Тіл тағдыры – ел тағдыры

Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек. Өйткені халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – халықтың жан, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Менің ана тілім – қасиетті қазақ тілі. Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады.
«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына»,-деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі өз ана тілінде сөйлеу оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік өлшемі болып табылады. Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.
Ана тілің- арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деп Қадыр Мырзалиев атамыз айтқандай, ана тілі – алтын қазына, ана тілін қадірлеу, беделін нығайту біздің парызымыз.

А.Т.Ишангалиева
Сырым аудандық сот
әкімшісінің бас маман

  • сот мәжілісінің хатшысы