен ғылымға арқа сүйеу керек. Бұл екеуін қолданыла алатын халық асыл мұратқа жете алады. Тек сонда ғана елдің тұрғындарының өмір сүруі жақсарып, біздің елімізді әлем мойындайды.
Бабаларымыз: «Заң алдында “ Қара ” да бір, билік тұтқасындағы “Зор” да бір» – деп тегін айтпаса керек. Бұл дегеніміз – ешқандай орган, қанша жерден жоғары тұрса да, сот функцияларын өзіне ала алмайды яғни, сот ісіне араласуға, қысым жасауға немесе нұсқау беруге ешкімнің, ешқандай органның құқы жоқ деген сөз.
Қазақ халқы қандай бір қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, сот билігінің туын төмен түсірмеген халық.
«Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді» демекші, «мемлекетті мәңгі ел жасау үшін», онда өмір сүріп жатқан халықтың да әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Рухани кұндылықтары мен дәстүрлерін жоғалтқан жұрттың болашағы да жоғалады.
“Қазақстан” деген жалғыз сөздің қасиетін осы жерде туған, осы өлкеде өскен әрбір азамат сезінуі тиіс. Бұл сөз – біздің қанымыз бен жанымыздың үлкен бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі – біздің ата – бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырған баға жетпес байлығы, асыл мұрасы. Біз жаңа Тәуелсіздік заманда өз халқымыздың тарихын өзіміз жазып, жаңа егемендік ел, халық тұрғысынан бағалауға тиіспіз.
Қазақстан Республикасының сот жүйесін жан – жақты зерттеп, өткендегі тарихымызды бүгінгі жағдайымызбен салыстыра отырып, ертеңімізге деген көзқарасымызды білдіріп, өзімізше ой түйіндедік.
Қорыта келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі толағай табыстар шежіресі Тәуелсіздік жылнамасының маңызды бір бөлігі болып саналатыны ақиқат.
Н.Ғаниқызы
Нұр-Сұлтан қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман-
сот отырысының хатшысы