Үздік мемлекеттік қызметшінің ізімен…

«2018 жылғы Үздік мемлекеттік қызметші» Игенбаев Алмат Ердәулетұлы – «Астана» халықаралық қаржы орталығы Соты және халықаралық төрелік орталығы тіркеушісінің көмекшісімен жүргізілген сұхбат.

  • Алмат Ердәулетұлы, «2018 жылғы Үздік мемлекеттік қызметші» атануыңыздың құпиясы неде?
    Ережеде жазылған міндеттерді орындауда сол лауазымға бұрын тағайындалған қызметкердің күнделікті жұмыс тәртібін қайталағандай көрінгенмен, менің еңбек жолымның бірегейлігі өзіме еріксіз назар тартып, үздіктердің қатарын толықтыруыма толық негіз болды. Біріншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы дипломатиялық қызметім сол кездегі Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның батасын алумен ерекшеленіп, мемлекеттік қызметтегі жаңа жолдардың ашылуына тың серпін бергенімен есте қалды. Екіншіден, кешегі шетелдермен парламентаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытуда шыңдалған қабілетті қасиеттер, дінаралық келісімнің символына айналған Дүниежүзілік діндер съезін ұйымдастыруда жинаған тәжірибе бүгінгі жеңістерімнің басты себептерінің бірі. Үшіншіден, алыс Англияны жақындатып, ғылым атты теңіздің тереңдігін сезінердей сүңгіткен «Болашақ» бағдарламасының арқасында заң саласындағы өзекті зерттеулерімнің жағымды нәтижелерін елдегі сот саласының қазіргі реформаларымен ұштастырып отырмын. Осы ретте, менің үздік мемлекеттік қызметші атануымды растайтын үш дәйегімді қысқаша тарқатып берейін.
    Ең алдымен, біліктіліктің нағыз берік іргетасы БҰҰ-ның штаб пәтеріндегі ең жас дипломат ретінде 23 жасымда қаланды деп білемін. Әрбір жұмыс күні БҰҰ-ның мүше мемлекеттерінің өкілдерімен әрекеттесуден басталып, Елбасының прогрессивті идеяларынан бастау алатын ел ұстанымдарының қолдау табуын қамтамасыз ету мақсатындағы бірнеше кезеңдік келіссөздерді жүргізумен аяқталатын еді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне орай Астанаға жасаған сапарында бірге жүріп, Бас хатшының Елбасына білдірген алғысын, ынтымақ пен ырыс¬тың Отаны — Қазақстанға шынайы сүйіс¬пеншілігі мен жаңа белестегі абырой атағына ізгі құрметін сезіндім.
    Сонымен қатар, президенттік сайлаудағы жеңісімен ғана емес, өзіндік батылдығымен де дүниені дүр сілкіндірген АҚШ Президенті Барак Обаманың өмірімен байланысты мәліметтер мен оған қатысты менің пікірім, жас қазақ халқы үшін қызық шығар деген оймен жазылған “Мен таныған Обама” атты кітабыма арқау болды.
    Екіншіден, шетел парламенттерімен әріптестікті дамытуға қосқан өз үлесім аударылған хаттар мен ұйымдастырылған кездесулерден аспай қалғанымен, ел қалаулылары, Сенат депутаттарының қасында ілесіп жүріп, олардың жұмысын жеңілдетуге, халықаралық байланыстар саласында барынша қолғабыс көрсетуге ерінбей еткен еңбегім келесі белестерге жетеледі. Тіпті, Сенаттағы қызметте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен өткізілетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер форумының кезекті отырысын (VI съезд, 2012 жылғы 30-31 мамыр) дайындау мен өткізуге атсалысу кезінде бойымда хаттамалық-ұйымдастырушылық ептілікті ғана емес, ағылшын тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен ағылшын тіліне ілеспе аудару сияқты ерекше қабілетімді шарықтау шегіне жеткізді. Оған қоса, бейбіт өмірді дәріптейтін дінаралық келісімнің мазмұнын етене түсінуге, конфессияаралық диалогтың стратегиялық мәнін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Мұндай жұмыстар мемлекеттік басқару саласындағы маманның жанжақты қалыптасуына, мемлекеттің саяси тұғырын терең бойлауға игі ықпал етті.
    Үшіншіден, Лондон университетінде заң магистрі дәрежесін дәлелдеу үшін жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарымның екі тақырыбы Қазақстанның сот жүйесіндегі уақыт күттірмейтін мәселелер тізімінен табылды, яғни сот саласындағы цифрлық технологиялар және дауларды шешудің балама жолдарына (медиация) арналған еді. Әлемдік тәжірибені зерттей келе, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Қытай сияқты елдердің сот жүйесіндегі ұтымды жобаларына назар аударуды әріптестеріме ұсындым.
    Қорыта айтқанда, бойымнан табылған қадір-қасиеттер, түрлі лауазымдарда жүріп дамытқан қабілеттер, қасықтап жинаған тәжірибе мен дербес жетістіктерім үздік мемлекеттік қызметшінің атағына сай келіп, 2018 жылдың үздік мемлкеттік қызметшісі атандым. Бұл марапат пен мақтау, мен үшін атақ емес, ел игілігінің жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бірегейі деп білемін.
  • Алмат Ердәулетұлы, «2018 жылғы Үздік мемлекеттік қызметші» атағына ие болғаннан кейін Сіздің өміріңізде қандай өзгерістер орын алды?
    «2018 жылғы үздік мемлекеттік қызметші» атағына ие болғаннан кейін, менің мемлекетке қызмет етуге деген құштарлығым арта түсіп, мансап жолында елеулі жетістіктерге жете алдым. Адал еңбігімнің нәтижесі осы жеткен жетістіктерімнің жемісінен деп түсінемін. Қазір мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы Соты және халықаралық төрелік орталығы тіркеушісінің көмекшісімін.
  • Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «2019 жылғы Үздік мемлекеттік қызметші» байқауы жоспарланып отыр. Сіз өзіңіздің ізіңізді қуатын қатысушыларға не айтар едіңіз?
    Осы сәтті қолдана отырып, елімізде мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеретін осындай конкурстарды ұйымдастырып, оларды әділ өткізіп жатқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне алғысымды айтамын.
    Ал, «2019 жылғы үздік мемлекеттік қызметші» байқауына қатысушы үміткерлерге айтарым барлық күш жігерлеріңізді жинап, Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі атануларыңызға тілектеспін.

Сұхбат алған: ҚР Мемлекеттік
қызмет істері және іс-қимыл
агенттігінің Астана қаласы
департаментінің бас маманы,
Б.Нұрова