Сот билігі – Ата Заңымызда бекітілген мемлекеттік биліктің негізін құрайтын үш биліктің бір тармағы. Ғылым мен техника қарыштап дамыған заман ағымына сай өркениетті елдерде қағазбастылықтан арылып, электронды сот өндірісне көшуде. Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастыққа, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болу мақсатында сот төрелігінің электронды жүйесінің сапалы дамуына үлкен мән берілуде. Бұл мақсатта көптеген реформалар қабылданып, сот жүйесін жетілдіру жұмыстары сәтті жүзеге асырылуда. Заманауи жетістіктер сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдетіп, оңтайландыруда және автоматтандыруда.
Күнделікті сот тәжірибесінде соттар ІТ-технологиялар мен ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастады. Жедел ақпарат алмасудың технологиясы дамыған шақта сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылып, ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін замануи жобалардың толықтай игілігін көріп отыр. Оған мысал, 2014 жылдың шілде айынан бастап электронды талап арыздарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы онлайн түрде беру жүйесі іске қосылды. 2016 жылдан бастап негізгі жүйе ретінде «Төрелік» жүйесі қолданылып келеді. «Төрелік» жүйесі басқа да мемлекеттік мекемелермен интеграцияланған, ол өзара мемлекеттік мекемелер арасында электронды түрде хат алмасуына мүмкіндік береді. Сот кабинеті – бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе болып саналатын, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылады. Сервистің негізгі ерекшелігі азамат, оның өкілі кез-келген ыңғайлы уақытта, үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ ғаламтор желісі арқылы сот құжатын жолдап, істегі мәртебесін қарай алады. Өз кезегінде «Сот кабинеті» жүйесін пайдалану соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтады, сот қызметкерлері мен азаматтардың жеке процесуалдық емес қатынастарын болдырмайды, жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алады. Ғаламторға қосылу мүмкіндігі жоқ азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды бұрыш ұйымдастырылған, келушілерге өкілетті операторлар «сот кабинеті» сервисін пайдалану ережелерін түсіндіріп, қажетті құжаттарды электронды түрде жіберуге көмек көрсетеді. Сондай-ақ «Сот кабинеті» веб-нұсқасымен «Сот кабинетінің мобильдік нұсқасы» қосымшасы жаңалықтар, істерді қарау тізімдері, тапсырылған құжаттар, хабарлаулар, сот процесі қатысушыларының күнтізбесі және қосымша сервистер түрлері үйлестірілген.
Республикамыздың соттары ақпараттық-сараптамалық жүйені тәжірибеге енгізді. Соттың және сот билігінің беделін нығайту, қоғамда соттың әділдігіне, бейтараптығына және тәуелсіздігіне сенімді орнықтыру және сот төрелігінің жариялылығы мен ашықтық қағидаларын іске асыру үшін сот процестерінде аудио-бейнежазба жүйелері қолданылуда. Жергілікті соттардың 100 пайызы аудио-бейнежазба жүйесімен жабдықталған. Қазіргі таңда сот отырысынтарында бейнеконференциялық байланыс арқылы азаматтар қай қалада болсын уақытын үнемдеп, тікелей байланысқа шығу мүмкіндігіне ие. Осыған орай істер жедел қаралып, қауіпсіздік тетіктері қамтамасыз етіліп, бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу жеңілдегенін айта кету керек.
2020 жылдың әлемдік апатқа айналған эпидемиологиялық жағдайға байланысты, бұл еліміздегі сот төрелігін жүзеге асырудың оңтайлы тәсілі болды. Қашықтықтан бейнеконференциялық байланыс арқылы сот процестеріне қатысу өз тиімділігін көрсетіп, істердің созылуына жол бермей, уақытылы шешім қабылдауына септігін тигізді. Соңғы алты ай ішінде 100 пайыз онлайн режимінде өткізілген сот процестері электронды сот төрелігін әрі қарай осы бағытта сапалы дамуына серпін берді.
А.Кожина
Ақтөбе гарнизоны әскери
соты Әкімшісінің басшысы