Егемендік декларациясы қабылданған 25 қазан ерекше тарихи маңызы бар оқиға ретінде бағаланып, ендігі уақытта Республика күні ретінде ұлықталады. Оның түпкі мәні – жаһанданған заманда елдіктің еңсесін тіктеп, ұлттық ерекшелікті, ұлттық болмыс-бітімді сақтай отыра, дамудың жолын саралау.
1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды.
Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді.
Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен ресми түрде мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілген болатын. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан — Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған болатын.
Былтырдан бастап елімізде 25 қазан — Республика күні ретінде қайтадан атап өтіледі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйекте өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында мәлімдеген болатын. Мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін айтқан Мемлекет басшысы бұл күнді Ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы Заңға қол қойды.
Яғни, 25 қазан күнін жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деген болатын.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» қабылданған құжатта мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бірақ бұл құжат еліміздің Кеңес Одағы құрамынан толық шығады дегенді білдірмеді, әйтсе де, декларация еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды.
Сондай-ақ, бұл құжатта Қазақ КСР-нің мемлекеттік
егемендігі жаряланып, еліміздің саяси құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы
айтылып, еліміздің аумағының тұтастығын, оған ешқандай қол сұғылмайтыны жөнінде
кеңінен баяндалған еді. Сонымен қатар қазақ халқының және қазақ елінде тұратын
түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениетін тілі мен дінін қадірлеу,
нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі болып бекітілді. Яғни, қазақ
жерінде тұратын басқа ұлт өкілдері, өзіміздің қазақ бауырламыз болсын олардың
өзара сыйластығы мен татулығы, бірлігі мен ынтымақтастығы болуын, бір тудың
астында өмір сүріп жатқандықтан ел ішіндегі ұлттар арасындағы татулық болуы
еліміздің басты мәселесі болып табылды. Өйткені татулық бар жерде тыныштық та
болатынын білеміз.
Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және
экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру
мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле
бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақстан
Республикасының негізі қаланды.
Егемендік
декларациясы – қазақ халқы ұлт болып, мемлекет болып тұрғанда барынша
ұлықталатын саяси құндылығымыз. Ұлттық идеяға айналған, еліміздің
тәуелсіздігіне құқықтық-заңнамалық негіз қалаған және бүгінгі саяси дамуымыздың
өзегін құраған құжаттың уақыт өткен сайын маңызы арта түсетіні айдан анық. Республика күні, 25
қазанда Қазақстанның мұқым халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі,
ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан
патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс.
Тәуелсіздік декларациясын жарияладық,
Конституциямызды қабылдадық, ұлттық стратегиялық мүдделерімізді анықтадық.
Сондықтан бұл құжаттың маңызын кетіруге болмайды.
Барша қазақстандықтарға Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел бірлігі мен тұтастығы сақталып, бай-қуатты бола берейік!
М.КенжалиевСот әкімшілігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы